1000 жылдық мұраны бір күнде түгендедік

Мансұр ХАМИТ (фото)

Күні кеше ғана Астанада ұлт мәдениеті тарихындағы теңдессіз оқиға орын алып, «Қазақтың дәстүрлі мың күйі» жинағы жарыққа шықты. Мың жылдық тарихтың қойнауынан жақұт теру өткенін өшірмейтін өскелең халықтың ғана қолынан келеді. Демек, аталмыш антологияның жарық көруі қазақ халқының тарих тағанынан саз сауған шынайы сұңғылалығын әйгілейтіні анық. Елордадағы Президенттік мәдениет орталығында өткен салтанаты бөлек тұсаукесер рәсімге жиналған жұртшылық алабөтен қуанышқа толы осы бір айрықша жаңалықты ерекше сезіммен қарсы алды.

Бір айта кетерлігі, бұл маңызды жобаның тұсауы «Мәңгілік сарын: қазақтың 1000 күйі мен 1000 әні» деген атпен өткен жылғы маусымның орта шенінде кесілген болатын. Белгілі өнер қайраткерлерінен құралған ынталы топтың басын қосқан ҚР мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед халқымыздың көнеден келе жатқан музыкалық мұраларын жинастыру мақсатында қажетті мөлшерде қаржы бөлініп, Моңғолия, Қытай, Түркия, Ресей елдеріне арнаулы ғылыми-этнографиялық экспедициялар ұйымдастырылатынын баса айтқан. Осы тұрғыдан алғанда, бұл әлемнің әр түкпірінде шашырап жүрген қазақтың 5 мың күйі мен 10 мың әнін Отанына оралтуға бағытталған игі шара екендігі анық. Жобаны жүзеге асырушы топтың қажырлы еңбегі нәтижесінде бүгінде дәстүрлі мың күй тыңдарм анына жол тартып отыр. Министрдің сөзіне сүйенсек, «бұл – әрине, істің басы ғана». Яғни алдағы уақытта жобаның «Қазақтың 2000, 3000, тіпті 5000 ән-күйі» деген ауқымда да жалғасуы әбден мүмкін. Өйткені халқымыздың музыкалық мұрасының бай қоры, кемел өрнегі оған кеңінен мүмкіндік береді.

Ал бүгінгі жаңалыққа қатысты айтар болсақ, музыкалық антологияға қазақтың дәстүрлі күйлерінің домбыра, қобыз, сыбызғымен және оркестрмен түпнұсқалық орындаудағы, бірақ бүгінгі заманға сай форматта жазылған ең таңдаулы нұсқалары енгізілген. Сондай-ақ мұнда қазақ даласының әр өңірінде қалыптасқан мәдени-дәстүрлі орындаушылық мектептерінің, ең әйгілі күйші-композиторларының барлығының мұрасы мүмкіндігінше толық қамтылған. Сөйтіп, қалыңдығы кере қарыс әшекейлі қағаз қорапқа 41 CD дискіден тұратын жинақ бір бөлек, күй авторлары мен шығарма тарихы туралы кітап бір бөлек салынған.

Мұхтар Абрарұлының пікірінше, «мың жылдық тарих» деген сөзді жай ұйқас үшін деп түсінбеу керек. Сонау Қорқыт ата заманынан бері қобыздан күңіренген күйлер сарыны – бүгінге дейін жеткен тарихтың саз бен әуен таңбасы. Олай болса, жинаққа енген күйлердің қай-қайсысы да – ерте заманның елесі емес, халық жүрегінде қалған, атадан балаға жалғасқан шынайы тәбәрігі. Осы ретте, жобамен жұмыс істеген шығармашылық топтың белді өкілдерінің бірі, өнер ғылымының докторы, профессор Сара Күзембаеваның: «Музыка – уақыттың өнері. Ол үнделгенде ғана адамның жүрегіне, жанына терең қонады. Сондықтан мынау үнделген диск әрі қарай нота түрінде қайтадан кітапқа түссе, мәңгілік сарынның мәңгілігі де сонда болар еді» деген пікірі де – ескере жүрерлік есті сөз.

