Сүреңсіз шырша. Сүмірейген Аяз ата

Сүреңсіз шырша. Сүмірейген Аяз ата

Жаңа жыл мерекесі туралы бүгінгі күнгі пікірлер жан-жақты болғанымен, жаңа жыл балалық шақтың мерекесі екенін мойындағанымыз абзал. Бұл кезде бала атаулы ертегі әлемін аралап кетпей ме? Аяз атаның келуін, әлдебір таңғажайыптарды күтіп, өздерінің алғашқы армандарына ерік береді.
Жаңа жыл десе кез келген ересек адамның көз алдына Аяз ата мен Ақшақар ғана емес, қағаздан тігілген кәмпит қалта, сонау балалық шақта өздері қолдан жасаған қызылды-жасылды әшекейлер мен қағаз шынжырлар, сондай-ақ толып жатқан хайуанаттар бейнесі елестейтіні сөзсіз. Өйткені бұл мереке бір кездері әркімнің көңілінде өзінің әдемі қалпымен қала білді.
Жаңа жыл мерекесін барлық баланы қиялдауға үйрететін тәрбие сабағы десек те болады. Бұл кезде әр бала Аяз ата өз өміріне өзгеріс ала келердей, оған тілектерін арнап тағатсызданады.
Бұрын Жаңа жылға ел болып жаппай дайындалатын. Дәптер парақтарын бір-біріне жапсырып, аналарымызға кәмпит қалта тіктіріп алатынбыз. Қалтаның сыртына өзіміз әдемілеп шыршаның, Аяз атаның суреттерін салып әспеттейтінбіз. Сол бір карамель кәмпиттердің орамасы аса жылтыр емес, бағасы да арзан болғанымен, біз үшін одан асқан тәтті жоқ еді ғой. Еңбек сабағы болғанда қатты әрі түрлі-түсті қағаздардан жалаушалар жасап, шыршаны және мереке өтетін залды өз қолымызбен безендіретін едік.
Жаңа жылдың ең басты атрибуты – шырша. Ендеше, бар әсемдік соның бойында болуы тиіс болуы тиіс.
Өкініштісі, біз қазір осы бір көрікті мерекенің ұсқынын кетіріп алдық. Мысал келтіретін болсам, 2014 жыл қарсаңында осы қаладағы бір мектептің жаңажылдық мерекесіне қатысып едім. Кіріп барғаннан-ақ шыршаның ұсқынсыз кейпін көріп, көңілім құлазып қалды. «Тікен, тікен тік пісте, қысы-жазы бір түсте» деп өзіміз жұмбаққа қосатын жасыл шырша бір жағына қарай қисая орналасыпты. Бойы қысқа әрі ойыншықтары тым аз. Әдетте мен білетін жаңа жыл мерекелерінде ұстаздар Аяз ата ролін ойнап, жас мұғалималар Ақша қар болып жүре беретін. Және балалар міндетті түрде ертегі қойылымдарын көрсетіп жататын. Бұл жолы олай болмады. Әр ата-ана қалтасынан 500 теңгеден ақша шығарып, қаладағы мәдени мекемелердің өнерпаздары ақылы қызмет көрсетуге келген екен. Бірақ бұл мекеме мерекені қызықты етіп жарытпады. Балаларды қайта-қайта шетелдік әуенге билетіп, азан-қазан қылды. Екі сағатқа созылып кеткен қойыртпақ шараның ешбір тәрбиелік мәні болмады. Бір топ ата-анадан неге бұлай болғанын сұрастырып көріп едім, «Мұғалімдеріміз жылда-жылда Аяз ата, Ақшақар болудан шаршағандарын айтты. «Қаласаңыздар, өздеріңіз ойнаңыздар рөлдерді. Сценариін құрып, жаңа жылды да өздеріңіз өткізіңіздер!» деген, сондықтан балаларымыз тіпті дымсыз қалар деп, ұйымдастырушыларды сырттан шақырдық», - деді олар. Дәл сол сыныпта баласы оқитын бір ата-анадан биыл да: «Жаңа жыл қалай өтті? Былтырғыдан жақсы болған шығар?» - деп едім, ренішті кейіппен басын шайқап: «Өзгерген ештеңе жоқ. Биыл тағы да сол мекеме өнерпаздары келіп ұйымдастырып берді», - деді.
Биылғы мерекеде басқа бір мектептің шырша мерекесіне бардым. Бұл жердегі шырша да ойыншық атаулыдан ада, тек гирлянділер ғана ілінген екен. Қысқасы, шыршада өң-түс жоқ. Шамдарын жаққанда ғана біраз көркі кірді.
