2016 жылдан бері түрлі нұсқасы шығып жатқан Hyundai Accent-тің бесінші буыны жақында конвейерден түседі. Autocar-дың Үндістандағы бөлімі марка жаңа седанды биыл көктемде таныстырады деп жазды. Біз білетін «акцент» мұндағы жұртқа Hyundai Verna атымен таныс, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Кolesa.kz-ке сілтеме жасап.
Машинаға қатысты нақты мәлімет жоқ.
Дегенмен BN7i индексті көлік дизайны Elantra-ға көбірек ұқсайтыны белгілі. Капот астында 140 ат күшін беретін 1.5 литрлік турбомотор тұруы мүмкін.
Модельде электронды көмекшілер көп болады, сонымен қатар цифрлы аспаптар панелі мен үлкен медиакешен экранын орнатады.
Тағы бір қызық деталь бар. Autocar таратқан ақпаратқа сүйенсек, Hyundai Үндістандағы Verna өндірісінің көлемін екі есе арттырып, седанды экспорттауға ниеттеніп отыр екен. Жоспар бойынша жылына 70 мың машина шығады, ал үнді елінде сатылатын модель саны 20 мыңнан аспайды.
Брендтің мұндай қадамға баруына Санкт-Петербургтегі зауыттың тоқтағаны себеп болған сияқты.
Алдағы уақытта Қазақстандағы зауыт Accent бөлшектерін Үндістаннан жеткізуі мүмкін.