"Абай" өмірге қайта келді
Таяуда Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының 80 жылдық мерейтойына орай, өнерсүйер қауымға «Абай» операсының жаңартылған қойылымы ұсынылмақшы. Жаңа қойылымның ерекшелігі оның сценографиясында замануи цифрлік және техникалық амал-тәсілдер қолданылады. Сондай-ақ, қойылымның жаңа нұсқасына қазақтың ұлы азаматтарының ұрпақтары танымал дирижер Алан Бөрібаев (Ахмет Жұбановтың шөбересі), химик Тұрар Жұбанов (Ахмет Жұбановтың немересі), мәдениеттанушы Мұрат Әуезов (Мұхтар Әуезовтың баласы) белсенді атсалысуда.
«Абай» операсы – Абай атындағы МАОБТ репертуарының ең негізгі қойылымы. Жыл сайын театр маусымы осы қойылыммен ашылады. Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди бірігіп Мұхтар Әуезовтың либреттосына жазған «Абай» операсы алғаш рет 1944 жылғы 24-ші желтоқсанда Абай атындағы МАОБТ қойылған еді. 1958 жылы біршама жаңартылған операға осы уақытқа дейін айтарлықтай өзгерістер енген емес. Биыл «Абай» операсын жаңартудың сәті түсті. Операның қоюшы – дирижері бұл күндері Еуропаның опера театрларында қызмет ететін танымал әрі талантты Алан Бөрібаев.
Мәдениет министрлігінің ұсынысымен «Абай» операсының жаңа нұсқасын «Қазкоммерцбанк» АҚ қаржыландырып отыр.
«Абай» операсының жаңартылған қойлымы үстіміздегі жылы 7-ші және 8-ші маусымдарда өтеді. Операның жаңа қойылымын қоюға Италиядан арнайы мамандар шақырылған. «Абай» операсының қоюшы-режиссері Андреа Чиньи. Ол Болонский университетінің өнер, музыка, орындаушылық өнер факультетін бітірген. Оның драматургия, мимикалық спектакльдер, би қойылымдарын қоюда тәжірибесі мол. Чиньи Пьер Луиджи Пицци, Джанкарло Кобелли, Яннис Коккос, Альберто Фассини, Бени Монтрезор, Хеннинг Брокгауз секілді атақты режиссерлермен жұмыс істеген, режиссер ретінде Пиранделло, Капрони, Сицилиано және Жененің шығармаларын сахналады. Сондай-ақ «Абай» операсында суретші-сценограф Бенито Леонори киім жөніндегі суретші Симона Моррези, жарық бойынша көмекші-ассистент Фьяметта Балдиссери, хореограф Джорджио Манчини, декорациялар бойынша суретшінің ассистенті Элизабетта Сальватори, видеодизайнер Марио Спиначи секілді мамандар жұмыс істейді.
Алан БӨРІБАЕВ, дирижер:
– Мен қашан да қазақ музыкасын насихаттауға тырысамын. Қазіргі таңда «Абай» операсы арқылы қазақ өнерін біршама шетелдерде таниды. Тіпті ВВС-арнасынан анда-санда қазақ операсы орындалып жатады. Осыдан біраз уақыт бұрын Германияда «Абай» операсы жаңа ғасырға лайықтап қойған кезімде өте қызық, тартымды болып, ол жақтағы көрермен қойылымды жақсы қабылдады. Неміс халқының қазақ мәдениетіне деген қызығушылықтары артып, қазақтың Абай деген ұлы ақыны болғанын біле бастады. «Абай» операсының дискілері сұранысқа ие болды. Жалпы Германия операны қоюда өзіндік ерекшелігі бар мемлекет. Негізінен неміс операсы Макс Рейнхард салып кеткен жолмен қойылып келеді. Ал Алматыдағы опера театрында XIX ғасырдағы «Абайды» сақтауға баса мән беріледі. Мәтінге өзгеріс енгізбеуге, Әуезовтың түпнұсқасын сақтауға тырысады. Бұл да дұрыс. Ал біздің қазіргі жасап жатқан жобамыз, «Абай» операсыың түп негізін, сценарийін сақтай отырып, техникалық жағынан жаңарту, сценаграфиясын өзгерту, аздап интригалар қосу. Айталық, Абай операсы 4 актіден тұрады. Бірінші бөлімде екі акт қамтылады. Бұрынғы нұсқада бірінші бөлім Абайдың соттағы жеңісімен, айдар мен Ажардың босатылуымен аяқталады. Бір қарағанда осымен оқиға біткен секілді, жалғасы бар екенін көрермен білмей қалады. Ал жаңа нұсқада, көрермен бірінші бөлімді көріп болғаннан соң ары қарай не болар екен деген ойда қаларлықтай жасауға, яғни голливудтық интрига қосуға тырысып жатырмыз.
Осыдан 414 жыл бұрын 1600 жылы Италияда алғаш рет опера пайда болды. Адамзат тарихындағы ең алғашқы опера – Марко да Гальяноның Дафна операсы. Опера жанр ретінде Италияда туды. Осыны ескере отырып «Абай» операсының жаңа нұсқасын жасушылар Италиядан мамандар шақырып отыр. Олардың айтуынша, осы қойылым әлемнің алдыңғы қатарлы театрларында көрсетуге тұрарлықтай сапалы дүние болмақ. Мамандығы химик бола тұра өнерге қызмет етіп жүрген Тұрар Жұбанов осы спектакльді орыс, ағылшын тілдеріне аударуды жоспарлап отыр. «Абайдың» әлемдік деңгейде жарыққа шығуына мұрындық болған талант иесі Алан Бөрібаевтың айтуынша, «Абай» операсында ұлы ақынның түпнұсқадағы 13 әні және Біржан салдың, басқа да халық компазиторларының әндері орындалады.
Алдағы уақытта «Алаш айнасы» интернет-газетінен «Абай» операсы туралы толығырақ белгілі дирижер Алан Бөрібаевтың сұқбатын оқи аласызда