Турфирма ашу үшін қандай құжат керек?
Қазақстан аумағынан туристік фирма ашайын деп едім. Қандай құжаттар талап етіледі?
Жанна КӨШЕТОВА, Алматы қаласы
ҚР Әділет министрлігі мамандарының мәліметінше, кез келген заңды тұлғаны тіркету үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына хабарласу қажет. Қажет құжаттар төмендегідей:
– бекітілген үлгідегі өтініш;
– құрылтайшымен бекітілген, нотариалдық тәртіппен расталған, қазақ және орыс тілдеріндегі жарғы;
– нысанның орналасу мекенжайын анықтайтын құжаттар (шағын кәсіпкерлік нысанынан басқа заңды тұлғалар үшін);
– тіркеу үшін ақы төленгені жөніндегі түбіртек (шағын кәсіпкерлік нысаны үшін – 2 АЕК (2546 теңге), басқа нысандар үшін – 6,5 АЕК (8275 теңге);
– құрылтайшының немесе басшының жеке куәлігі мен салық төлеуші куәлігінің көшірмелері;
Мамандардың ескертуінше, Үкіметтің 2008 жылғы 16 қыркүйектегі № 852 «Шағын, орта және ірі кәсіпкерлік нысандары болып табылатын заңды тұлғалардың типтік жарғысын бекіту туралы» қаулысы негізінде тіркелетін заңды тұлғалар үшін жарғы талап етілмейді.