Қазақы ырым-тыйымдар

Қазақы ырым-тыйымдар

Құрметті оқырман! «Алаш айнасы» интернет-порталы ел ішінде жиі қолданылатын, күнделікті өмірде жиі айтылып, жиі жазылса да, көп адам мән-мағынасын біле бермейтін кейбір сөздерге талдау жасамақпыз. Одан бөлек бұл тараудан сіздер қазақта бар ырым-тыйымдар туралы мағлұматтар алып, әдептілік қағидаттарынан да хабардар бола аласыздар.. Ескеретін жайт, мәліметтер легі апта сайын толықтырылып отыратын болады.
«Ассалаумағалейкүм!» сөзі тұң­ғыш рет қазақ жеріне ІХ ғасырда ис­лам дінімен бірге келгені аян. Араб ті­­лін­дегі «әссәләм» сөзі (бейбітшілік) де­генді білдірсе, «әйлейкүм» сөзінің ма­­ғынасы (сізге немесе сіздің ша­ңы­­рағыңызға) дегенге саяды. Ал екі сөз­ді қосып айтқанда, «Сіздің ша­ңы­­ра­ғыңызда бейбітшілік орнасын!» де­­ген сөз шығады екен. Сол себепті бо­­лар, дінтанушылар «Ас­­­са­лау­­маға­лей­күм!» деп аман­дас­қан адамға «Уа­ғалейкүм!» деп қыс­қа­ша тіл қату дұрыс еместігін айтады. «Дұрысы «Уағалейкүмассалам!» деп толық айту керек. Яки «әйлейкүм» сөзі «әс­сә­лемсіз» айтылса, жай ғана «сіздің ша­­ңырағыңызға..» деп айт­қан­мен бір­дей болып қалады», – дейді олар. Бір атап өтерлігі, соңғы кездері қыз-ке­лін­шектер арасында да бір-бірімен «Ас­са­лаумағалейкүм!» деп аман-саулық білісетіндер де кө­бе­йіп келеді екен.
Алайда кейбір ғалымдар қазақта аман­дасудың жер-жерлерде өзіндік дәс­түрі бар екендігін айтады. Олардың ай­туынша, еліміздің баты­сын­­да «Не ха­бар?» десе, шығыста «Не қал?», оңтүстік өңір­лерде «Аман­сыз ба?», «Армысыз?» деп амандасса, ал жастар жағы «Қа­лайсың?!», «Сә­лем!» немесе «Привет!» деп те аман­дық біліседі. Бұл жайында сіз не дей­сіз, құрметті оқырман?!.
БАҚИ — уақытпен өлшенбейтін мәң­гі рух атауы, адам рухының о дү­ние­­лік мекені дегенді білдіреді.. Мы­салы, «фәниден бақиға аттанарда...»  сөз тіркесі қолданылғанда ол «бұ дү­ние­­ден о дүниеге..» деген мағына бе­реді екен.  «Мені мен менікінің айы­рыл­ғанын, Өлді деп ат қойыпты өң­кей біл­­мес», – деген екен Һакім Абай. Бұл сөз мұсылман діні арқылы араб тілінен енген деп кесіп айту тағы қиын. Себебі «Кодекс Куманикус» (11—13 ғасырлар) кітабында «Бағұл-Бақұл» деген сөз бар. Осы сөздің күні бүгінге дейін сақталған мағынасы — қайтыс болар, яки, о дү­ниеге аттанар шақтағы адамның ақтық сөзі (ба­қи­ласып қалу). «Бақидың қы­зы­ғынан үмі­тім көп, фәнидің аз қы­зы­ғын не қы­ламын» деген өлең жол­да­рынан (20 ғасыр қазақ ақындары) аңға­ра­тынымыз тәубеге келтірер басты ұғым — осы «бақи» сөзі.
