Солақайлықтың зияны бар ма?
Мен туғаннан-ақ солақай болдым, солай әдеттеніп, үйренген жанмын. Сол қолмен жұмыс істеу, тамақ ішу т.б. Көбінесе сол жағыма көбірек күш түсіремін. Біреулер мұның жүрекке зиян екенін айтып жүр. Сол рас па?
Нұрдәулет НӘЛІБАЙ, Теке ауылы
Бұл сұраққа жауап табу үшін Ұлттық ғылыми медицина орталығы кардиология бөлімінің жоғары санатты дәрігері, медицина ғылымының кандидаты Қадырбек Рамазанұлына жүгінген едік. Ол былай деді:
– Солақайлықтың жүрекке еш зияны жоқ, бұл — көптеген адамдарда кездесетін қалыпты жағдай. Жүрекке салмақ түсіреді деу — ешқандай қисынсыз сөз. Керісінше, солақай баланы оң қолға мәжбүрлеп үйрету мидың дамуына зиянын тигізуі мүмкін. Сондықтан да солақай балалардың туғаннан қалыптасқан қабілетіне қарай қала бергені дұрыс.
Р.S. Солақайлықтың пайда болуы бала құрсақта жатқанда, сол қолы аузына жақын орналасып, соны көбірек сорғандықтан екен. Көптеген елдерде мектепке дейінгі тәрбие мекемелері солақай балаларды оң қолға мәжбүрлеп үйрететін. Кейін мұның бос әбігерлік екеніне көз жетті. Кеңес Одағында да 1986 жылы солақай балаларды оңқайлыққа үйренуге міндеттеу заң жүзінде тыйылған.