Қайсар қыздың құпия өлімі
Сәбира Мұхаметжанова желтоқсанның 21-і күні Өскемендегі педагогикалық колледж жатақханасының 5-қабатынан секіріп, мерт болды. Өрімдей жас қыздың қыршынынан қиылуына не себеп? Сәбира Мұхаметжанова өлімінің фактісіне қатысты іс дереу жабылған. Сансыз сауал санада әлі күнге қалықтап тұрады...
«Сәбирамен бірге педагогикалық оқу орнының бір тобында 29 қыз оқыдық», – дейді Сәбираның құрбысы және ауылдас қызы Гүлнар Назарханқызы. Сәбира да, Гүлнар да Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Қарасу кеңшарына қарасты Ақмектеп кеңшарынан. Болашақта ұстаз болсам деген армандарын арқалаған жастардың Өскеменде оқу оқып жүрген кездері.
– Қыздармен бірге жатақханада отырғанбыз, ол желтоқсанның, шамасы, 17-сі күні болатын. Сырттан «Жастар, неге бас көтермейсіңдер?» – деген айғайды естідік. Топтағы ұлдар бар, бәріміз 18 желтоқсан күні ақылдасып, 19-ы күні Ушанов алаңына шықтық. Топтағы 29 қыздың бірі қалмай ереуілге барды. Тәртіп сақшылары бізді таратуға тырысты. Жинап алып, оқу орнының акт залына апарды. Сол түнде бізді сақшылар «Ереуілге кім бастап апарды?» деген сұрақтың астына алды. Ешкім ауыз ашпады. «Бәріміз бірге бардық, ешкім бастаған жоқ», – дедік бірауыздан. Түні бойы бізді қинады. Тамақ ішкізбеді, бір-бірімізбен әңгімелестірмеді. Ертеңіне де тергеу жалғасты. Студенттерде үн жоқ. Содан кейін бізді бөлмелерімізге апарды, онда да тергеудің астына алды. Біз, қыздар, жоғарғы қабатта, ұлдар астыңғы қабатта. Жіппен қасыққа хат байлап, ақырындап терезеден төменге жібереміз, «Не істейміз?» деп сұраймыз. Олар да қасыққа хат байлайды. Олар «Ештеңе айтпаңдар, қорықпаңдар» деп жауап жазады. Осылай тағы бір күн өтті. Бізден ереуілге бастап апарған адамды айтуымызды талап етті. Қыздар неше күн ас-су ішпеген. Естерінен айырылып, талып та жатты. Қатты қиналдық. Қамаудағы үшінші күн желтоқсанның 21-і болатын. Тағы да тергеу жалғасты. Сұрақтың астына алды: «Кім бастады, айтыңдар!» Сол кезде Сәбира атып тұрып: «Мен бастадым, бастаған мен едім», – деп орнынан тұрды. Біз шу ете түстік. «Жоқ, бәріміз бірге ақылдасып бардық», – дедік жамыраса. «Бастаған адамды таптық, қалғандарың да жазасыз қалмайсыңдар. Әке-шешелеріңді дереу шақыртыңдар», – деді. Бәріміз телефон торабына кеткенбіз. Осы кезде бөлмеде Сәбира жалғыз қалған. Жатақханадағы тағы бір құрбымыз Сәбираға сақшылардың «түрмеде шірисің» деген сияқты ауыр-ауыр сөздер айтқанын естіген. 16 жастағы жас қысымға шыдай алмай, терезеден секіріп кетті. Бәлкім... Жауабы жоқ сансыз сұрақ... Анығы сақшылардың қысымынан кейін Сәбираны қайта көрмедім. Ол өжет те қайсар қыз еді. Арман-қиялы көп еді. Бір ауылда өстік. Қол ұстасып, бірге оқуға келдік. Бір бөлмеде тұрдық, бір топта оқыдық. Желтоқсанның 21-і күні Сәбирадай жан құрбымнан айырылдым. Жұмбақ қаза, дәл сол кезде мен оның жанында болмадым, соңғы сөзін ести алмадым. Сол өкінішті... – дейді Сәбира Мұхаметжанованың құрбысы Гүлнар Назарханқызы.
Сәбираның құрбысы Гүлнар осыдан 24 жыл бұрын болған қайғылы оқиғаны боямасыз баяндап берді. Сәбираның ұстаз болсам деген арманына Гүлнар қол жеткізді. Семей қаласындағы №32 мектептің бастауыш сынып мұғалімі. Гүлнар құрбысы Сәбира жайлы «Үзіліп түскен жауқазын» атты «Ана тілі» оқулығында жазылған әңгімені осыдан 10-15 жыл бұрын балаларға аса тебіреніспен жеткізетін. Онда Сәбираның балалық кезі жайлы жазылған еді. Ал жаңа оқулықтан ол әңгіме алынып тасталған. Жаңа кітапта Сәбира, Қайрат, Ләззаттар «Ұлтының қайсар ерлері, Желтоқсанның құрбандары» деп бір ауыз сөзбен қысқа ғана жазылыпты.
Сәбира Мұхаметжанованың туған ауылындағы мектеп қазір оның есімімен аталады. Ол да Қайрат, Ербол, Ләззаттардай ұлтының азаттығы үшін жанын қиды. Елінің Тәуелсіздігі жолында болған осындай оқиғалар төл тарихымыздың қастерлі парақтары ретінде әрқашан есімізде сақталады.