Елімізде қайырымдылық жұмыстары өте көп жасалатынын байқаймыз. Халқымыздың қанына сіңген қайырымдылық қасиеті еліміздің басына қандай күн туса да үмыт қалған емес. Сонау қиын қыстау заманда өзі бір үзім нанға зар болып отырса да, қиын қыстау күндер басына туған талай кәріс, әзірбайжан, тәжік, неміс секілді талай ұлтқа құшағын айқара ашып, бір бөлмелі үйінің бір бұрышынан орын тауып берген. Ал бүгінде ұлтымыздың бір бөлшегіне айналып отырған, бүгінде ұрпақтары бір қауым елге айналған, өзге ұлт өкілдері қазақ халқына осы бір кең пейілі үшін разы.
Ал кезінде қазақ халқының өздеріне көрсеткен қайырымды мінезін өзге ұлт өкілдері бүгінде өздеріне сіңірген. Сондықтан Ассамблеяның бір жұмыс бағыты ретінде қайырымдылық қызметі жедел дамып келеді. Елімізде қайырымдылыққа қатысты заң да қабылданды. Қазіргі уақытта қайырымдылық туралы заң әлемдегі көптеген елдерде бар. Тіпті, мұндай құжат Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстанда да қолданылып келеді. Біле-білсек, дәл қазір ол аса қажетті заңдардың бірі. Аталмыш құжат қайырымдылық саласындағы құқықтық қатынастардың сипатын айқындайды, сондай-ақ, қайырымдылық қызметпен айналысатын ұйымдар үшін мемлекеттік қолдау нысандарын белгілейді. Алайда, қайырымдылыққа қатысты осынау маңызды құжат Қазақстанда бұдан 15 жыл бұрын әзірленіп қойылғанына қарамастан, күні кешеге дейін қабылданбай келді. Тек 2015 жылдың 16 қарашасында ғана Мемлекет басшысы Бес институттық реформаны іске асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын іске асыруға және қайырымдылыққа, оны ынталандыруға арналған құқықтық негіздер құруға бағытталған «Қайырымдылық туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл заң қайырымдылық саласында туындаған қоғамдық қатынастарды реттейді. Оның мақсаты қоғамдағы қайырымдылықтың рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру, қолдау және нығайту жолымен қоғамның өзіндік ұйымдастыруын дамытуға ықпал ету болып табылады. Алайда, жақсы заңды қабылдау – бұл істің жартысы ғана. Енді осы құжат еліміздегі қайырымдылықты жандандыруға, қазақстандық қайырымдылық дәстүрлерін жаңғыртуға және сол арқылы азаматтық қоғамның шоғырлануын қамтамасыз етуге көмектесуі тиіс. Заңда ерекше рөл Қазақстан халқы Ассамблеясына берілген. «Қайырымдылық туралы» ҚР Заңының 7-бабының 5-тармағына сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясы бейбітшілікті, достық пен қоғамдық келісімді, халық бірлігін нығайту мақсатында елде қайырымдылықты дамытуға жәрдемдесіп, қайырымдылық саласында үйлестірушілік және өзге де қолдау істерін жүзеге асыруы тиіс.
Бүгінгі күні Қазақстан Халқы Ассамблеясы еліміз бойынша отыз мыңнан артық іс шараға ұйытқы болса, оның елеулі бөлігі қайырымдылық бағытын қамтиды. Жалпы ресми сарапшылардың есебі бойынша, Қазақстанның қайырымдылық нарығы жылына 300-400 млн теңгені құрайды екен.Жалпы елімізде қайырымдылық жұмыстары өте көп жасалады екен. Тұрмыс салтымызға сай оны көпшілік адамдар жасырғанымен, осы бағытты зерттеуші сарапшы мамандар еліміздегі жергілікті халықтың қайырымдылық жасау әдетіне айналғанын жасырмайды. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» дегендей, қазақ халқының қайырымдылық қасиеті елімізді мекен еткен өзге ұлт өкілдеріне де «жұға» бастағанын осыдан аңғарамыз. Қайырымдылық жасаудың үздік модулін қалыптастырып отырған Қазақстан қоғамында қайырымдылық жұмыстары ассамблеялықтар арқылы тіпті жандана түскенін байқаймыз. Жалпы қазақстандықтардың қайырымдылық жасау ідетіне айналған, жұмыла жасайтын тірлігіне айналғанын түсінеміз.
Қорытындылай келе, қайырымдылық тек қоғамда әлеуметтік ынтымақтастық атмосферасын құру үшін ғана маңызды емес екенін атап өту қажет. Қайырымдылық Қазақстанның болашағы үшін өте маңызды болып табылатын экономикаға әлеуметтік сипат беретін әкімшілік тәсілмен либералдық-нарықтық балама болуы әбден мүмкін.
Еркенұр Ерзия