2023 жылдың шілде айында Шәкерім Құдайбердіұлының 165 жылдығы екенін бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр. Иә, ол данышпан ойшыл, ақын, қайраткер, шежіреші, тарихшы, сазгер, қолымен темірден түйін түйген зергер болған адам.
Шәкерім есімі ақталған соң оның өмірбаяны мен шығармашылығы біраз зерттелді, туындылары қайта басылды. Бірақ, данышпан ойшылдың өміріне байланысты ақтаңдақтар әлі де баршылық. Өйткені, оның өмірбаяны мен қайраткерлік жолына әлі де жүйелі зерттеу жүргізілген жоқ. Біз бүгінгі қысқа мақаламызда оның қайраткерлік қағидасы мен саяси күрес жолына аз-кем тоқталсақ дейміз. Құнанбайдай ұлы тұлғаның немересі, Абайдың ағасы Құдайбердінің баласы Шәкерім де жас кезінен билікке араласты, болыс болды. Құнанбай атасының еркесі болып, жас кезінде тым еркін жүрсе де елдің ішкі саясатын жақсы білді. Ал оның үлкен саясатқа араласуы белгілі қазақ қайраткері, қажының досы болған Әлихан Бөкейхановтың есімімен тікелей байланысты. 1905 жылы Әлихан Бөкейханов әйгілі Қарқаралы петициясын ұйымдастырып, Қазақстанда кадеттер партиясын ұйымдастыруға кірісті. Ол Әлиханға риясыз көмектесті. 1906 жылы Семейде сайлаушылармен өткен жиында Шәкерім сөз сөйлеп, партия бағдарламасын таныстыруға ат салысады. 1908 жылы Әлихан Бөкейханов абақтыға жабылған кезде түрмеге барып есен-саулық біліп тұрған үш адамның бірі осы Шәкерім болды. «Бұдан өзге қазақ жарамады-ау» деп налыдым» деп жазады Әлихан кейіннен. Думаға депутаттыққа түсу құқынан айрылғаннан кейін Әлихан өзінің тілектес достарынан 5 адамды жаңа сайлауға түсуге тиіс кандидат ретінде ұсынады. Оның бірі – Шәкерім Құдайбердіұлы. Ал 1909 жылы Столыпин реформасы кезінде Шәкерім мен Кәкітай Әлекеңе хат жазып, орыстың мұжығымен бірге жер алу-алмауды ақылдасады. Міне, осылайша ұлт бостандығы жолында күрескен «Алашорда» партиясының іргетасы кадет партиясын құру кезінде қалана бастады. Олай болса Шәкерімнің Алаш партиясына келуі еш кездейсоқтық емес. Бұл жылдарды Шәкерімнің саяси тұрғыдан өсу жылдары деп бағалауға болады. Абайтанушы Асан Омаровтың айтуынша Шәкерім 1912 жылдары өзін саяси күреске кірісе бастаған журналист ретінде танытады. Түрлі мақалалар жазады. Белгілі әуезовтанушы ғалым Араб Еспенбетов Шәкерімнің дәл осы тұстағы саяси қызметін - данышпандық деп бағалайды. Өйткені, дәл сол уақытта Мемлекеттік Думаға кісі жіберу, қазақты отырықшылыққа бейімдеуге мәселелеріне байланысты «Айқап» пен «Қазақ» газеттірінің арасында пікір қайшылығы туындайды. Ол қайшылықты бірден байқаған Шәкерім «Семей» деген атпен мақала жазып, айтулы екі қазақ басылымын татулыққа шақырады.
1917 жылғы Қазан төңкерісі. Ресей патшасының тақтан құлап, елде төңкеріс басталуын Шәкерім қуана құптады. Ол төңкерісті қазақтың бұғаудан құтылатын, бостандыққа бастау болар сәті деп білді. Өз үмітін данышпан ақын былай деп суреттейді:
Оқыған жастың етегін,
Қабыл алдым жетегін,
Босқа жатып нетемін,
Бостандық туын көрген соң.
