Мұрат Сұлтанбеков - абайтанушы, филология ғылымдарының кандидаты ғана емес, ең бастысы, Қайым Мұхамедхановтың жан досы болған көрінеді.
- Әдебиетке бала кезімнен құштар болдым, - дейді Мұрат аға, - әкем Рахымжан мен анам Күлзия Абай елінің тумалары. Ол кезде ауылымыз Шыңғыстау болысы деп аталатын, отбасымызда Абай, Шәкерім әндері насихатталып, өлеңдері оқылып жататын. Тіпті, кейінірек тоғызыншы сыныптан кейін, сыныптастарыммен бірге, 16 жасымда Тәжікстандағы Ленинабад, қазіргі Ходжакент қаласына әскери-әуе күштерінің жас өспірімдерге арналған мектебіне оқуға түскен кезімде де, туған жерімнің, Абай ауданының самал желін аңсаған кезім көп болды. Сол кезден бастап ауылымды сағынып, орысша өлеңдер жазуды қолға алдым. Сабақ та, жұмыс та барлығы орысша болды. Сонымен бір жарым жыл шет жерде шынығып, өмір көрдім, бірақ «анаң науқас» деген хабар алысымен ауылға қарай құстай ұшуыма тура келді.
Туған елге оралысымен Мұрат Сұлтанбеков орта білімін жоғары оқу орнында жалғастырып, Семей мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түседі.
- Шіркін-ай, қандай жылдар еді десеңші, - деп сағына еске алады сол күндерді Мұрат аға, - ең алғаш рет ұстазым Қайым Мұхамедхановпен таныстым. Не деген білімді, тәрбиелі, зиялы адам еді?! Ол маған орыс тілінде көбірек жаза беруге кеңес берді. Себебі, Абайды орыс тілінде сөйлетіп, шығармаларын орыс тілді аудиторияға таныстыруымыз керек болды. «Мына орыс халқы Абайды білмейді, оқи алмай отыр. Ал біз Пушкинді, Дюманы, Бальзакты өз тілімізде оқи аламыз. Егер Абайды орысша аударсақ, қазақ халқының тарихы, әдебиеті, ұлттық құндылықтары тұтасымен жан-жаққа дәріптелер еді, бұл сенің ұлтқа жасаған жақсылығың, сіңірген еңбегің болар еді» деп Қайым аға жиі айтып жүрді. Сөйтіп менің орыс тілінде жазатын шеберлігімді шыңдап, қолдай түсті.
Қайымның кеңесімен Мұрат Сұлтанбеков сол жылдары аудармамен көп айналысты. «Русло жизни» деп аталатын тұңғыш пьесасын өмірге әкелді. Бейімбет Майлиннің «Жалбыр» спектаклін орысшалаған соң, оны театр ұжымы Мәскеуге апарып қойған еді. Семейдегі пединституттан кейін Мұрат Сұлтанбеков Мәскеу пединститутына жолдама алады. Мәскеуде оқып жүрген кезінде әскери борышын өтеуге шақырылады. 1962-1964 жылдары Тынық мұхиты флотында әскери борышын өтеп жүрген Мұрат ағаның қолынан қаламы бір сәт те түспеді. Кейінірек ол «Синий меридиан» деп аталатын матрос өмірінен повесть те жазады. Эдуард Колмановскидің өлеңіне жауап жазу арқылы туындаған «Ждите, ждите родные девчата» әні бүкіл Одаққа танымал болады. Мәскеу, Алматы орталық радиолары үнемі оның әнін беріп жататын. Армиядан келген соң Мұрат аға абайтану саласындағы ғылыми ізденістерін жалғастыра бастайды. Өзінің үнемі барып жүретін Н.Гоголь атындағы кітапханасында бір күні жары Күлзада Мағауияқызын кездестіріп қалады. Күлзада апай пединтститутты бітіріп, №35 мектепте ұзақ жылдар қазақ тілі мұғалімі болды. Қазір зейнет демалысында, Мұрат аға екеуі бес баланың, оншақты немеренің ата-анасы. Жастайынан тынбай ізденісте болғандығынан Мұрат аға «Абай поэмалары» тақырыбында кандидаттық диссертациясын да қорғайды.
- Қайыммен 50 жыл бойы дос болдым, - деп есіне алады ол,-сол кісінің айтуымен Аттила тақырыбына көңіл аудардым. Кейінірек Тәуелсіздік алғаннан кейін Шәкерімнің ұлы Ахат та ортамызға оралып, Шәкерімнің шығармаларын да орыс тіліне аударуды қолға алдым. Әзілхан Нұршайықовпен де жақын араластым.
Ол осы еңбегі үшін халықаралық Аттила медалімен де марапатталған. Және Ресей жазушылар одағының дипломы сияқты марапаттарға да ие болыпты. Бүгін де талантты аудармашы, ғалым Мұрат Сұлтанбеков алаштану тақырыбына ден қойыпты. Сондай-ақ, қазақ тілінде де өлеңдерін шығарып, шығармашылықпен айналысуда.
Абай мен Шәкерімді орысша сөйлеткен ғалым
Последние статьи автора