Биыл Алматыға шетелден әкелінген 413 көліктің сертификаттау құжаты заңсыз рәсімделген. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің баспасөз қызметі мәлім етті, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Azattyq Rýhy.kz-ке сілтеме жасап.
«Биылғы жылы Қазақстанға импортталған автокөліктерге заңсыз рәсімделген 413 құжаттың күші жойылды. Бес мекеменің 9 маманы жауапкершілікке тартылды. Анықталған заң бұзушылықтар жойылғанға дейін Ішкі істер министрлігі аталған көліктердің жүруіне шектеу қойды», - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев биылғы 10 айда көлік қауіпсіздігі құжаттарын заңсыз бергендер жауапқа тартылғанын мәлімдеген еді.
Оның айтуынша, осы аралықта 1 326 мемлекеттік тексеру жасалған. Соның 65 пайызында талапқа сәйкес келмейтін фактілер анықталған.
Сәйкесінше, оларға жалпы сомасы 140,6 млн теңге әкімшілік айыппұл салынған.