Бүгінгі күні Қазақстан жазушылар одағы құрамында 760 адам болса, соның 16-сы балалар жазушысы екен. Ол Қазақстан жазушыларының 2-ақ пайызы бүлдіршіндер әдебиетіне қалам тартады деген сөз. Еліміздегі миллиондаған балалар үшін 2-ақ пайыздық балалар жазушысы аз ба, көп пе? ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының көрсеткіші бойынша елімізде 1 335 мемлекеттік және жекеменшік баспа бар. Бірақ солардың ішінде балалар әдебиетіне ден қойғаны некен-саяқ. Соңғы 10 жыл ішінде елімізде 8523 әдеби кітап басылып шыққан. Соның ішінде балаларға арналған әдеби кітаптар саны бар болғаны 220 екен.
Осы жайттарды ескере келіп, балалар әдебиетіне арналған «Дарабоз» Халықаралық әдеби бәйгесі 2006 жылдан бастап «ZHERSU» инвестициялық өндірістік корпорациясы мен Қазақстан жазушылар одағының қолдауымен он жыл бойы ұйымдастырылып келеді. Қазақстанда 2015 жылдың 20 сәуірінен бастап балаларға арналған үздік шығармаларға арналған Х Халықаралық «Дарабоз» бәйгесі бастау алмақ. Осы байқаудың жеңімпазы деп танылған шығармалар екі тілде «Кәусар бұлақ» және «Чистый родник» атты кітаптар сериясын жыл сайын жарыққа шығарып, мектеп кітапханаларына тегін таратып келеді. Байқауға қатысатын материалдарды қабылдау мамыр айының 20-сына дейін жүреді. Сондықтан балалардың жан-дүниесін жанымен ұққан, балалар жазушыларын байқауға қатысуға шақырамыз.
Әр жеңімпаз көлемді ақшалай жүлдеге және баспалардың бірімен келісім шартқа отыру құқығына ие болады. Үздік шығармалардың жүлдегерлерін арнайы құрылған әділқазы алқасы дауыс беру арқылы шешеді. Әділқазылар отырысы үстіміздегі жылдың 25-мамыр күні өткізіледі. «Дарабоз» Премиясын салтанатты түрде табыс ету іс-шарасы 2015 жылдың 1 маусымында, сағ 11:00 де Қазақстан Жазушылар одағында, Алматы қаласы. Абылайхан көш-105 үй мекен-жайы бойынша өтеді.