Бірлік пен тыныштық болмай қандай да бір алға басушылық болмайтынын әлемде болып жатқан түрлі саяси оқиғалар көрсетіп отыр. Сондықтан біздің елде құрылған достық институтының, яғни Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) рөлінің зор екенін қанша қайталап айтсақ та артық емес.
Мемлекеттік ұлттық саясаттың негізінде сенім, салт-дәстүр және толеранттылық секілді асыл құндылықтар жатыр. Бүгін оны әрбір қазақстандық түсініп келеді. Ең алдымен бұл бүгінгі күні Қазақстанда үйлесім мен өзара түсіністік орнатқан, бірлік пен ынтымаққа негізделген президенттік саясаттың жарқын көрінісі. Осы орайда бүгінгі күні Жетісу өңіріндегі түрлі ұлт өкілдері де табыстың басты кілті татулық екенін жақсы түсінген. ҚХА жұмысында оның жанынан құрылған түрлі қоғамдық ұйымдар ерекше рөл атқарады.
Сол қоғамдық ұйымдардың бірі, құрылғанына аз ғана уақыт болған Аналар кеңесі жастардың тәрбиесіне атсалысып келеді. І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің жанынан құрылған Ассамблеяның ғылыми-сараптамалық тобы ауқымды ғылыми талдау жұмыстарын атқаруда. ҚХА кафедрасы түрлі өзекті мәселелер бойынша ғылыми зерттеулер жасап, этникааралық жағдайларға мониторинг жасайды.
Жуырда медиация бағыты бойынша облыстық сот, «Нұр Отан» партиясының филиалы және облыстық ҚХА арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Достық үйінде медиация кабинеті ашылып, «сенім телефоны» жұмыс істейді. Дәл осындай кабинеттер облыстың барлық аудан, қалаларында бар.
Осыдан бес жыл бұрын ҚХА-ның жаңа міндеттеріне байланысты ел аумақтарында Қоғамдық келісім кеңестері құрылып, оларға әкімдіктер жанынан консультативтік-кеңес беру міндеттерін орындау жүктелді. Бұл орайда облыста жүйелі жұмысты әрбір ауылға дейін жеткізу көзделген. Жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық институттардың арасында өзара байланысты жетілдіру үшін бүгінгі күні облыста 252 Қоғамдық келісім кеңесі жұмыс істейді. Олар қоғамның өзін-өзі басқару салтын қалыптастыра отырып, азаматтық белсенділікке ынталандыруда, сөйтіп өзін еліміздің тұрақтылығы мен бірлігінің сенімді факторы ретінде орнықтырып үлгерді.
Облыстық ҚХА басты бағыттарының бірі ретінде қайырымдылық шараларына зор мән беріп келеді. Бұл облыстық ҚХА атқарған ауқымды істің бір бөлігі ғана.
«Тәуелсіз елдің тарихы – Ұлы Дала перзенттері», Қапшағайдағы «Біз – Қазақстан халқы» облыстық форумдары, «Балқар, күрд, корей, татар мәдениеті күндері», Славян жазуы мен мәдениетінің күндері секілді іс-шаралар нәтижесінде облыс халқы ынтымақтарын нығайта түсуде. Талдықорған қаласында алғаш рет болгар халқының Раушан фестивалі ұйымдастырылды. Оған қоса «Таубұлақ» экологиялық лагерінің базасында ұлттық ойындар фестивалі өткізілді. Бір мезгілде жаппай «Мәңгілік ел – патриоттық актісі» тақырыбына диктант жазу шарасы да қолға алынды. Мемлекеттік тілді білуге қатысты емтиханға түрлі жастағы 1800-ге жуық адам қатысты.
Өзі құрылғаннан бергі кезеңде ҚХА бірліктің насихатшысы болып қана қоймай, елдің экономикалық қуатын арттыруға белсене атсалысып келеді. Бұл туралы ҚХА-ның соңғы «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы бір ұлт» атты ХХІV сессиясында да айтылып, оның соңы «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісін қабылдауға ұласқан болатын.
Елбасымыз «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісі бойына халқымыз құрған жалпыұлттық құндылықтарды жинақтаған, Қазақстан мен оның даму тағдыры үшін мемлекет – қоғам – азамат үштігінің өзара жауапкершілігін айқындаған құнды құжат екенін атап өткен еді.
Алматы облыстық ҚХА-ның көптеген мүшесі бизнес құрылымдарын сауатты басқарып, облыстың қоғамдық өміріне белсенді араласуда, оған қоса өздерінің азаматтық позицияларын білдіріп отырады.
Аудан, қала әкімдері «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісінің бірлік, бейбітшілік, келісім деген баға жетпес құндылығын әрбір шаңыраққа жеткізу үшін этномәдени бірлестіктердің әлеуетін кеңінен пайдалануы керек. Осыған орай әрбір елді мекенде Ассамблея аясында өткізілетін қайырымдылық шараларын үйлестіре отырып, әлеуметтік бағыттағы жұмыстарды жандандыра түсу қажет. Сондай-ақ, алдымызда Қоғамдық келісім кеңестерінің рөлін күшейту міндеті тұр. Бұл жұмыстар қағаз жүзінде қалып қоймай жатқаны көңіл қуантады.
Алматы облыстық Ассамблеясы бұдан әрі де ел игілігі үшін тыныштық пен татулық жолында тер төгіп, бірліктің символы ретінде жұмыс ңстей бермек!
Еркенұр Ерзия