10 тамыз күні жылдағы дәстүрінен жаңылмаған Абай оқулары он сегізінші рет шымылдығын ашты. Абай мұрасына ден қойған жастар мен ақынға өлеңдерін арнаған оқушылардың кеші Халықаралық «Абай» қоры, Алматы қаласы Тілдерді дамыту, мұрағат және құжаттама басқармасы және Жазушылар одағының ұйымдастыруымен өтті. «Қазақта қара сөзге дес бермеген» ақын рухы мен ойлы жырларын қастерлеген жұрт жаңбырдың жаууына қарамастан, кеш соңына дейін тараған жоқ.
Абай оқуларында еліміздің Н.Алпамысқызы, Д.Байтұрсынұлы, С.Қамшыгер, Р.Сейілхан, К.Құныпияұлы, С.Сейтіман, А.Кәріпжанәулеті, Д.Құдайберген, Р.Дәбей сынды ақындары кеудесін жарып шыққан жыр маржанын төксе, Е.Рысқали, С.Нұрғазиндер Абай әндерін домбырамен шырқап, мектеп оқушылары ақын өлеңдерімен көрермен көңілін бір тебірентті. Кешке келген Абайдың ұрпағы – Касира Исраилқызы Ақылбай немересі де ыстық лебізін білдірді.
Мамай АХЕТ, Алматы қаласы Тілдерді дамыту, мұрағат және құжаттама басқармасының бастығы:
– Өзімізге сыртымыздан қарауды кешегі ХІХ ғасырдың ІІ жартысы, ХХ ғасыр басындағы Абай поэзиясынан алдық. Оның алдындағы қазақ фольклорын, сан ғасырлық әдебиетін жинақтаған, қорытқан Абай шығармашылығы бүгінгі таңда аса өзекті болып отыр. Өзекті болатын себебі, түрлі ақпараттар тасқынында, түрлі тобырлық мәдениет тұсында төл тамырымыздан ажырап қалмауды ұстап отыратын темірқазық – Абай шығармашылығы. Сондықтан да бүгінгі Абай оқуларына еркін микрофон үлгісін ұсынып отырмыз.
Абай оқуларын әуелі «Абай» қоры өткізіп келсе, соңғы кезде бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, Алматы қалалық әкімшілігі де атсалысып келеді. 18 жылдан бері өтіп келе жатқан шараның таптаурын өтуі қатысушы қауымды ғана емес, Жұмабек Ашуұлын да алаңдатып жүрген көрінеді. Қазақ атын әлемге паш еткен біртуар ұлдың құрметіне арналған кештің мазмұнын байыту үшін бірнеше кедергінің де кездескенін айтып қалды.
Жұмабек АШУҰЛЫ, Халықаралық «Абай» қорының бас директоры:
– Кеңес Одағы тұсында Лениннің туған күнін өткізетінбіз. Абайдың туған күні содан кем болмауы керек. Ең болмағанда, адам бір күн Абайды еске алып, Абайды оқып, ден қояр болса, өзін адамгершілікке тәрбиелейтін еді. Соңғы уақытта Абайдың атына ғайбат айтушылар көбейді. Жамбылдағы театрдан Абай атын алып тастау, көшеге мазақ ескерткіш қою кімді мұқату? Қазақтың өзін-өзі мұқатуы! Әр ел өз идеологиясын «Пушкин институты», «Гете институты» сынды орталықтары арқылы жүргізеді. 1995 жылдан бері Министрлер кеңесіне, Мәдениет министрлігіне де «Абай әлемі» мәдени-ағарту институтын ашу жөнінде ұсыныс жасап келемін. Арнайы тұжырымдамасын да жасап, өткіздік. Сол жобаның ішінен жұлып алып, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінен – «Абай» зерттеу орталығын, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен «Абай» институтын ашты. Сонымен біз не ұттық? Бәрі жүйелі түрде бір жерде жұмыс істейтін болса, ұтқан болар едік. Шетелдіктер Абайдың сөздеріне, пайымдауына таңғалады. Абай өзі «қазақтың жауы – қазақ» деп айтқандай, өз ішімізден Абай мұрасының қадіріне жете алмай жүрміз.
Жылда 10 тамызда Абай оқулары әйтеуір өтті деу үшін ғана емес, биік дәрежеде өтсе, сан ғасырға азық болған Абай қазынасынан тәрбие алуды ұрпақ ұлт ретіндегі парызы деп білер еді. Қазаққа өрелі өлең ғана қалдырмай, жаңаша үлгідегі ән-күй аманат еткен Абайдың музыкалық мұрасына да арнайы кеш ұйымдастырса, артықтық етпес еді.
Абай оқулары өтті
Последние статьи автора