Бірлікке арналған өнер фестивалі өтеді
«Алатау» дәстүрлі өнер театрының ТҮРКСОЙ ұйымымен бірлескен «АЛАТАУ АЛАБЫНДА» халықаралық дәстүрлі өнер фестивалі өтеді.
«Алатау» дәстүрлі өнер театры» Қала күні мерекесіне орай «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымымен бірлесе отырып дәстүрлі өнер шеберлерінің қатысуымен «АЛАТАУ АЛАБЫНДА» атты халықаралық фестиваль өткізді.
Фестивальдің мақсаты – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың: «Түркі халықтары жаратылысында әрдайым бірге, береке-бірлікте болу үшін жаратылған. Бабаларымыз да бізге осыны мирас еткен. Бірлік – біздің барлық жеңістеріміздің алтын қайнары, ел қорғағанда күш-қуат берер асқақ айбары» деген аталы сөзімен, сондай-ақ түркі әлемінің басын біріктіру идеясымен бір арнаға тоғысқан.
Фестивальдың ерекшелігі: бұған дейін «Алатау» дәстүрлі өнер театрының» ұйымдастыруымен ТҮРКСОЙ ұйымымен бірлескен іс-шара өткізілген емес. Театрдың бастамасымен мың бояулы шаһарымызда күллі түркі әлемінің дәстүрлі өнері сахна төрінде насихатталмақ.
Әлемде жалпы саны 230 миллионнан асатын 40-қа жуық түркі халықтарының ішіндегі ең ірі 14 мемлекет – Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Солтүстік Кипр, Молдова, Татарстан, Башқұртстан, Таулы Алтай, Хакасия, Cаха (Якутия), Тыва елдерінің өнерпаздары 19 қыркүйек сағат 17.00 де Алматы қаласындағы Панфилов көшесін бойлай думанды шеру өткізіп, Жібек Жолы көшесінің бойында (Арбат) әннен шашу шашады.
Фестивальда Қазақстанның әр өңіріне тән дәстүрлі өнер мектептерінің (Батыс Қазақстан, Сыр бойы, Оңтүстік Қазақстан, Жетісу, Арқа, Шығыс Қазақстан) ән, күй, жырлары орындалады. Жаһандану дәуірінде дәстүрлі өнеріміз жат мәдениеттің тасасында қалып, жұтылып кетпеуі үшін ежелден қалыптасқан бұл мектептердің туындыларын халықаралық деңгейде насихаттау аса маңызды.
Фестиваль түйіні ретінде «Алатау» дәстүрлі өнер театрының» Концерт залында, шетел қонақтарының қатысуымен өтетін ән, жыр, күй додасында тарқатылатын болады.
Еркенұр Ерзия