Cadillac электрлі Escalade IQ-ді 9 тамызда көрсетеді
Escalade көптен бері Cadillac-тың ең танымал моделі саналады, бағасы жоғары болғандықтан маркаға көп табыс әкеледі, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Кolesa.kz-ке сілтеме жасап.
Модель дизайны мен құрылымындағы күтпеген өзгеріс көнекөз клиенттерді үркітуі мүмкін.
Соған қарамастан GM машинаның электрлі нұсқасын шығаруға бел буды. Escalade IQ-дің («ай-кью» — адамның ақыл-ойын бағалауға қолданатын аббревиатура) тұсаукесері 9 тамызда Нью-Йоркте өтеді.
Тизерден ірі жол талғамайтын көліктің алдыңғы бөлігі марканың едәуір аласа әрі жіңішке кроссовері Lyriq стилінде жасалғанын көруге болады. Машина GM Ultium платформасына негізделеді. Күштік құрылымының параметрі GMC Hummer EV-ге ұқсас болады. Интерьерде Celestiq фастбэгіндегі сияқты торпедоны тұтас алып тұратын үлкен экран болуы мүмкін.
Электрлі және бензинді «эскалэйд» қатар шығатыны анық. Бренд осылайша жаңа өнімнің батареялы сегменттегі мүмкіндігін бағалап, қажет болса өзгеріс енгізеді.