Ислам дінінде «Фәни» сөзі ­жол-жө­некей уақытша тынығатын жай ғана аялдамалардың бірі деп түсін­ді­ріледі. Адам баласы рух әлемінен ана құр­са­ғына, сол жерден фәни дүниеге (сіз бен біз өмір сүріп жатқан өмір), одан әрі ба­лалық, жастық, егделік, кәрілік ке­зеңінен өтіп, қабір әлеміне (бәр­зах), одан хашыр әлеміне, сол жер­ден мәң­гілік сапарға аттанады деп түсіндіріледі. Осы сапарда адам фә­ни дүниеде аз ға­на уақыт аялдайды деген сөз осыдан қалған. Аллаһ ел­шісі бір хадисінде бұл жалғанды «ағаш көлеңкесінің саясында бір сәт де­малу» деп сипатталады. Адам ба­ласы бейне бір жолаушы тәрізді. Осы­нау ұзақ сапарында аз‑кем бел жа­зып, аяқ суыту үшін бір ағашты сая­лайды. Фәни ғұмыры осы ғана. Сон­дықтан да бұл дүние адам баласы үшін мәңгілік тұрақ емес. Керісінше, бір түн түнеп шығатын қонақжай тәрізді деп түсіндіріледі.
ЖӨРГЕМ. «Әр елдің заңы басқа, иттері қара қасқа» деген сөздің жаны бар. Арқаны мекендейтін ел «жөргем» деп тоқішектің ет пен шажырқай қосылған түрін айтса, ал жетісулықтар өкпені бір елідей ғып жіңішкелеп кесіп, ішек сияқты өретін болған. Мұны олар «жөргем» деген екен. Ал Балқаш бойындағы қазақтар болса ертеде қыстаудан жайлауға көшкенде қыс­таудың төбесін жапқан бастырма ағашқа жөргемді іліп кетіп отырған. Ондағы мақсат – жол-жөнекей өзегі талған жолаушы осы жөргемді тал­ғажау етсін, әлденіп, жолынан қал­масын деген ой. Мұндай үрдіс Сібірдегі халық­тардың да тұрмыс-салтында кездеседі екен. Ескере кететін жайт, қай елде болсын тоқ ішек те, өкпе де қонақтың табағына салын­байды.
Мына өлең жолдары «жөргем» сөзінің тоқетерін айтатындай..
_«Жүргенге жөргем ілінеді...»
Жүре бер есіткен атыңа,
Кідіріп енді тоқтама!
«Жүргенге жөргем ілінеді»,
Не іздеп келеді жатқанға!_
ЫҚЫЛЫМ. Бұл сөздің көптеген ғылыми еңбектердегі мағынасы ұқсас әрі уақыт өлшемімен есептелмейтін өткен шақты білдіретіндей. Сондықтан болар, қазақтар сөз арасында «сонау ықылым заманнан» деп қосып айту арқылы әңгіменің төркіні нақты бір уақытқа немесе белгілі бір кезеңге бағын­байтынын аңғартатындай. Одан бөлек, «ықылым» сөзі мұсылман­дардың ортағасырлық фәлсапасы бойынша жер-жаһан жеті қабаттан тұрады деген географиялық түсінігі де болған.
• Қолды жумай тамаққа отыруға бол­майды. Тамақ жеудің алдында және соңында қонақтардың қолына жылы су құйылады. Қолға су құю оң жақтан солға қарай орындалуы тиіс. Қол жуған­да қолдың әрбір саусағы жеке-жеке жуылады.
• Дастарқан басында адамдар жасы­на қарай отырады. Тамақ әуелі үлкен кісінің алдына қойылады.
• Тамақты асықпай ішеді. Тамақ ішер алдыңда «Бисмиллаһи рахмани рахим» деп нанды үзіп, ауыз тигеннен кейін ғана тамақ жеу басталады. Бұл сөз «Мейірімді Алланың атымен бастай­мын» дегенді білдіреді.
• Тамақты оң қолдың үш саусағымен алады және әркім өз алдынан жейді.
• Ыстық тамақты, шайды үрлеп суытпайды. Тамақтың құты кетеді.
• Тамақты және шайды өте ыстық немесе салқын күйінде ішуге болмайды.

