Балабақшадағы бүлдіршіндердің айтысы көпке күлкі сыйлады. Қолдарына домбыра ұстаған қыз бен ұл елдегі проблемаларды қозғады. Бүлдіршіндердің айтысы жаңа жылға арналған мерекелік шара кезінде өткенін байқауға болады, деп хабарлайды Экспресс К.
Әлеуметтік желілерде тілі балдай балалардың айтысқан сәтінің видеосы тарап кетті. Бейнежазбаны алғашқылардың бірі болып Instagram-дағы @saryagashcity паблигі жариялады. Онда "Қазақстандағы ең жас ақындар. Қолдап жіберейік" деп жазылған.
Видеода Айзере есімді бүлдіршін "кредитінен құтылған бір жеңешем, орамалын желбіретіп билеп кетті" деп айтады. Ал оның қарсыласы оған былай деп жауап береді:
"Шынында бұл кредит хит болды-ау,
Қиналған отбасылар көп-ау небір.
Былай тартса жетпегені, былай тартса
Есесіне жабылғандар қуанды-ау бір"
Ал соңында қыз бала балабақша бүлдіршіндері болса да айтыста өздерінше саясатты қозғап, елдің мақтанышы болып жүре берейік деген тілегін жеткізеді.
Айтыс еліміздің қай өңіріндегі балабақшада өткені белгісіз.
Желі қолданушылары видеоны Whats App мессенджері мен Facebook-те де бөлісті.
Бүлдішіндердің өнерін тамашалаған желі қолданушылары оларды болашақ айтыс жұлдыздары болатынын айтып, ыстық лебіздерін білдірді.