Атырауда Грузия мемлекетінен заңсыз әкелінген көліктер арнайы тұраққа қойылып жатыр, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Экспресс К"-ға сілтеме жасап.
Кедендік әкімшілік басқармасының бөлім басшысы Рүстем Жайлашевтің айтуынша, Қазақстан аумағында Еуразиялық одаққа кірмейтін мемлекеттерден көлік кіргізуге тыйым салынған.
Яғни қазақстандықтар тек Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресейден әкелінген көліктерді ғана тізгендей алады.
Ал халық жаппай көлік әкеліп жатқан Грузияды тіркеуде тұрған темір тұлпарларды тек кедендік рәсімдерден өткізіп ғана, жүргізуіне болады. Бірақ кедендік рәсімдердің барлық салығын төлеуге қарапайым халықтың қалтасы көтермейді.
Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін мемлекеттерден көлік әкелуге болмайды. Ол мемлекеттен келген көліктерді тек сол елдің азаматтары ғана тізгіндей алады. Осыған дейін бірнеше рет ескерту шараларын жүргіздік. Кеше төрт көлікті ұстадық, — дейді Рүстем Жайлашев.
Тексеру-бақылау шараларына Атырау облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті, Полиция департаменті және кеденшілер қатысты. ЭК тілшісі де рейдке арнайы қатысты.
Тәртіп сақшыларының көзіне Грузия мемлекетінің нөмірін таққан ақ түсті Toyota Camry түсті. Жол-патрульдік қызметінің аға лейтенанты Нұржан Хадимов жүргізушіні тоқтатып, құжаттарын тексерді. Құжаттары дұрыс, тек көлік елімізде заңдастырылмаған. Кедендік әкімшілік басқармасының бас маманы Ануар Жаманшин жүргізушіге көлікті Қазақстан аумағында жүргізуге болмайтынын айтып, түсіндірді.
Көлікті өткен жылы делдал арқылы 4 млн 500 мың теңгеге сатып алдым. Егерде қалтамыз көтерсе қазақстандық нөмір таққан көлік сатып алар едік қой. Елімізде көлік бағасы ұшып тұр, басқа амал жоқ, — дейді жүргізуші.
Әрі қарай оның көлігін Мемлекеттік кірістер департаментінің уақытша ұстау тұрағына қояды. Көлікті шығару үшін Грузиядан иесі келіп, құжаттарды рәсімдеуі керек. Әрине, бұл мүмкін емес...
Рейдстік іс-шара жалғасып жатыр.