Тамақты аз-аздан алып, асықпай шайнап жейді.
• «Наны қатты екен», «шала піскен», «күйіп кеткен» немесе «езіліп кеткен» т.б. сөздерді айтып нанды, тамақты сынамайды. Нанды, тамақты сынау –аштықты шақыратын жаман ырым. «Ас – адамның арқауы» саналады. Асты жамандаған адам аштықта өледі деп жориды.
• Тамақты шынтақтап жатып, түрегеп тұрып немесе тым еңкейіп отырып жеуге болмайды. Тамақты отырып жеген абзал.
• Дастарқан басында мағынасыз әңгімелер айтуға болмайды. Тамақтану кезінде әрбір адам өзін-өзі ұстай білуі, мүмкіндігінше аз сөйлеуі тиіс.
• Бейіт басында немесе оның жанын­да тамақ жеуге болмайды. Ал көшеде, ба­зар­да, көлікте мүмкіндігінше көпші­лік­тің назарын аудартпай тамақтанған дұ­рыс.
• Тамақ жеп отырған адамды орны­нан қозғау әдепсіздік болып саналады.
• Қонақ адам тамақты тәбетіне орай, өз қалауынша жегені дұрыс. Оған тамақты зорлықпен алдыру әдеп­сіздік болып саналады.
• Тамақты, нанды қалдырмай, тауы­сып жеп қою керек. «Жаманнан жарты қасық ас қалар» деген сөз бекер айтыл­маған.
• Тамақ ішіп болғаннан соң тұрып кетуге болмайды. Өйткені тамақтану соңында ас қайырылып, бата беріледі. Үй иесіне жақсы тілек айтылады.
• Ас ішіп болған соң, «тойдым» демейді, «қанағат» деген жөн.
• Дастарқан басында отырған қонақ­ты санамайды. Қонақты санау жаман ырым саналады.
• Дастарқан аттаған әдепсіздік болып саналады.
• Әкесі тірі бала бас ұстамайды. Егер бала бас ұстаса, әкесі өліп қалады деген ырым бар.

