Асхат Аймағамбетов ерекше пост жазып, ғалым әйелдерді құттықтады

Бүгін әлем ғылымдағы әйелдер мен қыздар күнін атап өтіп жатыр. Осыған орай ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ғылымда жүрген қыз-келіншектерді кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Асхат Аймағамбетов ғылымда жүрген қыз-келіншектерді Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасы арқылы құттықтады.
Оның айтуынша, Қазақстанда ғылым саласында 10 мыңға жуық әйел бар. Олардың 714-і ғылым докторы, 2427 әйел – ғылым кандидаты, 992-сі PhD докторы, 28-і бейіндік докторлар екен.
ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов:
– Осыншама нәзік жандар ғылым саласында тынымсыз еңбек етіп жүр. Жыл сайын ғылымдағы әйелдер саны артып келе жатқанына қуаныштымын.
Білім министрінің мәлімдеуінше, бүгінде еліміздегі жалпы ғалымдар санының 54%-ы әйелдерден тұрады екен.
Сондай-ақ Асхат Аймағамбетов коронавирус пандемиясымен күрес кезіндегі ғалым әйелдердің еңбегін ерекше атап өте келе, Закарья Күнсұлу Дальтоновнаның басшылығымен Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтында COVID-19-ға қарсы қазақстандық QazCovid-in (QazVac) вакцинасы дайындалғанын тілге тиек етті.
Асхат Аймағамбетов:
– Ғылымдағы нәзік жандарды халықаралық мерекемен құттықтаймын. Отандастарымыздың өмірін жақсарту үшін және еліміздің ғылым саласын дамытуда атқарып жүрген баға жетпес қызметтеріңіз үшін алғыс айтамын. Биік белестерді бағындыра берулеріңізге тілектеспін!