«Босқа жатып нетемін» дегені «мен күреске дайынмын» дегені емес пе? Белгілі ғалым, академик Ерлан Сыдықов «Халқының пәлен жылғы езгісін көрген, оны танып шын түсінген Шәкерімнің іште жүрген шері, қайғы-мұңы оны Алашордаға алып келді. Бұл заңдылық, күрестің жалғасы. Және ол бұл күреске белсенді араласты» дейді.
1918 жылға дейін қазақ даласы Ресейде болып жатқан ылаңнан аман еді. Бірақ, Уақытша сібір үкіметі, Самара комучы, Уфа директориясы, Колчак үкіметі мен большевиктердің билікке таласы Семейге ықпалын сездірмей қалған жоқ. Семейде ақтар мен қызылдардың билігі бірнеше рет ауысты. Сол аралықта Алаш Үкіметі өз қызметін жүргізіп жатты. Шәкерім сол уездік земствосына депутат болып сайланды. Земство аймақтағы жоғарғы билік органы еді. Алашорданың биі – сот қызметіне Шәкерімді сырттай сайлап жіберген осы Земство болатын. Жалпақ қазақ тілімен айтқанда Алаш үкіметінің төбе биі.
Араб Еспенбетов, ғылым докторы: « Сұлтанмұхмұт Торайғыров 1917 жылы Абай еліне барып емделіп біраз жатады. Сол кезде «Қара қазақ» атты поэма жазды. Поэмасында қазақ елін бастай алатындар деп Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжандарға мінездеме береді. Шәкерімді сол поэмасында данышпан деп атайтыны бар». Сол поэмадан үзінді:
Демеңіз тымақ киген бір жай қазақ,
Киген киім, жүрісі, түріне қарап.
Надандар оны өлшейтін өлшеуің жоқ,
Аулақ жүр, біле алмайсың жай шамалап!
Бұл Сұлтанмахмұттың Шәкерімді суреттеуі!
Алашорданың басты мақсаты қазақ мемлекетін құру болғаны белгілі. Мемлекеттің басты тірегі – әскер. Сондықтан олардың бірінші шешімі Қазақ атты әскер полкін құру болды. Бұл маңайдағы басқа саяси күштердің үрейін ұшырып жіберді. Сөйтіп, олар қастандық жолын іздеді. Оған жетті де. Сол себепті Қазақ милициясының бастығы Қазы Нұрмұхаметұлының өлімін тұңғыш саяси акт деп бағалауға болады. Оған қастандық жасаған большевиктер екеніне сөз жоқ. Оны жерлеу рәсімі ұлы жиынға ұласты. Сол жерде Шәкерім қажы былай деп сөз сөйледі:
-Әлеумет! Мынау жатқан кім, білесіңдер ме? Бұл ұлты үшін шыбын жанын құрбан қылған алаш азаматының тұңғышы! Мұны өлді демеңдер, ол өлген жоқ. Бұл күнгі және мұнан соңғы ұлтым деген азаматтар, мен сияқты болып ұлтым деңдер деп, өзінің ұлтшылдығын сөзбен емес, іспен көрсетті.
Құдай тағала Алашқа шын ұл бергеніне бүгін ғана көзім жетті. Алпыс жасқа келгенде мұндай ұлты үшін жанын қиып, құрбан болатын азаматты көремін деген үмітім жоқ еді. Көрдім. Енді өлсем де арманым жоқ.
Қарағым Қазыжан! Қадырыңды біліп құрметтей алмасақ кешу қыл, қош! Қабырың нұрлы болсын!
Шәкерім мұрасын жинақтаушы Медғат Құлжановтың айтуынша, оның партияға қатарына баруы саяси басшылыққа жетуді көздеу емес, оның арманы саясаттан тысқары. Ол биліктің, партияның халыққа пайдалы болып, елге қызмет еткенін қалады.