Дініміз бойынша, адам жаман, қорқынышты түс көрсе, дереу сол жақ иығына қарата үш рет түкіріп, «қуылған шайтанның шатағынан Аллаға сиынамын» деп Құдайдың құдіретіне жалбарынуы керек. Тұрып дәрет алып, екі бас намаз оқыса, тіпті жақсы. Садақа берсе де қайырлы. Садақа бәледен аластатады. Бір қадап айтар нәрсе – жаман түсті еш­кім­ге еш уақытта да айтуға болмайды. Дін бойынша солай. Қазақтың «Түс – түлкінің боғы» деп, жаман түсті елемейтіні сондықтан. Жалпы, түсті тек жақсылыққа жору керек. Жамандыққа жорыса, толқып тұрған түс жаман жаққа ауып кетеді делінеді. Қазақтың «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейтіні – осы. Кейбір адамдар түстің тілін түсінеді. Түсті жорытқанда да, осындай түстің тілін білетін, салиқалы кісілерге жорытқан жөн. Ал бір керемет түс көрдіңіз, мәселен, онда сіз  Пайғамбарды көрдіңіз дейік, негізінен, ондай жақсы түсті де ешкімге айтпау керек, айтсаңыз, қасиеті қашып кетуі әбден мүмкін.

Өмірде қатты қалжыңдасатын құрдас кісілер де болады. Кейде ойнағанның жөні осы деп шектен тыс асырып жібереді. «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле» дейді ата-бабамыз. Мұның бәрі өмірлік тәжірибеден алынған. Сөзбен еш уақытта ойнауға болмайды. Сөздің сиқыры, энергия­сы бар. Жапонның бір ғалымы екі құтыға бірдей таза табиғи су құйып, бірдей гүл өсірген. Сөйтіп, бір гүлге үнемі жақсы, жағымды сөздер айтқан болса, ал екінші гүлді ылғи балағаттап, лағынет сөздер айтып отырған. Нәтижесінде жақсы сөзге семірген гүл керемет жайқалып өсіп қана қоймай, суының құрамы да өз сапалылығын сақтап қалған. Ал была­пыт сөздерді көп естіген гүл уақы­тынан бұрын солып, қурап кет­кен екен.
• Сейсенбі күні алыс жолға шық­пайды. Сәрсенбі күні жолға шыққан жолаушының жолы болады.
• Жолда кездескен адамнан «қай­да барасың?» деп сұрамайды, «жол оң болсын!» деу керек.
• Аттылы жолаушы келсе, атын қазыққа байлап, содан соң ғана киіз үйдің алдына келіп, үй иелерімен сөйлеседі. Егер асыққан жолаушы бол­­са, аттан түспестен, киіз үйдің сыртынан сөйлеседі.
• Жүкпен жолға шыққанда үйден тұз алмайды.
• Жүрер жолдың уақытын кесіп айтуға болмайды. Ол Құдайға астам­шылық, күпірлік болады. Жол жүретін адам «Алла жазса», «Алла жол бер­се», «Құдай қаласа», «Барар жердің дәмі тартса», «Жол бойындағы ар­уақтар қолдап, Алла оңдаса» деп тілек тілегенде, жол бойындағы ке­дер­гілердің бәрі аластатылады.
• Жұма күні көшуге болмайды. Жұма – қасиетті күн. Бұл күні ата-баба аруақтары шаңыраққа келіп, дұға дәметеді.
• Егер жолаушы жол бойында тұм­сығы өзіне қарап жатқан аттың немесе түйенің басын кездестірсе, бұл – жақсы ырым, ал керісінше болса, он­да жолы болмайды.
• Жолаушының алдынан қара мы­сық кесіп өтсе, жолы болмайды. Егер ит кесіп өтсе, жолы болады.
• Жолаушыға түзге отырған әйел кездессе, жолы болады.
• Алыс жолға шыққан адамдар қара шаңырақтан немесе үлкен кісінің үйінен дәм татып аттанады.
• Асқа, тойға, мереке-мейрамға бағышталып сойылған малдың еті сол үйдің адамдары ауыз тимей тұрып, басқаларға берілмейді. Қанын итке иіскетпей көміп тастайды. Бұл – жақсы тілеу басқаға аумасын, оң тілек ит-құсқа жем болмасын дегені. Сондықтан мұндай кезде ылғи нышанды мал сойылады. Дені сау көк қасқа тай, ақ сары бас қой, атан түйе, атан өгіз, ту бие секілді. Сондай мал сойылған соң қасиеті кетпесін дегені.
• Қазақ аққуды, сары ала қазды, бұлбұл мен жалғыз жүрген құсты ауламайды, атпайды. Өйткені бұлар киелі құс деп есептеледі.
• Сауысқан үйдің төбесіне қонып немесе үйге қарап шықылдаса, үйге қонақ келудің нышаны. Алыстан жолаушы келеді, жолаушылар аман-есен оралады деп ырымдайды... «Әлей-әлей, әлей, ақ сөйлей гөр!» деп тілек айтады.
• Кептерге қарап тас лақтырмайды. Олай істесе тыныштық бұзылады, береке кетеді деп ырымдалады.
• Қазақ ұғымында үкі – қасиетті құс, үкінің үлпілдек жүні, басы, сира­ғы және қауырсыны жын-шайтаннан қорғайды деп төсектің басына, бесік­ке, баскиімге қадайды.
• Малға оба тисе, қасиетті санал­ған адамдардың моласынан топырақ әкеліп ұшықтайды. Себебі оба да бір қасиеттің белгісі. Оның да күшті қорғаушысы болады деп ырымдайды.
• Түйе мойнын созып жіберіп, басын жерге салып жатса, ұзақ жол немесе көш басталады деп ұйғарады.
• Қоралы қойға қасқыр шапса, көк бөрінің аузы тиді, Көк Тәңірі қолдай­ды, мал өсіп, жан аман болады деп жориды.
• Түйенің ішіндегі аруананы со­ғым­ға соймайды. Егер соғымға соя­тын болса, бұл әулеттен күш-қуат, мейі­рім кетеді деп ырымдайды.
• Малды бауыздар алдында басын құбылаға қаратып тұрып бата жасай­ды. Алладан бұйыртып жегізуді тілей­ді. Онысы малдың еті дәмді, адал болсын деген.

Мал әбзелдері мен құралдарына байланысты тыйымдар мен ырымдар

• Мал әбзелдерін лас жерге, аяқ астына тастамайды. Оларды арнайы орынға іліп қояды.
• Мал ұстайтын құралдарды (құрық, бұғалық т.б.) аттамайды. Мал ұстайтын құралдар киелі болып сана­лады.
• Мал ұстайтын құралдарды тік көтеріп жүруге болмайды, олардың ілгегін қолға іліп, жерге сүйретіп жүре­­ді.
• Мал байлайтын арқанды, жіпті, көгенді т.б. аттамайды.
• Қой қырқатын қайшыны иесіне «мұны мен емес, жер беріп отыр» деп ойлап, жүнге орап қайтарады. Қайшыны қолға бермейді, жерге қою керек. Екінші адам оны сол жерінен алады, әйтпесе қайшы қойдың терісін кесіп кетеді.
• Ер-тұрман үй-ішіндегі арнайы жерге қойылады.

