"3 мың доллардан қағылдым": Алматылық асабалар карантин жайлы
Коронавирус инфекциясы әлем жұртшылығын әбігерге салуда. Қазіргі уақытта індетті 350 мыңнан астам адам жұқтырып, оның 19 мыңға жуығы көз жұмды. Осыған байланысты ел билігі қауіптің алдын алу мақсатында біршама шараларды жүзеге асырып жатыр. Соның бірі – жиын той мен асқа тыйым салуы. Ал әулетіндегі қуанышты тағатсыздана күтіп жүргендер бұл жаңалықты қалай қабылдады? KAZ.NUR.KZ порталы осы орайда тойын белгілеп, шаңырақ көтерудi жоспарлаған Асан Дәулет есімді алматылық тұрғынның және ел арасында үлкен танымалдылыққа ие асабалар Медет Рысбек пен Ұлан Рақалиевтың пікірін білді.
Асан Дәулет наурыз айының 29 жұлдызына үйлену тойын жоспарлаған.
“2020 жылдың қаңтар айында ресторан тауып, 29 наурызға той күнін белгіледік. Тойханаға алдын ала 500 мың теңге төледік”, - деп сөзін бастады ол.
29 жастағы алматылық тойға тыйым салу оған және жанұясына қалай әсер еткенін айтып берді.
“Тойдың болмайтыны маған ғана емес, жанұяма да кері әсерін тигізді. Қонақтардың басым бөлігі еліміздің түкпір-түкпірінен келу керек болатын. Олар “менің тойыма барамыз” деп арнайы алдын-ала пойызға, ұшаққа билет алып қойған. Кейбіреулері жұмыстарынан арнайы демалыс сұраған көрінеді. Бұл жағдайды естіген соң, туыстарым темір жол мен әуежайдың кассаларына барып, ұзын-сонар кезекте тұрып билеттерін өткізген. Арасында ақшаларын толық қайтара алмағандар да болды”, - деді Дәулет.
Ол карантинді, мерекелік кеш пен асқа тыйым салуды дұрыс қабылдайтынын білдірді.
Күйеу жігіт “билік тарапынан алдын-ала ескерту болғанда, шығын мөлшері азырақ болатын еді” дейді
“Тойға тыйым салынатынын ертерек білгенімде біршама ақшамды үнемдейтін едім. Билік басындағылар екі апта бұрын карантин жариялайтынын айтқанда, жұрт дайындалушы еді. Мен үшін төтенше жағдай, карантин, тойға тыйым салу өте жылдам уақытта орын алды”, - деді ол.
Одан бөлек, Дәулет үйлену кешін жоспарлаған ресторанмен де аздап түсінбеушілік болғанын жасырған жоқ.
“Тойханаға барып, ақшамды қайтаруды сұрасам, олар ақшамды бергісі келмеді. Әкімшілік мерекелік кештің датасын басқа уақытқа ауыстыруды сұрады. “Осылай жасасаң” 500 мың теңгенің сақталатынын айтты. Ақырында, араға заңгер досымды салып жүріп, ақшамды әрең дегенде қайтардым”, - деді алматылық жігіт.
Дәулет тойының қашан болатынын дөп басып айта алмайтынын жеткізді.
“Карантиннің қай күнге дейін жалғасатынын ешкім нақты бімейді. Бұл – Бір Аллаға аян. Менің ғана емес, елімізде той жасайтындардың басынды осы жағдай болды деп ойлаймын. Коронавирус салдарынан үйленейін деп отырған жастардың айырылысып кеткенін де естідім... Ал бізде барлығы жақсы. Алла амандық берсе, той алдағы уақытта өтеді деп үміттенемін”, -деді Дәулет.
Ал тойға тыйым салу асабаларға қалай әсер етті?
Елдің батасын алып, бала-шағасының несібесін қазақтың қуанышынан теріп жүрген Ұлан Рақалиев осы жылғы науқан ерекше басталғанын тілге тиек етті.
