Жетісу жұрты Қанат Исламға ат мінгізіп, шапан жапты
Қазақтың танымал боксшысы Қанат Ислам Талдықорған қаласына арнайы келіп, жанкүйерлерімен жүздесті, деп хабарлайды «Қамшы» порталы.
Басқосуға келген жұрттың санында есеп жоқ. Әр аймақтан ағылып жатты. Ақсақалдар оған бата беріп, Жетісу жұртшылығы ат мінгізіп шапан жапты.
«Мені осылай құрметтеп, ыстық лебіздеріңізді білдіріп жатқандарыңызға алғысым шексіз. Адам болған соң әлсіз жерлеріміз де бар, бірақ намысты қолдан бермеуге күш саламын. Алда көптеген сайыстар күтуде, бұйырса, сол жарыстарда қазақтың көк туын желбірете беруге тырысамын», - деді белгілі боксшы.
Айта кетейік, Қанат Ислам кәсіпқой рингте 23 кездесу өткізіп, бәрінде жеңіске жетті. Соңғы жекпе-жегі 18 ақпанда өтті. Бразилиялық Робсон Ассиспен жекпе-жекке шығып, бірінші раундта-ақ нокаутпен жеңген еді.