Зиянды тағамдарды өндіруді дар жібі де тоқтата алмай отыр
Ақпан айының басында Қытай полициясы «Леканг Дэйри» сүт компаниясының төрт қызметкерін қамауға алды. Олар сүтке құрамын белогі көп әрі құнарлы етіп көрсету үшін улы қоспа қосқан. Қытайдың қатаң тәртібіне қарамастан, қазір уланған сүтті өндіру Пекинде кеңінен қанат жайып келеді.
2008 жылы ҚХР-де өндірілген сүттен 300 мың бала зардап шегіп, оның төртеуі аурухана керуетінде көз жұмған. Сол кезде сапасыз барлық тауар нарықтан қайтып алынған болатын. Алдында «Саньлу» компаниясының екі топ-менеджері осы меламин дауына қатысты дар жібіне ілінген болатын. Дегенмен бұл ауыр жаза да қытайлық кәсіпкерлерді тоқтата алмай жатқан жайы бар.
Бәрінен қорқыныштысы, Қытайдың сүт өндіретін зауыттарының барлығында меламин қолданылатын болып шықты. Сондай-ақ жыл сайын олар өндіріс қуатын арттырмаса, кемітетін рай танытпайды. Осы улы қытай сүтінің кәмпит-шоколадтарда пайдаланылуы денсаулық қауіпсіздігіне одан әрмен қатер төндіруде. Мәселен, сондай тәттілердің ішінде әлемге танымал брендтердің де аты аталып қалады. Қытай өндірісіндегі нан ашытқысы, күріш және өзге де тұтыну тауарларының қоспасындағы мұндай элементтердің нормадан 10 есе, тіпті одан да көп қолданылатындығын бірқатар мемлекеттің зертханасы дәлелдеген. Сол себепті бүгіндері Азия, Африка мен Еуропалық одақтың бiрқатар елдерi қытайлық өнiмдерді тұтынуға заң жүзiнде тыйым салған.
Меламин деген не, оның зияны қандай?
Тауқыбек ЖҰМӘДІЛОВ, химик-ғалым:
– Бізге шеттен келетін тағамдар, ең алдымен, санитарлық-эпидемиологиялық және басқа да лабораториялық зерттеуден өтеді. Әр өнімде жүздеген-мыңдаған элемент болады. Соның зиянды және зиянды емес жағын олар тексеруі керек. Содан кейін рұқсат алған тауарлар базар және дүкен сөрелеріне шығарылады. Бұл арадағы біздегі ашықтық пен заңдылық қандай деңгейде, мен одан хабарсызбын.
Ал меламин бояуыш секілді химиялық қоспа болып табылады. Медициналық зерттеулерде құрамында осындай химиялық қоспасы бар тағамды жиі пайдаланған адамдардың бүйрегіне тас байланып, тіпті несеп жолдарын қатерлі ісікке, бедеулік пен белсіздікке әкеп соғатындығы айтылып жатады.
Қытайдың зиянды тағамдарынан тұтынушылар қаншалықты қорғалған?
Артық СЕЙІТҚАЛИЕВА, «Адал» тұтынушылар құқығын қорғау одағының төрайымы:
– Көрші Қытай тағамдарының қауіптілігі жайлы жыл сайын дабыл қағылады. Сондықтан біздің санитарлық-эпидемиологиялық лабораториялар мен Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселеге баса назар аударуы тиіс, тіпті шұғыл шаралар қабылдауы керек деп білемін. Ол үшін арнайы заң нормаларына өзгерістер мен түзетулер енгізу қажет. Мәселен, қоспасы артық тағамдарға шектеу қою деген секілді. Дегенмен елімізде мұндай бастама жасалды дегенді естігенім жоқ. Қалай дегенмен де, біздегі лабораториялардың мұндай жағдайды тексеру-тексермеуіне өз басым күмәнмен қараймын. Өйткені ондай орталықтардың саны бізде саусақпен санарлық. Олар сырттан келген қай бір тауардың құрамын зерттеп үлгеріп жатады дейсіз? Сондықтан, бұл ретте, қоғамдық талқы керек. Қазір көптеген мемлекет Қытай тағамдарын пайдаланбайды, оған заңмен тыйым салады. Ал көршілес жатқан біздің мемлекет бұл мәселеде өте қарақты болуы керек деп есептеймін.
Шындығында, соңғы кездері Қазақстан ғана емес, сонымен қатар әлемнің бірқатар елдерінің азаматтарының екеуінің бірінде бүйрегіне, өтіне тас байлану, ағзаның зат алмасу процесінің бұзылуы секілді дерт кездеседі. Мұны халықаралық денсаулық сақтау ұйымдары тағам қоспасының бұзылғандығымен түсіндіреді. Осыған сәйкес, ғалымдар «адамзат баласы үшінші дүниежүзілік ядролық соғыстан емес, дені дұрыс емес тағамды тұтынудан біртіндеп қырылуы мүмкін» деген болжамдар жасайды. Мұның өзі дамыған алпауыт елдердің өзі зиянды тағамдардан қорғана алмай жатқанын байқатса керек.
Қалай дегенмен де, ең алдымен, бұл мәселе бизнес қауымдастықты алаңдатуы керек. Әрі бұл арадағы жауапкершілігін дұрыс сезінуі тиіс. Ұлтының және ұрпағының денінің саулығы үшін бизнес қауымдастық арзанның жетегінде кетпей, зиянды тауарларды тасымалдаудан өздігінен бас тартуы керек деп ойлаймыз. Ал әзірге билік пен бизнес қауымдастық бұл мәселеге назар аударып, бір шара қолданғанға дейін бізге көшедегі дайын зиянды тағамға жүгірмей, үйде ас мәзірін әзірлеуді қайтадан қолға алудан басқа амал қалмай тұрған секілді.
Иә, дүкен сөрелерінде тағам түрінің көбеюі соңғы кездері әйел затының жұмысын жеңілдеткендей еді. Әсіресе, қалалықтар арасында бұрынғыдай тоспа қайнатып, салат жауып, түрлі тәтті пісіру үрдісі сиреп бара жатқандығы анық. Енді отбасы саулығы үшін осы үрдісті қайтадан жаңғыртып, оны сәнге айналдыра алсақ, жақсы болар еді. Әрине, оған уақыт мүмкіндік берсе!..