Күн, ай және жұлдыздарға қатысты тыйымдар мен ырымдар

• Жұлдызды санамайды.
• Жұлдыз санаса, өлім-жітім, жаманшылық көп болады.
• Айды қолмен көрсетсе, отбасын­да жаманшылық болады.
• Күнге, айға қарап дәрет сынды­руға болмайды. Бұл – өлім-жітім шақыратын жаман ырым.
• Аспаннан ағып түскен жұлдызды көрген қазақтар «менің жұлдызым жоғары» дейді.
• Жаңа айды көргендер «жаңа айда жарылқа, ескі айда есірке» деп бата жасап, ырымдайды.

Бесік жыры (салт)

Әлди-әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат бөпем!
Жылама, бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін,
Байқұтанның құйрығын
Жіпке тағып берейін.
Арша ма екен бесігі?
Алар ма екен әкесі?
Өрік пе екен бесігі?
Сүйе ме екен әкесі?
Жиде ме екен бесігі?
Әлди-әлди, аппағым,
Қойдың жүні қалпағым...

Сәби тәрбиесі мен мінез-құлқын қалыптастыруда бесік жырының орны мүлде бөлек. Ол баланың көкірек көзін ашады, жан-жүйесін тербейді, сезімін сергітеді, көңіл күйін көтереді. Есейе келе өнерге, сөз өнеріне бейім­деледі. Әже мен ананың әлдиі сәбидің алғашқы өнер мектебі екені баршаға белгілі. Ұлы Абайдың «Туғанда дүние есігін ашады өлең» деуі тегін емес. Бесік жырында ұлттық тәрбиенің үздік үлгісі жатыр. Алайда соңғы жылдарда бесік тербетіп отырып бесік жырын айтатын әже, ана азайды. Бесік тер­бететін баланың өзі бөпесін өлең айтып ұйықтататын. Бұрын ананың бесік жырын сәби ғана емес, ауыл балалары, тіпті үлкендер де құлағын салып тыңдап отыратын. Кейінгі кездерде жастардың халық әніне назар аудармауы, өлеңге әуестен­беуінің бір себебі осы бесік жырының ұмытылуында болса керек.

ЖЫЛҚЫ. Жылқы малының бірі табынды өгейсіп, үйренбей, шеттей берсе, иесі сол жылқының жалынан бір талын жұлып алып, оның аузына салып сілекейлеп, қалтасына салып қояды. Бұл ғұрыпты «сілекей алу» дей­ді. Төрт түлік малды сатқанда не­ме­се сыйлағанда жылқының жүгенін, ноқтасын, түйе мен сиырдың бұйда­сын, бүркіттің томағасын, иттің қар­ғыбауын бермей алып қалады. Жалы мен құйрығында ақ қалы бар жылқы­лар құтты болып саналады. Сатыл­май­ды, ешкімге берілмейді. Себебі сол малмен бірге құт-береке келеді деген ырым бар. Әртүрлі себептермен біреуге беріле қалған жағдайда оның сілекейі алынады. Қазақ желі­нің киесі бар деп тәу етеді. Малдың сүйегін баспайды. Жылқы­шы­ның құрығынан, балта, бақанның үстінен аттамайды. «Құрық аттаған құриды, бақан аттаған байымайды, балта басқан жарымайды» деген атадан қалған сөз бар.
• Буаз малды төлдер алдында, өрістен қайтқанда, өріске айдарда қуаласа, өз мерзімінен бұрын төлдеуі мүмкін. Мұны «іш тастау» дейді.
• Мал қораның сыртында, бол­маса ішінде ысқырмайды. Халқы­мыз­да ысқырыққа жылан келіп, мал­дың емшегін шағады немесе сүтін сорып кетеді деген түсінік қалыптас­қан.
• Жас мал төлдегенде үйге қарыз сұрап келгендерге ештеңе бермейді - жас төлдің  құты кетеді.
• Қой қоздағанда шуын жерден айыруға болмайды; оны сүйретіп апарып тастайды, әйтпесе қозы қашаған болады. Әрі шуын жеп қойған мал тумай қалады.
• Мал туып жатқанда жанында адам тұрса, төлін қызғанып, өлтіріп тастауы мүмкін.
• Малшы көктем уақытында дала­ға жалаң аяқ, жалаң бас шықса, отарына суық тиіп ауырады.
• Ұрлық жасаған, өтірік айтқан адамға мал бағуга болмайды, мал­дың берекесі кетеді.
• Тұмса малдың алғашқы сүтін ешкімге бермейді; сүтті болса, оны бөтен адамға айтып мақтамайды, себебі сүті қайтады.
• Мал иесі немесе оның отбасында адам қайтыс болғанда, мал сауыл­май­ды, төлін ағытып жібереді.

