Алматыда «Алпамыс батыр» жырын жатқа айтып жарысатын 1300-ден астам оқушының 54-і өзге ұлттың өкіл
Балалардың жазғы демалысы да аяқталып келеді. Алматы оқушыларына осыдан үш ай шамасы бұрын қала әкімдігі тарапынан «үй тапсырмасы» берілген болатын. Нақтырақ тарқатсақ, мектеп оқушылары арасында, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен батырлар жырын жатқа айтудан «Тұлпар мініп, ту алған» атты әдеби және тарихи-танымдық байқауы жарияланған-ды. Бұл туралы бұдан бұрын да айтқанбыз.
Бірінші орынға 1,5 миллион теңге тігілді
Белгіленген мерзім ішінде аталмыш сайысқа қатысуға алматылық 1300-ден астам үміткер бала өтініш білдірген екен. Енді өнерге, жырға құмар жеткіншектеріміз жазғы демалысын босқа өткізбей, «Алпамыс батыр» жырын ұзақтығына қарамастан басынан аяғына дейін жаттады деген үміттеміз.
Алматы шаһарында алғаш рет ұйымдастырылып отырған бұл Ұлттық жобаға қатысушы өрендер «Алпамыс батыр» туралы жырды мүдірместен жатқа айтып, онда кездесетін көнерген сөздерді талдай отырып, жан-жақты түсіндіріп, қазылар алқасы тарапынан қойылған, мектеп бағдарламасы аясында әзірленген сұрақтарға жауап берулері тиіс. Сондай-ақ, қалалық деңгейдегі байқауда ақтық сынға шыққан қатысушылар эссе жазудан жарысқа түседі. Осы кезеңдерден сүрінбей өткен қатысушылардың ең үздігін қазылар алқасы таңдап алатын болады.
Жүлденің жалпы қоры 12 миллион теңге. Бірінші орынға лайық деп танылған жеткіншекке 1,5 миллион теңге табысталады. Ал екінші орынға – 1 миллион теңге, үшінші орынға 500 мың теңге бөлініп отыр. Жүлдеден үмітті 6-10-сынып оқушыларын дайындаған тәлімгер мұғалімдері де сый-сияпаттан кенде қалмақ емес. Үздік оқушының ұстазы Оксфорд қаласында ағылшын тілі курсынан өтуге жолдама алады.
«Ішкі саясат», «тіл», «білім» атсалысуда
Айтулы байқауды Алматы қаласы әкімдігінің тапсырысымен «R-Medіa» компаниясы құрамында Алматы қалалық Ішкі саясат, Білім, Тілдерді дамыту басқармаларының өкілдері бар Ұйымдастыру комитетінің өкілдерімен бірлесе жүзеге асырмақ.
Қыркүйек айының басында аудандық іріктеу кезеңі өткізіліп, айдың аяғында қалалық деңгейдегі байқаудың нәтижесі шығарылмақ.
Жалпы, байқау аудандық және қалалық болып екі деңгейге бөлінген. Аудандық сайыста үздік шыққан үш оқушы қалалық байқауда бақ сынайды. Яғни Алматыдағы 8 ауданнан іріктеліп алынған 24 оқушы жүлделі орындарды өзара сарапқа салады.
Ұлттық жоба нені көздейді?
«Тұлпар мініп, ту алған» атты әдеби және тарихи-танымдық байқауының мақсаты – балалар арасында кітап оқуды, оның ішінде қазақ халқының батырлық эпостарын насихаттау; сол арқылы өрендерді патриотизмге тәрбиелеу, елдік пен ерлік рухына, өрлік, қайсарлық қасиеттерге баулу; талантты балаларды анықтап, оларды көптің алдына шығарып, қолдау көрсету; қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің де мәртебесін көтеріп, олардың кәсіби біліктілігін шыңдауына жағдай жасау.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, «тұлпар мініп, ту алғысы» келетін, байқауға қатысуға өтінім берген алматылық 1300-ден астам үміткер баланы 500-ден астам ұстаз сайысқа дайындап жатыр. 54 оқушы өзге ұлттың өкілі. Бізге Михаил Шух деген жеткіншектің қазірдің өзінде «Алпамыс батыр» жырын бастан-аяқ жаттап алғаны белгілі болды. Енді олар жаз бойына жаттағандарын, дайындықтарын пысықтап жатқан көрінеді.
Мұндай бізде ғана бар!
Биыл алғаш рет «Алпамыс батыр» жырынан бастау алып отырған, белгілі ақын, журналист Серік Сейітман жетекшілік ететін бұл Ұлттық жобаға жалғасы болсын деп сәттілік тілейміз. Жалпы, қазақ әдебиеті мен мәдениеті жыр-дастандар мен эпостарға бай. Нақтырақ айтсақ, біздің қазақтың тарихында 5 мыңнан астам ән-жыры болған. Мұндай құнды дүниелер бізде ғана бар!
«Алпамыс батыр» – қазақ халқының қаһармандық эпосы. Жырдың халықтың есінен мәңгілік ұмытылмастай орын алу себебі – онда тарихи-әлеуметтік шындықтың биік көркемдікпен жырлануында. Мұндағы бейнеленетін көріністердің бәрі де қазақтың көшпелі өміріне тән, мейлінше жақын дүниелер. Алдағы жылдары «Ер Тарғын», «Қобыланды батыр» жырларының да осындай бірегей жобаға арқау боларына сенеміз.
Оқушылардың жазғы демалысында үлкен үй тапсырмасы – осындай игі шаралар үнемі қолға алынып отырса, нұр үстіне нұр болар еді.
Нұржамал ӘЛІШЕВА
«Алматы ақшамы»