Шымкентте оқушылар былтыр моншада оқыса, биыл тойханада білім алады
Шымкентте мектеп жетіспегендіктен оқушылар тойханада білім алады. Салтанат сарайы мектеп үлгісімен қайта жабдықталып жатыр. Бұл білім ұясында «Нұрсәт» мөлтек ауданында орналасқан №80 мектеп лицейінің оқушылары оқиды. Естеріңізде болса, дәл осы лицейдің оқушылары былтыр қоғамдық монша болған ғимаратта білім алған еді. Ал тойханадан мектепке айналған мектеп 1200 оқушыға шақталған.
Шымкентте карантин салдарынан бос тұрған тойхана енді мектепке айналмақ. Қазір элиталы салтанат сарайының іші оқу бөлмелері болып бөлінген. Талай жасқа тілек айтылып, тост көтерілген тойханада енді қоңырау үні сыңғырламақ.
Пандемия басталғалы жарты жылда тойханалардың жұмысы толық тоқтаған. Сарайдың иесі Есбол Қамбаровтың айтуынша, бір кездері той кәсібінен айына 20 миллион теңге табыс табатын. Ал мектептен ондай табыс түспесі анық. «Тек білім саласына қайырымдылық жасау мақсатында осы қадамға бардым» дейді кәсіпкер.
Есбол Қамбаров, кәсіпкер: - Тойхана салтанат сарайы емес уже мектеп болады. Басы бүтін мектеп. Ақылы, ақысыз мектеп болады осы жерде. Арендаға алып жатқан жоқ ешкім. Мен өзім жекеменшік мектеп етіп осыны ашып беріп отырмын.
- Ақылы түрде қанша баланы оқытпақсыз?
- Қазір келіп жатқанның барлығы ақысыз. 2-3 ата-ана ғана ақылыға арыз жазып отыр. Ата-аналардан жиналғанына қарай көреміз. Бір 100-120 мың теңге көлемінде айына ақылы болатын шығар.
Салтанат сарайы ішіндегі шығыс үлгідегі дизайн сол күйі қала бермек. Жаңа мектептің директоры Айшагүл Шайхинаның пікірінше, бұл балалардың білім алуына кедергі келтірмейді дейді. Ал мұнда осы маңдағы №80 мектеп лицейінің оқушылары келіп білім алатын болады. Себебі ол мектепте бала саны тым көп. Сынып бөлмелері де барлығына.
- Бала саны онда 3500-4000 мыңға дейін артығымен шығып жатыр. 3-4 жыл қатарынан қосымша ғимараттарды арендаға алып жатыр. Сондықтан біз осы жерге ұсыныс жасадық. Бұл кісіге рақмет айтамыз. Педагогтарды өзім алып келдім №80 мектептен. Себебі жаңа мектеп ашылса, оқушы соған кетсе олардың жалақысы қысқармау керек заң сондай. Неше балаға штат беріледі, сонша мұғалім аударылады, - дейді мектеп директоры Айшагүл Шайхина.
Қазір шаһардағы 19 мектепте оқушылар саны шамадан тыс көп. Олар амалын тауып, үш ауысымда білім алуда. Білім саласына жауапты қала басшысының орынбасарының айтуынша, осы мәселені шешуде тойханаларды мектепке айналдыру басты бағыты екен.
- Бұл тойханалар қашан ашылатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Бүкіл әлем коронавирусты қашан жеңетінін де ешкім білмейді. Сондықтан мұндай ғимараттар бос тұра бергенше басқа да қоғамдық игілікке қызмет етсін деген біз ұсыныс айттық. Қазіргі таңда үлкен тойхана иелері ойланып жатыр, - деді қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан.
Шымкентте алдағы үш жылда 47 жаңа мектеп салу жоспарда бар дейді білім басқармасындағылар. Десек те, бұл білім ұяларының мәселесін толық шешеді деп ешкім дөп басып айта алмайды. Ал демографиялық өсім қалада жылдан жылға ұлғаюда. Керісінше мектеп құрылысы жұмысының қарқыны бәсең.