Бір анығы, сәтімен біткен алғашқы жемісті олжаға аталған ведомствоның басшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза ақ түйенің қарны жарылғандай ерекше қуанышты. Тұсаукесер рәсімінің алдындағы қысқа ғана брифингте қаумалаған журналистердің алдына келген министр: «Сіздердің барлықтарыңыз менің әріптестерім болып саналасыздар, сондықтан әр редакцияға бір-бірден «1000 күй жинағы» кітабын беріңіздер, 100 журналист келсе, 100 кітап беріңіздер», – деді көмекшілеріне жомарт пейіл таныта. Бұл баба мұрасының бүкіл ұрпаққа арналған игілігі екенін тағы бір дәлелдегендей болды.

Сән-салтанаты айрықша күй мерекесіне елордадағы зиялы қауым өкілдерімен қатар, Парламент депутаттары және өнер саңлақтары қатысты. Сахнадағы беташар сөзден кейін министр Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза әйгілі композитор Еркеғали Рахмадиев бастаған қонақтарға өз қолымен күй жинағын тарту етті. Сыйлыққа ие болғандардың дені – Астанадағы музыкалық бағытта білім беретін оқу ордаларының басшылары. Ал кешке арнайы келген Қаршыға Ахмедияров, Айгүл Үлкенбаева, Айтжан Тоқтаған, Сержан Шәкіртов, Еділ Басығараев, Ермек Қазиев т.б дәулескер күйшілер көпшілікке күмбірлеген саздан көпшілікке тарту жасады.

Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД, ҚР мәдениет және ақпарат министрі:

– Бұл жобада қазақ халқының күй өнері, домбыраға, қобызға, сыбызғыға арналған Қазақстанның барлық күй мектептерін танытатын әдемі күйлер топтастырылды. Әрине, қазақ халқының музыкалық мұрасы, әсіресе, күй мұрасы 1000-мен ғана шектелмейді. Мәселен, бір ғана Қаршыға Ахмедияровтың шалқыған шабытынан туған 100-ден аса күй бар. Ал жаңа жинаққа ең таңдаулы күйлер еніп отыр. Бұл біздің мәдени өміріміздегі ең айтулы оқиға дер едім. Құдай бұйыртса, осылардың ішінен оркестрге арналған жүз күйді іріктеп, соның жинағын шығаруды да қолға алатын боламыз.

Қаршыға Ахмедияров, ҚР Халық әртісі:

– 1000 күйдің жарыққа шығуы – қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған үлкен жаңалық, ғажап оқиға, түптеп келгенде, бұл – бүкіл елдің байлығы. Ал күй байлығында есеп жоқ, оны бір сөзбен сипаттап айту мүмкін де емес. Өйткені қазақтың атам заманнан бергі бүкіл тарихы осы күймен суреттелген ғой. Әзірге 1000 күй текшеленіп алынып отыр. Әлі де талай күйдің іріктеліп, сұрыпталып, ел-жұртқа ұсыныла беретіні анық. Мынандай қиын заманда осындай үлкен жобаның іске асқанын тіпті ұлт мәдениетіндегі үлкен жетістік деп бағалауға болады.

Қайрат Байбосынов, ҚР Халық әртісі:

– Қазақтың ғасырлар бойғы қазынасын бір күйтабаққа түсіру деген, бұл – ғасырдың жемісі, қазақ руханиятына қосылған тың дүние. Біздің заманымызда қазақтың басы бірікпей келе жатқан музыкалық мұрасының жинақталуы деген – келешек өскелең ұрпағымыз үшін бүгінгі буынның жасаған қомақты сыйы. Консерваторияда оқитын студенттер бұрын қай күйді қайдан үйренерін білмей жүруші еді, енді нақты құрал бар. Тынысымыз кеңіп сала берді. Сондықтан бұған бүкіл ел-жұрт боп қуанып жатырмыз.

Айгүл ҮЛКЕНБАЕВА, ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты:

– Халықтық мұраның өміршең үлгісіндей күй өнері ықылым замандардан бүгінге жетті. Және мұнымен шектеліп қалмай, келешек ғасырларға да жалғасуы тиіс. Міне, осы жағынан алғанда, мың күйіміздің антология түрінде жарық көруі – өте құптарлық жайт. Өзге ешбір халықта жоқ, өз ұлтымызға ғана тән осынау бірегей өнерімізді лайықты дәрежеде ұлықтай алсақ, насихаттай білсек, ұлт ретінде тұлғалана түсеріміз даусыз.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста