Алматының қарапайым тұрғыны Марат Дүйсенбаев мыңдаған тал сіріңкеден домбыра жасап шығарды. Өнер туындысы пішіні, бар табиғаты жағынан ұлттық музыкалық аспаптың стандартына сақадай-сай келеді. Сапасы да тәуір, аспапта кәсіби музыканттар ойнап көрген.
Марат шебер ондаған жыл бұрын ми іші қатерлі ісігіне шалдыққан. Кесел еңсесін езбеуі үшін ол өзіне сүйікті кәсіп ойлап тапты – қолөнер оны тән азабынан құтқарып, жан рақатына бөлейді. «Әуелі үйімдегі екі бұйра қанденге зәулім үйшік салып бердім, оны көрген адам таңғалады: бірнеше қабаттан тұрады, балконы бар, тамаша жиһаздары, самаладай шамы бар», – дейді шебер. Жаңа туындысы – домбыраны құрастыру үшін ол 13 қорап сіріңке сатып алған. Бұл дегеніңіз – шамамен 9 мыңдай тал. Сіріңкелердің әрқайсысын күкіртінен тазалап, оларды бір-бірімен өре отырып, желімдеп, домбыраның сұлбасын жасаған, кейін шегін таққан. Тамаша туынды енді – нағыз аспап. Оны кәсіби домбырашылар сынап көріп, риза болған. Ал Марат шебердің өзі музыкант емес, өмірінде ешқашан домбыра шертіп көрмепті.
Марат ДҮЙСЕНБАЕВ, шебер:
– Сіріңкелер домбыраны жасауға артығымен жетті. Бұл – мен жасаған тұңғыш музыкалық аспап. Бірақ өзімнің музыкаға бейімім жоқ. Шетелде біреудің сіріңкеден скрипка мен гитара жасағанын теледидардан көрген едім, оның скрипкасының дауысы шықпай қалған болатын. Содан кейін мен де сіріңкеден ұлттық аспабымызды жасайын деп шештім. Көпшілік «ішіне картон салдың ба, бірдеңені қаптап шыққан шығарсың, әйтпесе сіріңкелер өзінен-өзі қабыспайды ғой» деп жатады. Жоқ, мен еш нәрсені қаптаған жоқпын, сіріңкеден домбыраның пішінін өрдім.
13 қорап сіріңкеден домбыра жасап шықты
Последние статьи автора