BMW i5-тің алғашқы фотосы жария болды
Буыны ауысқан 5-сериялы BMW және оның i5 түрленімінің тұсаукесері 24 мамырда өтеді, бірақ седанның сырт пішіні қандай болатынын одан ерте біліп алдық. Модельдің алғашқы суреті желіде жарияланды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Кolesa.kz-ке сілтеме жасап.
Оны BMW-ның британиялық бөлімшесі кездейсоқ таратып жіберген. Дереккөз бавариялық автоөндіруші фотосуретті таратпауды сұрағанын хабарлады, бірақ фото оған дейін көп жерде жарияланып кетті.
Модельдің сырт пішіні ғана емес, интерьерінің кей деталі де белгілі болды, бірақ BMW жаңа өнімнің техникалық жағын құпия ұстап отыр.
Марка автомобильге алғаш рет бейімді амортизаторды басқару жүйесін орнатады.
Компания өкілдері BMW i5 «жетілік» сияқты жайлы, «үштік» сияқты маневр жасауға ыңғайлы екенін айтады. Көмекші жүйелер кешені жүргізушінің қай жаққа қарап отырғанын аңғарып, соған сай әрекет етеді.