Адамның іс-әрекетіне қатысты тыйымдар

• Адамға қарап керілмейді, әдепсіздік болып саналады.
• Тырнақ тістесе, ырыс-несібе кетеді.
• Жатқан кісінің үстінен атта­майды.
• Жақты таянбайды. Қайғы-қасі­рет­тен әбден қажыған адам ғана жағын демеу етіп таянады.
• Бетті басуға болмайды. Қайғы­дан қажыған адам ғана бетін басады.
• Тізені, табанды тартуға болмай­ды.  Ауырған кісі тартады.
• Жуған қолды сілкісе, ырыс-несі­бе кетеді.

Киімге қатысты тыйымдар

• Киімді оң қолдан бастап киіп, сол қолдан бастап шешеді.
• Тозбаған киімді тастауға бол­май­ды.
• Киімді сілкіп киген жөн, өйткені киімге жабысқан улы жәндіктер болса, ұшып түседі.
• Қыздарға ер баланың киімін киюге болмайды. Жаман ырым.
• Киімнің жағасын басуға бол­май­ды.
• Баскиімді теріс киюге, лақты­ру­ға болмайды. Баскиімді әрқашанда таза, ұқыпты ұстап, босағаға емес, төрге ілу керек.
• Қыз бала басына ақ, қара ора­мал тартпайды. Ақ – жаулықтың, қара қайғының белгісі болып сана­лады.
• Садақаға киім берсе, оның түймесін қиып алады.

Қоршаған ортаға байланысты тыйымдар

• Көкті жұлсаң, көктей соласың.
• Суға түкірмейді.
• Құстардың ұясын бұзуға бол­майды. Қарғаса, үй-ішіңе кесапаты тиеді.
• Құмырсқаның илеуін бұзба.

Төрт түлікке қатысты тыйым­дар

• Мал қораның сыртында бол­маса ішінде ысқырмайды.
• Жас мал төлдегенде үйге қарыз сұрап келгендерге ештеңе бермейді.
• Малдың алдынан бос ыдыспен шықса, сүт азаяды.
• Малға дауыс көтеріп ұрысуға, ал жылқыны ауыздықпен ұруға бол­майды.
Түнде мал санамайды және еш­кім­ге бермейді

Үй тұрмысына қатысты тыйымдар

•  Үйге кіргізілген отынның арты­ғын шығарып тастамайды.
•  Үйді айналып жүруге, жүгіруге болмайды. Бұл «жамандықты шақыр­ма» дегенді  білдіреді.
•  Шәугім, аққұманның шүмегін есікке қаратып қойса, ырыс-несібе ке­миді.
•  Сыпырғышты төрге қоймайды. Бұл үй ішіндегі жаманшылық, ауру-сырқау сыпырғышпен босағадан шықсын, төрге жоламасын деген ниет­пен туған.

Жол жүруге қатысты тыйымдар

•  Сейсенбі күні алыс жолға шық­пайды.
•  Жүкпен жолға шыққанда тұз алмайды.
•  Жүрер жолдың уақытын кесіп айтуға болмайды. Жол жүретін адам «Алла жазса», «Құдай қаласа» деп тілегенде, жол бойындағы кедергі­лердің бәрі алыстатылады.

•  Жұма күні көшуге болмайды. Жұма – қасиетті күн. Бұл күні ата-баба аруақтары  шаңыраққа келіп, дұға дәметеді.

Алыс жолға шыққан адамдар қара шаңырақтан немесе үлкен кісінің үйінен дәм татып аттанады.