“Негізі басқа жылдармен салыстырғанда осы жылы той науқаны ерекше басталды. Тойға тапсырыс беру әдеттегіден 20-30 пайызға артты”, - деп әңгімесін бастады алматылық азамат.
Асабалардың арасында “орақ тілді, от ауызды тамада” деген атпен танымал ол елдегі төтенше жағдай “Сенің дегенің болмайды, Жаратушының дегені болады” дегенді көрсеткенін білдірді.
“Тыйым салу уақытына тұспа тұс келген жеті тойым өтпейтін болды. Ол тойлардан жоспарым бойынша, үш мың доллардай ақша табу қажет болғанмын. Бұйырмады. Ештеңе етпес. Қазақта “түйенің бір күн ішкен суы - үш күн азық” деген сөз бар. Әзірге жиған тергенімізбен аш қала қоймаспыз”, - деді Ұлан.
Асаба жігіт елордамыз бен оңтүстік астанамызда карантин қабылдаған басшылықтың шешімін қолдайтынын жеткізді.
“Мемлекеттің төтенше жағдай режимін енгізуі заңдылық зияқты. Себебі, әлемде орын алып жатқан жағдайларды күнде көріп жүрміз. Италия басында коронавирусқа немқұрайлы қарады деп естідім. Ал қазір не болды? Дүниежүзі бойынша қауіпті індеттен ең көп құрбан болған мемлекеттер көшін бастады. Сондықтан биліктің шешімін ел болып қолдағанымыз дұрыс. Мен үшін қазақ деген ұлы халқымның амандығы маңызды”, - деді ол.
Ал Медет Рысбек есімді тамада тойға тыйым салу тек тоймен ғана күн көріп жүрген өнер иелеріне аздап ауыртпашылық түсіретінін жасырған жоқ.
“Той саласында қызмет еткеніме он жылдай уақыт болды. Көптеген асабалармен, әншілермен, музыканттармен, видео-фото түсіретін жігіттермен, бишілермен араласамын. Олардың көбісінің тойдан басқа табысы жоқ”, - деді ол.
Асаба өзінің қандай мекемеде жұмыс істейтінін айтып берді.
“Қаскелең қаласындағы мәдениет үйінде қызмет етемін. Тұрақты жұмыс орным, ай сайын уақытылы түсетін жалақым бар. Одан бөлек, кішігірім кәсіптерім бар екенін де жасырмаймын”, - деді Медет.
Ол наурыз-сәуір айларына алып қойған тапсырыстары туралы да мәлім етті.
“Төтенше жағдай енгізілгенен кейін сәуір айының ортасына дейінгі тойларым өтпейтінін білдім. Кейбір той иелері көптен күткен шаңырағындағы қуанышын ештеңеге қарамай жасағысы келгенімен, ресторандардың рұқсат бермейтінін білген соң, шарасыздан көнді. Наурыз айының он алтысынан сәуір айының ортасына дейін он бес тойым “отмена” болды”, - деп ойын жеткізді асаба.
Медет Рысбек “қуған жетпейді, бұйырған кетпейді” деген сөздің орынды айтылғанына тағы бір мәрте көз жеткізгенін растады.
“Карантин жарияланған уақытта “отмена” болған тойларымнан екі миллион теңгеге жуық қаражат жинаймын деп жоспарлаған едім. Әрине, барлығы мен ойлағандай болмады. Бірақ бұл бас ауыртатын мәселе емес. Алла несібемізден айырмасын”, - деді ол.
Асаба жігіт елдегі төтенше жағдай жайлы да өз ойын білдірді.
“Мемлекет басында отырған шенеуніктер тегін адам емес. Барлығы оқыған, көзі ашық азаматтар. Олар халыққа карантиннің пайдасы болғандықтан осындай қадамға барды деп ойлаймын. Ол кісілер қандай шешім қабылдаса да құба құп. Сол үшін қала халқын, белгіленген тәртіпке, заңға бағынуға шақырамын”, - деп сөзін қорытындылады Медет Рысбек.