Ардагер Күрішбек Көжекбаев 1945 жылы екінші Беларусь майданының құрамында Варшава қаласын, Терн, Вондрож, Гуанск т.б. қалаларды жаудан азат етуге қатысып, соғысты Берлин асып, Эльба өзенінің бойында жеңіспен аяқтады. Соғыс біткеннен кейін маршал Г.К.Жуковтың қол астында Тарту дивизиясында аға байланысшы, партия ұйымының хатшысы болғандықтан, елге тек 1946 жылы оралады. Содан бастап ол бар күш-жігерін, жауынгерлік рухын түрлі партиялық қызметтерге, ұрпақ тәрбиесі мен олардың білімін шыңдауға жұмсады.
Осы салаға саналы ғұмырының 45 жылын арнады.
Күрішбек ата 1912 жылы мамыр айында Жетісу губерниясы Жаркент уезі, қазіргі Ұйғыр ауданында дүниеге келген. Сол өңірдегі Тоғызбұлақ жеті жылдық мектебін 1930 жылы бітіргеннен кейін, Алматыдағы алты айлық мұғалімдер даярлайтын курсты аяқтап, туған ауылында сауат ашу мектебінде еңбек жолын бастайды.
1931-33 жылдары іргедегі Кеген ауданы Шибұт ауылында, 1933-34 жылдары Ұйғыр ауданы Сүмбе мектебінде, 1934-37 жылдары Кеген ауданы Құмтекей мектебінде меңгеруші болып қызмет істейді. 1938-41 жылы Кеген ауданы Тоғызбұлақ мектебінің меңгерушісі және партия ұйымының хатшысы қызметтерін атқарған.
1941 жылдың желтоқсанында әскер қатарына шақырылып, Алматы қаласында жасақталған №100 атқыштар бригадасының барлау ротасында қызмет атқарып, алты айлық дайындықтан өткеннен кейін майданға аттанады. Соғысқа Мәскеу түбінен қатысып, Калинин майданының қарауында – Молодой Путь қыстағынан Калинин облысын толықтай, үшінші Армияның қарамағындағы атқыштар бригадасында Калинин, Великие Луки, Невель мен Новосокольников қалаларын жаудан босатады. 1944 жылы Брест қаласын азат етуге қатысады. Осы ерлігі ескеріліп, «Брест қаласын азат еткені үшін» медалімен, үшінші дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталады.
P.S. Кеше кешке газетіміздің беті қатталып жатқанда Алматы облысы Ұйғыр ауданы Сүмбе ауылында тұратын 100 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Күрішбек Көжекбайұлына жеңіл автокөліктің кілті және арғымақ сыйға тартылды деп облыстық әкімшіліктен хабарлады. Сондай-ақ соғысқа атақты ақын Жамбыл Жабаевтан бата алып аттанған қарт майдангерге ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің құттықтау хаты жолданып, «ҚР Қарулы Күштеріне – 20 жыл» медалі мен «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағы тапсырылды. Ардагерлерге көрсетілер құрметтің үлгісі осындай болса керек.