Біздің мақсатымыз – ынтымақ пен бірлік
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі егеменді еліміздің тарихындағы айтулы мерекелердің бірі. 130 ұлт өкілінің тарихи Отанына айналған Қазақстан атты қасиетті қара шаңырақ аясында ынтымақта тату-тәтті өмір сүріп жатқан достық мерекесі. Бірлігі мен татулығы жарасқан Қазақстан халқын рухани тұрғыда байланыстыра түсетін бұл мерекенің маңызы зор дейді Алматы ақшамы газеті.
Қазақстан Президентінің «Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деп атап көрсеткеніндей, қасиетті қазақ жерін мекендеген ұлттар мен ұлыстардың бірлігі мен достығы жарасымды достыққа құрылған.
Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі – қазақстандық патриотизмнің, елге және халыққа деген адалдықтың мерекесі. Оны Қазақстан халқы өздерінің шынайы істерімен көрсетіп келеді. Көп ұлтты мемлекетімізде ынтымақ пен бірлікті нығайта түсу үшін барлық жағдай жасалған.
Қазақстан Президенті өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасында ұлттың ұлы мұраты мен еліміздің рухани кеңістігін байыту жолында ізгілікті істерге бастамашылдық танытуға шақырғанын Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері қызу қолдау білдіріп отыр.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХV сессиясында сөйлеген сөзінде халықтың рухани жаңғыруға белсене араласатынына сенім білдіріп, оның мүшелеріне өз әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жағдайларға басымдық берілу қажеттігін атап өтті. Шындығына келсек, ол еліміздің гүлденіп, көркеюі үшін қажет. Ұрпағымыздың сауатты әрі батыл болуы үшін өздері туып-өскен өлкені сүйіп жүруі үшін керек.
Қазір біз Тәуелсіз Қазақстанның мәуелі бәйтерегінің саясында өсіп-өнген, бір мықты бұтаққа айналған біртұтас елміз. Еңбегіміз елімізді гүлдендіруге бағытталып, ұрпағымызды көбейтіп, тату тіршілік кешудеміз.
Халық – барлық жерде халық, барлық жерде бірдей. Бәрі адамның ниет-қалауына байланысты. Еліміз егемен ел болды, еңселі мемлекетке айналды. Әлемнің төрт бұрышы Қазақстан атты еңселі елімізді танып мойындады. Адамға бұдан артық қандай бақыт керек?!
Ең бастысы, қайбір зобалаң жылдары туған жерлерінен үдере көшіп келген түрлі ұлт өкілдері Қазақ елінен пана тауып, осы жерде ұрпақ өрбітті. Тілін де, ділін де, мәдениетін де жоғалтқан жоқ. Біз осы ортада жетілдік, арқамыз кеңіді.
Бүгінде қол жеткен табыстарымыз, бұл – біздің тәуелсіздікпен бірге келген сыйымыз.
Күш – бірлікте, түсіністікте. Біздің бүгінгі мақсатымыз – бірлігіміз бен ынтымағымызға сызат түсірмеу.
Георгий ИОРДАНИДИ,
грек мәдени орталығының төрағасы.