Батыс Қазақстан облысындағы тасжолда көліктердің бетпе-бет соқтығысуынан екі адам қаза тапты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқиға таңғы сағат 10:30 шамасында "Самара-Шымкент" тасжолының 241-ші шақырымында, Махамбет ауылынан 3 шақырым жерде болған.
"Toyota Alphard көлігінің 30 жастағы жүргізушісі 57 жастағы жүргізуші басқарған Hyundai Santa Fe көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Toyota көлігінің 29 жастағы жолаушысы мен 56 жастағы - Hyundai көлігінің жолаушысы оқиға орнында қайтыс болды", - деді полиция.
Екі жүргізуші мен үш жолаушы түрлі дене жарақаттарымен Орал ауруханасына жеткізілді.
Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі "Автокөлік құралын басқаратын адамның абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзуы" бойынша соталды тергеу басталды.
Барлық тиісті сараптамалар тағайындалды.