Сүт тағамдарына байланысты
•  Тойға қымыз әкелген сабаны біржолата сарқып босатпайды, түбін­де міндетті түрде бір ожау қымыз қалуы керек.
•  Сауылған сүтті ашып тастауға болмайды.
•  Сүтті үрлеп ішпейді, майлылығы азаяды. Сүт сауатын шелекті су басы­на апармайды, құты кетіп қалады.

Отқа қатысты тыйымдар
•  Отты шашуға, атуға, басуға болмайды. Отбасының берекесі кетеді.
•  Отқа түкірмейді.
•  Отты су құйып өшірмейді, өйткені қайта тұтатуға қиын болады.
•  Түнде күл шығармайды.
•  Күл төгілген жерді баспайды. Себебі барлық жаманшылық күлмен кетеді, оны басу сол жаманшылықты үйіне әкелгенмен бірдей.

– Әкесі тірі адам төрге шықпайды, бас ұстамайды. Себебі ер-азамат – әр отбасының тірегі. Сол себепті ол ұстап отырған шаңырақтың төрі де, бас та, бәрі-бәрі – тек үй иесінің құзырында болуы тиіс. Ал әкесі тірі адам ол отыратын төрге шығып, отағасы кесуі тиіс басты ұстаса, оған қиянат жасалды деген ұғымды білдіреді екен. Сондықтан да әкесі жоқ адамдар ғана бұлай істеуге болады.

– Үйге кірген жыланды өлтірмейді. Басына ақ тамызып, шығарып жібереді. Себебі кей кездерде періштелер жылан бейнесіне еніп, жер бетін шарлайды екен. Сондықтан жылан кейпінде келгендердің кейбірі періште болуы да мүмкін деген түсінік бар.

– Қазақ тұзды бейберекет шашпайды. Себебі барлық тағамның дәмін келтіріп тұрған – тұз. Сол үшін тұз төгілсе, ырыс төгіледі, дәм шамданады, үйден ас кетеді. Сонымен қатар жерге төгілген тұз еріп, жоғалғанша сол жерге тұзды төккен адам тұздай ащы тірлік кешеді деген де ырым бар екен.

– Бос бесікті тербетпейді. Баласы өліп, бағы сөніп, өзегі өртеніп, соның салдарынан есалаң күйге ұшыраған әйел ғана солай жасайды. Сол үшін мұндай жамандық шақырмау үшін бос бесікті тербетуге болмайды деп ырымдайды.

– Бас киімді кез келген жерге тастай салуға болмайды, биікке іліп қою керек. Әсіресе аяқ астына тастамау керек. Мұның себебі бастан бақ тайып, бас ауруына тап болады. Басы айналып, тілі байланып, иманы қашады. Адам баласынан қадірлі, ақылынан қасиетті ештеңе жоқ.

АУШАДИЯР (дәстүр). Үйлену тойы кезінде айтылатын дәстүрлі өлең, жыр. Және жай өлең емес, ерекше ұлттық тәрбиелік маңызы бар өзіндік айтылар ән. Көркем шығар­машы­лық­пен айтылатын той көркі, сән-сал­танат, өнегелі өнер. Мұны іздеп тауып, өмірге әкелген жазу­шы Уахап Қыдыр­ханов екен. Аушадияр жырының үлгілерін шетелдегі қазақ­тар сақтап, бізге жет­кіз­ген. Шынын айту керек, бұл қазір Қа­зақстанда айтыл­майды,  халық жады­нан өшкен десек те бола­ды. Үйлену тойы үстінде айтылатын аушадияр:
Аушадияр бір болар,
Жаманның көңілі кір болар.
Ата-анасын сыйлаған 
Ақ шалмалы би болар.
Аушадияр екі дер,
Ержеткеннің еркі дер. 
Омырауы толған он түйме 
Қыз баланың көркі дер...
Аушадияр төрт болар,
Өле-өлгенше серт болар.
Жыр жаңа қосылған жастарға ар­на­лады. Мұнда ақыл, үлгі, өнеге, тә­лім-тәрбие туралы толғауды санама­лап айтудың халықтық бай дәс­тү­рі бар. Ұлтымыздың ұлағат­ты әдет-салтының бұл түрін өмірге енгізетін болсақ, мәдени қазы­на­мыз да, өнері­міз де өсе түсер еді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста