Жуырда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің 1 курс студенттерін студенттер қатарына қабылдау рәсіміне арналған салтанатты жиында қасиетті қара шаңырақтың 70 жылдық мерейтойының алауы ресми түрде жағылды. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өткен мерейтойлық шараға белгілі ақын-жазушылар, ғалымдар, ЖОО басшылары қатысты.
«Өткеннің өнегесі – бүгіннің баға жетпес байлығы» атты салтанатты шара университет алауын алып жүгірген эстафеталық марафонның қызықты сәті бейнеленген фильммен басталды. Бұл мерейтой алауы 23 қазан күні оқу ордасының ардагер ұстаздары, проректорлары, сондай-ақ Ермахан Ыбырайым, Майя Манеза секілді Олимпиада чемпиондарының қолынан өтіп, Қыздар университеті қалашығын толық шарлап, бас оқу ғимаратына жеткізілген болатын. Алау осы күнге дейін сол жерде сақталып келді. Эстафеталық марафон арқылы жағылған мерейтойлық алау Қыздар университетінің 70 жылдық мерейтойының тұсаукесері болып саналады.
Фильмнен кейін сахнаға көтерілген Қыздар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Динар Нөкетаева бас ғимаратта сақталған алауды бірінші проректор Баходир Алиевтен салтанатты түрде алып, ел алдында алау ошағын тұтатты. Қыздардың табиғатынан хабар беретін тұтанған әдемі гүл тектес мерейтойлық алау лапылдап жанған кезде айналасына ерекше шуақ шашып, студенттердің бойына ерекше жалынмен әсер етті. Олимпиадалық ойындарда ғана болатын бұл көрініс 70 жылдық тарихы бар Қыздар университетінің Қазақстан білім-ғылымы саласындағы өзіндік алтын діңгек екенін айғақтап бергендей.
Одан кейін сөз алған оқу орнының басшысы Динар Нөкетаева: «Қыздар университеті – қаракөз қыздарға білім мен дәстүрлі тәрбиені қатар беріп отырған парасат мектебі. Осы мерзім ішінде киелі оқу орны мектеп мұғалімінен бастап қоғам қайраткеріне дейін танымал өз түлектерін тәрбиелеп шығарды. Бұл білім ұясынан ұшқан әрбір түлек қоғамда өз орнын таба білетін білікті де кәсіби маман деп зор сеніммен айта аламын», – деп сапқа жаңа қосылған шәкірттерді «Мен – Қыздар университетінің студентімін!» деген атқа лайық болуға шақырды.
Қыздардың мерейтойлық қуанышына ортақтаса келген құрметті қонақтар – елімізге белгілі ақын-жазушылар, танымал тұлғалар мен ғалымдар сахна төріне шығып, жүректері толқып тұрған 1-курс студенттеріне игі тілектерін жеткізді.
Кеш барысында 1-курс студенттері ант беріп, оларға білім кілті, сынақ кітапшасы, студенттік билеттері салтанатты түрде табыс етілді. Салтанатты жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласып, елімізге әйгілі «Айгүл», «Ұлар» ансамбльдері, «Томирис» би ансамблі, 85 әншіден құралған университеттің хор ұжымы, 50 өнерпаздан тұратын ұлт-аспаптар оркестрі және қазақ эстрадасының жұлдыздары өнер көрсетті.
«Қыздар университеті» медиа орталығы
70 жылдық мерейтой алауы жағылды
Последние статьи автора