Жүрегі «қазақ!» деп соққан
Қазақ тілінің жалауын биік көтеріп жүрген Асылы Осман және Герольд Бельгер, Қасым Қазақбай ағаларымызды бөлектеп, өзге ұлт өкілі деуге ауыз бармайды, керісінше, нағыз қазақ ретінде тануымыз керек сияқты. Қазақ тілінің өсіп-өркендеп, кең қанат жаюына осындай абзал жандардың зор үлес қосып отырғаны анық. Осыған орай өз пікірлерін ортаға салған қоғам қайраткерлері мен сарапшылар қазақ тілін белсенді насихаттап, қазақтың жоғын жоқтаған азаматтарды нағыз қазақ ретінде бағалау керек деген ой айтты.
Гүлшат Нұрымбетова, саяси ғылымдар докторы, профессор:
– Қазақтың жоғын жоқтап, мемлекеттік тіл үшін шыр-пыр болып жүрген Асылы Осман, Герольд Бельгер, Мәжіліс депутаты Розақұл Халмұрадов сияқты зиялы қауым өкілдері «нағыз қазақ» деген атқа әбден лайық дер едім. Олар – ертеректе қазақпен бірге қиындыққа төзіп, ыстық-суықты бастан өткеріп, бір тілім нанды бөлісіп, қазақтың арасында қайнап өскен аға буынның өкілдері, қазақтың жақсылығын көп көрген жандар. Тіпті керек десеңіз, қазақша үйренген, телеэфирде қазақ тілінде сөйлеп жүрген кейінгі буынға қарағанда, олардың қазаққа жаны жақын, жүрегі бір деп ойлаймын.
Алмагүл Сәлімбаева, «Қазақстан халқы Ассамблеясы қоры» қоғамдық қорының директоры:
– Қазақстан халқы Ассамблеясынан Парламентке сайланған Ассамблея мүшелерінің қай-қайсысы да нағыз қазақ деген атқа лайық. Өзгелерге қазақ тілін үйрету курстарын өткізіп жүрген азаматтар қазаққа қазақтан артық еңбек сіңіріп жатқанын айтуымыз керек. Өзге ұлт өкілдерінен нағыз қазақ дегенде алдымен Ахмед Мұрадовтың есімін ерекше атар едім.
Серік Абас-шах, «Қазақстан» ұлттық арнасының атқарушы продюсері:
– Ахмет Аляз, Надежда Лушникова, Татьяна Бурмистрова және журналист Максим Рожин бауырымыз, олар – нағыз қазақтар!
Талғат Әбілқасымов, ҚХА «Тілдарын» тілдерді оқыту инновациялық технологиялары әдістемелік орталығының директоры:
– Ұлты өзге болса да, қазақ тілінің мәселесін үнемі көтеріп жүрген азаматтарды нағыз қазақ деуіміз керек. Себебі олардың жаны да, рухы да – қазақ! Қазақстандағы Корей қауымдастығының жетекшісі Роман Ким қазақ тілін меңгеріп қана қоймай, Корей елінде қазақ тілін оқытуға атсалысып жүргенін мақтанышпен айтуға тиіспіз. Павлодарда Владимир Шнайдер деген азамат қазақ тілі мен әдебиетінің кафедрасында сабақ берді, қазір Инновациялық Еуразия университетінің проректоры болып істейді. Телеарна жүргізушілері Оксана Лоскутова мен Ламбриан Топузидистер үлкен эфирде қазақ тілінің мерейін үстем етіп, өзгелерге үлгі болып келеді.
«Тілдарын» орталығының басшысы ретінде байқағаным, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуге ынта-ықыласы ерекше. Қазақ тілін сөздік жағынан меңгергенімен, қазақша дұрыс айтпай қаламыз ба деп психологиялық жағынан қобалжып жатады. Біздің орталық еуропалық бес деңгейлік үлгіні негізге алып, тез арада мемлекеттік тілді меңгеруге және тіл үйренудегі психологиялық кедергілерді еңсеруге мүмкіндік береді.