Рас, жоғарыда аталған мектептегіден айырмашылығы жоқ емес: бұл жердегі ұстаздар қауымы жоғары сынып оқушыларын ұйымдастыра біліпті. Бір оқушы қоян, екіншісі қасқыр ролін беріле ойнады. Алайда олардың екеуі де үстіне бұрнағы жылдардың Аяз аталарынан қалған көне шапандарды іле салған. Сырт кейіптері қасқыр мен қоянға әрең ұқсап тұрғандықтан, балалар үшін бұл қойылым онша әсерлі бола қоймады.
Шара барысында шетелдік «Modern Talking», басқа да топтардың көбінесе дискотекаларда ойналатын әндері жаңғырып тұрды. Арасында қазақ тойларының «хиттері» - «Мария Магдалена» мен «Қызыл өрік» те қойылып қалады. «Аппақ-аппақ жапалақтап», «Аяз беттен өбеді» деп басталып, шыршаны айнала шырқалатын балалардың әп-әдемі ескі әндері мүлдем орындалған жоқ. Мұны көрген адам қазақта жаңа жыл, шырша жайлы әндер жоқ деп те ойлауы ықтимал.
Бұрынғының балалары тақпақ айтып Аяз атаның дорбасынан кәмпит алуға таласа-тармаса ұмтылып тұратын. Қазіргі балалар бұрынғыдай Аяз атаға тақпағын айтып беріп, кәмпит алуға да аса ынтық емес. Өйткені апайлары оларға тақпақ жаттатуға ерінген бе, әлде тақпақты «модадан шығарып» тастаған ба, әйтеуір әр сынып топтасып шығып, шетелдің әндеріне қалай болса солай билей салды. Қорыта айтқанда, бұл мереке мектеп оқушыларының шырша мерекесі емес, ырду-дырду дискотеканың дәп өзі!
... Бір уақытта жүдеп-жадап Аяз ата келді. Шапаны тым тозыңқы. Сақалы да біртүрлі. Осы тұста бір айта кетерлігі, қазір мектептер мен балабақшаларда өтетін жаңа жыл кештерінде Аяз аталар сұр пима немесе күнделікті басқа да аяқ киімдермен шыға салатын болып жүр (тіпті бір ата-аналар былтыр кроссовка киген Аяз атаны көргендерін айтып, жыларман болды). Негізі, Аяз атаның таяғын да, аяғын да «қыраумен» өрнектеп қоюға аса көп ақыл мен жігердің қажеті жоқ.
Шынымды айтсам, мен бірнеше мектеп пен балабақшаның Аяз аталарының шапандарын әдейі көріп шықтым. Көпшілігі олпы-солпы. Талғамсыз. Түстері оңып кеткен. Бір шапанды әдемілеп тіктіріп қойса, ол жылдар бойы тұра бермей ме? Сонымен қатар, шыршаның ойыншықсыз болғаны қалай? Әйтеуір мектептерде сынып қорына ақша жиылып жатыр ғой. Әр балаға бір-бір ойыншық әкелу тапсырылса, ешбір ата-ана сатып әперуден бас тартпас еді. Өйткені бір ойыншыққа көп ақша кетпейді. «Көп түкірсе – көл». Осылайша, көп ойыншық жиналады әрі олар да тез тозатын нәрсе емес, ұқыптап жинап қойса жылдар бойы тұра береді. Линолеум мен жалюзге ақша жинауға келгенде ешкімнен тартынбаймыз ғой, оның жанында арзан ойыншыққа ақша жинау деген не, тәйірі?!
Облыс әкімінің сайтына таяуда ғана балалар үйінің тәрбиеленушілері хат жолдапты. Содан үзінді келтіріп өтейін: «Ең қызығы жаңажылдық шыршада болды. Әбден ойластырылған, ойындар мен конкурстарға толы сценарий қатысушыларды алғашқы минуттардан бастап өзінің сиқырымен баурап алды. Залдағы мерекелік көңіл-күй құшағында жаңажылдық ертегі әлеміне сүңгіп кеттік». Әкімнің шыршасы ғана керемет өтіп, басқа шыршалар қалай болса солай өте беруі керек пе сонда? Неге өз деңгейімізді өзіміз төмендетіп жібердік? Әлде жаңажылдық шыршаның дайындығына да қаптаған комиссияларды жіберу қажет пе?
Қорыта айтқанда, тәрбиешілер қауымы «біз Аяз ата болудан шаршадық» деп, басқа мекемелерге жүкті арта салмай, жоғары сынып балаларын жұмылдырып, әр сыныпқа тақпақ жаттатып, ертегі әзірлетіп, жаңа жылдың көңілді өтуін дұрыстап ойластыруы керек. Және мерекедегі әсемдікке, эстетикаға мән беруі тиіс. Себебі жаңа жыл мерекесі – өмір бойы есте жатталып қалатын таптырмас тамаша тәрбие сабағы!

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста