Пикап - Lada Niva Travel
Lada Niva Travel-ге негізделген пикапты Мәскеудегі «Альфа Автоматив Техноложиз» компаниясы жасаған. Ол шанақ деталін өндіретін фирма, онда шыққан бөлшекті АВТОВАЗ да алады. Пикап қазірше макет қана, егер АВТОВАЗ рұқсат беріп, көмек көрсетсе сериялы өндіріске шығуы мүмкін, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Кolesa.kz-ке сілтеме жасап.
Фотосуреттен пикап сериялы шанақ панелін ортасына дейін сақтағанын көруге болады. Жаңа өнім екі есікті, бірақ орындық артында зат сақтауға арналған бос орын бар. Шанақты дайындау үшін жаңа борт панелін, артқы «есік», кабинаның бір бөлігі және жүк платформасын жасау қажет болды.
Әзірлеушілер пикаптың 40 %-ы түпнұсқа екенін айтады. Автомобильді сериялы өндіріске шығару үшін «Альфа Автоматив Техноложиз» оған қажет жабдықтарды жасауға тиіс. Жобаның АВТОВАЗ-ға қатысы жоқ, компанияның жеке бастамасы. Демек пикаптың сериялы нұсқасын жасау үшін компания АВТОВАЗ-бен келіссөз жүргізіп, платформаны пайдалануға рұқсат алуы керек.
Мамандар мұндай пикап фермер немесе жеке қожалық иесі сияқты шағын бизнес өкілдері арасында сұранысқа ие болады деп санайды. Бірақ жылына небәрі 4 мың автомобиль сатуды жоспарлап отыр.
Бұрынғы «шнивадан» пикап жасау идеясы бұған дейін де болған. Мұндай шанақ типін мамандар 1990 жылдардың аяғында, модель ВАЗ-2123 деп аталатын кезде ұсынды. Сол кезде ВАЗ-23235 индексті пикап прототипін көрсеткен.