Ұлттық кітапханада «Жас Алаш» республикалық қоғамдық-саяси газетінің 100 жылдығына орай, «Қазақтың үні «Жас Алаш» кітабының тұсаукесері өтті. Тұсаукесерге газетке әр жылдары редакторлық еткен елге белгілі тұлғалар мен қазақ баспасөзінің ардагерлері, жазушылар мен ақындар, журналистер жиналды.
Тарихқа көз жүгіртсек, газет ғасырлық тарихын 1921 жылы 22 наурызда Ташкент қаласында бастаған. Газеттің ең алғашқы редакторы, Түркістан АССР комсомол ұйымы жетекшілерінің бірі Ғани Мұратбаев болған. Газеттің алғашқы құрушысы да өзі. Газет әр жылдары «Жас Қайрат», «Өртең», «Лениншіл жас» атауларымен жарық көріп, еліміз Тәуелсіздік алған соң газет атауы «Жас алаш» болып өзгерген. Республикалық газетте қазақ журналистикасында жүрген көптеген білікті де, білімді журналистер еңбек еткен. Талай журналисті тәжірибесінен өткізіп, білікті журналистердің ұстаханасына айналған редакция жас журналистердің шоғыры қалыптасуына да мұрындық болған.
Тұсаукесерге арнайылап Нұр-Сұлтан қаласынан келген ҚР АҚДМ Ақпарат комитетінің төрағасы Қанат Ысқақов соңғы кездері газеттердің таралымының азайып бара жатқанына қынжылыс білдіріп, алдағы уақытта ел газетінің республикамыздың түкпір түкпіріне жетуіне бар жағдай жасалатынын айтып, аталмыш мәселенің министрліктің назарында екенін атап өтті. Жастар басылымының мерейтойын тойлау аясында өткен жиында 37 баспа табақтан тұратын «Қазақтың үні «Жас Алаш» кітабының тұсауы кесіліп, жұртшылыққа таратылды. «Жас Алаш»: Кеше», «Есімдері ел есінде», «Көзден кетсе де, көңілден кетпейді», «Жас Алаш» – қазақ баспасөзінің қара шаңырағы», «Аймақ ажарын айшықтаған», «Жас Алаш»: Бүгін» сияқты алты бөлімнен тұратын жинақта газеттің жүз жылдағы жүріп өткен жолына жан жақты шолу жасалған. Басылымының тарихына қатысты материалдар, әр жылдары жарияланған мақалалар, басылымда қызмет еткен журналистердің естеліктері қамтылып, суреттермен де айшықталған кітап көпшіліктің көңілінен шықты.
Қадырбек Сегізбайұлы, Мағира Қожахметова, Қуаныш Жиенбай, Жүсіпбек Қорғасбек; журналистер Жүнісбайұлы Н., Табиев Қ., Олжай Қ., Сәрсенбай Қ. және жазушылар Тұрсын Жұртбай, Дулат Исабеков, «Жайық - пресс» ЖШС бас директоры Сапаров Табылғали, саясаткер Дос Көшімдер газет жайлы лебіздерімен, жылы естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ тұсаукесерде Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының қорындағы мерзімді басылымдардың, «Жас алаштың» әр жылдардағы тігіндісінен көрме ұйымдастырылды. Кештен жүз жылдық тарихы бар газетке ел ықыласының ерекше екенін байқадық. Электронды ақпарат құралдары көбейген кезеңде, ел газеті солардың тасасында қалмай жасай бергей деп тіледік!
Ерзия Ерсұңқар