Шынында да саясатшы мен қайраткердің айырмашылығы осындайда көрінеді. Саясатшы – ұтуды ойлайды, ұтылмаудың жолын іздейді. Қайраткер – ұтуды да, ұтылуды да ойламайды. Оның мақсаты – қалай да халыққа қызмет ету. Алашорда үкіметін, Алаш әскерін құруға жәрдем берген, демеушілік жасаған, енді ғана қалыптасып келе жатқан қазақ буржуазиясы – бай-манаптар екені белгілі. Олардың көмегінсіз әскерді керек-жарақпен, қарумен қамтамасыз ету мүмкін емес еді. Бірақ, сол бай-манаптар әділет қағидасына бірден бос ұсынып, жарлы-жақыбайларды жарылқай қоя ма? Сол кездері Семейдегі белгілі байдың өз атқосшысына айтырып қойған Белгібайдың қызы мұғалім жігітпен көңіл қосып қашып кетіпті. Алаш милициясы әлгі жігітті іздеп тауып, ұрып-соғып қамап қойған. Ешқайда қашып құтылмасын білген соң олар Алаш сотына келіп жүгінеді. Шәкерім, әрине, әділет жолын ұстанады. Сөйтіп, екі жасты босатып қоя береді. Бұл жағдай әлі де болса жаңа тәртіпке мойын ұсына қоймаған бай-манаптар тарапынан қарсылық туғызады. Бұл шулы оқиға бүкіл елге «Белгібайдың қызының бостандығы» деген атпен тарап кетеді. Ал Алаш партиясына байлардың көмегі керек. Осылайша партия өкілдері мен Шәкерімнің арасына сызат түседі. Бұл шулы оқиға туралы Шәкерім былай жазды:
Семейге сөйтіп барғанбыз,
Жүректі қанға малғанбыз,
Ұялмай сот боп отырдық,
Құр атаққа нанғанбыз.
Тағы мұның үстіне,
Бір ауыр іс түсті де,
Ордамыз у ішті де,
Партия шықты жалғансыз.
Академик Ерлан Сыдықов: «Алаш идеясының жүзеге аспай қалғаны тарихтан белгілі. Жеңіске жеткен большевиктер оларды қуғындай бастады. Шәкерім де Алаштан алыстайды. Ол Шыңғыстаудың төрінен саят қора салып, сол жерде оңашада тарих пен философияны зерттеуге кіріседі. Бірақ, біраз уақыт өткен соң елдегі коллективтендіру мен кәмпеске саяси науқаны Шәкерімді құр жатқызбайды. Ашаршылық басталып келеді. Шәкерім қол қусырып қарап отыра алмай елге бағыт-бағдар беруге кіріседі. Ешқандай партияның атынан емес, өз беделімен, өз ойымен. Үкіметке хат жазады. 1931 жылы Шыңғыстауға қазақ Үкіметінің басшысы Елтай Ерназаров келеді. Шәкерім елдің жағдайын айтпақ болып барып, Үкімет басшысымен сөйлеседі».
Қазақ Үкіметінің басшысы Елтай Ерназаров туралы қайшы пікірлер баршылық. Бір ауылға барғанда көлеңкедегі жетім бұзау мен ақсақ ешкіні көргенде қаһарланып «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп ұран салыпты деген сөз бар. Оның шын-өтірігін айту қиын. Сол Үкімет басшысымен кездесуге ешкім бата алмайды. Бірақ Шәкерім кіріп ұзақ сөйлесіпті. Шыққан соң Шәкерім айтыпты деген мынадай бір ауыз өлең бар:
Түк те емес, көр-жер,
Басшыларың весьма тупой,
Бұлғары ерін, құл қарын,
Әлі-ақ ертең көрерсің,
Бұл қарынның былғарын,-деп қолын сілтеп кетіп қалыпты дейді.
Осы кездесуден кейін біраз уақыт өткенде Шәкерім сол Шңғыстауда оққа ұшып қаза болды. Ол енді өз алдына бөлек бір тарих.
С. Ақынжанов