Мұхтар Құл-Мұхаммед қазақ ғылымын дамытудың жолын ұсынды
Бүгін Алматы қаласындағы Ғылым ордасында ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының жалпы сессия жиналысы болып өтті, – деп хабарлайды «Алаш айнасы» басылымы. Сессия жиналысына ҚР Президентінің кеңесшісі Мұхтар Құл-Мұхаммед қатысып, ғалымдар тарапынан өз деңгейінде көңіл бөлінбей отырған кейбір ғылыми салалардың кемшіліктерін атап өтті.
ҚР Президентінің кеңесшісі Мұхтар Құл-Мұхаммед ғалымдармен әртүрлі жағдайда өткен жиындарда, түрлі кездесулерде жүздесіп жүргенін, десе де, дәл осындай кең құрамдағы кездесуде барысында ғылым мен білімнің қоғам алдындағы мақсат-міндеттері жөніндегі өз ойын ортаға салғысы келетінін айта келіп: «Өркениетті, дамыған елдердің қай-қайсысында болмасын ең алдымен ғылымға, зиялы қауымға арқа сүйейді. Ғылым дамымай, технология дамымайды, технология дамымай, өндіріс өркендемейді. Өндіріс өркендемей экономика алдыға жылжымайды», – деді.
Сондай-ақ, ҚР Президентінің кеңесшісі Мұхтар Құл-Мұхаммед қазақ ғылымын сала-салаға бөліп, әр сала бойынша алда қалай жұмыс жасауға болатынын, қазіргі ғалымдарымыз қандай мәселеде, қандай тақырыптарда ақсап жатқанын жіпке тізді.
Мұхтар Құл-Мұхаммедтің айтуынша, қазір қазақ ғылымының дамуына барлық жағдай жасалып отыр. Бірақ та, біздің тарихшылар тарих ғылымын зерттеуде кереметтей нәтижелерге жете алмай отыр. Тіпті, кей жағдайларда кейбір тарихи оқиғаларға қатысты тарихшылардың алдын әдебиетшілер орап кетіп жатады. Осындай негізде әңгіме айта келіп Мұхтар Құл-Мұхаммед бұған дейін қазақ зиялыларының тарих ғылымына деген ықылас өте жоғары болғанын дәлелдеп берді. «Қазақ тарихын ең алғаш қағазға түсірген Шоқан Уәлиханов, Мұхамеджан Тынышбаев, Санжар Аспандияровтардың еңбегі ұшан теңіз. Мұхамеджан Тынышбаев – теміржолшы, Санжар Аспандияров – дәрігер бола тұра тарих үшін аса құнды туындыларды артта қалдырып кетті. Мұнан кейінгі кезеңдерде Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов сынды зиялыларымыз монаграфиялық еңбекке бергісіз шығармалар жазды. Елбасымыз Ұлытаудағы сұхбатында «қазақ мемлекеттілігі болмаған» дейтіндердің сөзін жоққа шығарып, тарихқа қатысты өз пікірін білдірді. Қазақтың тарихы ғұндардан басталатынын да айтты. Сөйте тұра біздің ғалымдарымыз әлі күнге ғұндар тарихына қатысты бір монографиялық еңбек шығара алмай отыр», – деді.
Мұнан кейін Мұхтар Құл-Мұхаммед әдебеит ғылым саласына ойысып, геолог Қаныш Сәтбаевтің «Едіге батыр» жайлы жырды ел аузынан жазып алғанын, техникалық ғылымдардың өкілі бола тұра Ебіней Бекетовтің әдебиетпен шұғылданғанын мысалға келтіре отырып, бір ғана Бейсенбай Кенжебаевтің еңбегін барлық салаға үлгі етуге болатының меңзеді. «Бейсенбай Кенжебаев көк түрік дәуірін Мырзатай Жолдасбековке, ежелгі дәуір әдебиетін (алтын дәуір) Алма Қыраубаеваға, жыраулар поэзиясын Мұхтар Мағауинге, Алашорда кезеңін (кейінгі дәуірді) Рымғали Нұрғалиевке зерттету арқылы әдебиет ғылымының дамуын жеделдете білді. «Ал, қазір ше, қазір ноғайлар дәуіріндегі тарихи-әдеби құндылықтардан айрылып жатырмыз. Өйткені, ол құндылықтардың барын татарлар иемденіп алды», – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Сонымен қатар, презиедент кеңесшісі бүгінде қазақ фальклоры жинақталып, 100 том болып шыққанын, сол 100 томды ғалымдарымыз зерттесе, ең кемі 10 монографиялық еңбек жазуға болатынын ескертті.
Мұхтар Құл-Мұхаммед тәуелсіздік алған жылдардан кейін қаржы тапшылығы салдарынан көптеген ғалымдарымыз бизнес саласына кеткенін, солар қазір кереметтей нәтижеге жетіп жатқанын айта келіп, ғылым мен бизнесті үйлестірудің үлгісі жайлы да өз ойын ортаға салды. Сондай-ақ, ол психология ғылымдарын дамытудың жолдарын, қазір тіпті спорттық психологияға қатысты еңбектер жазыла бастауы тиіс екенін тілге тиек етті. Мұхтар Құл-Мұхаммед заң ғылымын дамытудағы Сұлтан Сартаев, Салық Зимановтардың да еңбектеріне ерекше тоқталды. «Салық Зиманов күніне үш-ақ сағат ұйықтап, жалғыз өзі 10 томдық қазақтың салт-дәстүр заңдары жинақталған монография жазып шығарды. Осындай іргетасы бар ғылыми салаларына ескіліктің қалдығы деп қарамай, келелі істерді жалғастыру керек», – деді ол өз сөзінде.
Президент кеңесшісі тіл білімін дамыту мәселесіне де тоқталып, өз ойын ортаға салды. «1989 жылы елдегі қазақ ұлтының үлес салмағы 39 пайызды құраған болатын. Қазір бұл көрсеткіш 65 пайызға жетті. Қазір орта мектептердің 80 пайызы қазақ мектептері. Сондықтан да, тіліміздің беделінің өсіп келе жатқанын мойындауымыз керек. Бірақ, нақты ғылыми тұрғыда тіл ғылымының дамуына келгенде, жерге қарап қалатынымыз рас. Сол себепті, нақты ғылыми тұрғыда классикалық лингвистикамен ғана шектелмей, тіл мамандары психологиялық, заңдық, математикалық, компьютерлік лингвистика салаларын дамытуды қолға алуы қажет», – деді Мұхтар Абрарұлы.
ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының президенті Мұрат Жұрынов өз кезегінде ҚР Президентінің кеңесшісі Мұхтар Құл-Мұхаммедке алғыс айтып, Ұлттық Ғылым Академиясының бүгінгі дамуы жайында баяндама жасады. Ол сонымен қатар, академия мүшелігіне талантты жас ғалымдар көптеп қабылданып жатқанын, жалпы мүшелікке кірген ғалымдардың орта жасы 63 жасты құрайтынын, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясы әлемдегі жас мүшелері ең көп академиялардың бірі екенін айтты.
ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының жалпы сессия жиналысы барысында 2016 жылы ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының 70 жылдығы тойланатыны белгілі болды.