Биыл қазақ халқының бұлбұл үнді әншісі Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы. Әншінің мерейтойы тек Қазақстанда ғана емес, еліміздің аумағынан тыс елдерде де тойлануда. Соның дәлелі жақында Беларусь мемлекеттік музыка академиясында алғаш рет қазақ ән өнері өкілінің мерейтойына орай өмірі мен шығармашылығының таныстырылымы өтті.
Бұл туралы еліміздің Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Роза Бағланованың мерейтойының бұлай кең көлемде тойлануы бекерден бекер емес. Көмейіне бұл-бұл ұя салған әнші КСРО, ҚазКСР, ӨзКСР-дың халық әртісі және «Халық қаһарманы». Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Кеңес одағының әскеріне әнімен рух берген, жауынгерлердің бір сәт серпіліп майдан даласында ән тыңдауына мүмкіндік сыйлаған әншіміздің бұл еңбегі ескерусіз қалмақ емес. Майдан даласында өнер көрсетіп, тіпті оқ тиген әншіміз ол кездер жайлы естеліктермен де бөліскен. "1943 жыл. Соғыстың қызған шағы. Кезекті концерт кезінде майдан даласында жауынгерлерге ән салып тұрмыз. Кенет фашистер минометпен атқылай бастады. Енді еңкейе бергенімде көзімнің алдында қараңғылық орнады. Көзіме снаряд жарқыншағы тиген екен" деген әншіміз соғыс даласында жүргенде оқ тигенін де жасырмайды. Сондай жанкештілікпен жүріп ән айтқан әншіміздің еңбегі бүгінгі күні елімізден тыс елдерде де еленіп жатса, демек Роза Бағланованың сол құрметке лайық болғаны. Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойының елімізде ғана емес, кезінде Кеңес одағының құрамында болған елдердің қай қайсысында болмасын тойланатын жөні бар. Атап өтер жайт ол «Халық қаһарманы» атағына ие болған жалғыз әнші. Оның оқ жауып тұрған майданда ән шырқаған еңбегін елеген еліміз сондай марапатқа лайық көрген. Бораған оққа қарамастан, снаряд тисе де мойымай, танкінің үстінде тұрып ән салған әрекеті қаһармандық емей немене?! Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары майданды аралап, өнер көрсетіп, соғыстың аяғына дейін жауынгерлермен бірге болып,1945 жылы 9 мамырда Берлиндегі жеңіс концертіне де қатысқан әншінің жеңісті жақындатуға да өз үлесі болғаны анық.
Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша Минскде өткен әншінің кеші Қазақстанның Беларусьтегі Елшілігі Л.С.Мухаринскаяны еске алуға арналған ХХХІ-ші халықаралық ғылыми оқулар аясында өткізген. Іс-шараға көптеген музыкатанушылар, өнертанушылар және түрлі мемлекеттердің азаматтары, соның ішінде 1941 жылғы майданнан бастап өткен ғасырдың соңына дейін сахналарында Роза Бағланова сынды әншіміз өнер көрсеткен елдердің азаматтары қатысқан. Тағы бір мақтанышпен айтар нәрсе әлемге әйгілі әншіміздің ғасырлық мерейтойы ЮНЕСКО-ның 2022-2023 жылдарға арналған атаулы күндер күнтізбесіне де енгізілген көрінеді. Демек бұл әншіміздің елімізден тыс аумақта әлі де мерейтойы тойланатынын білдірсе керек. Көптеген елдердің сахналарында өнер көрсеткен Роза Бағланова әлемдік мәдени кеңістікте қазақтың ұлттық мәдениеті мен музыкалық өнерін паш ете білді. Соны түсінгендіктен аталмыш халықаралық ғылыми оқулар қатысушылары әншінің шығармашалығын жоғары бағалаған.
Беларусь мемлекеттік музыка академиясының ректоры Елена Куракина халықаралық ғылыми оқуларда сөйлеген сөзінде "Қазақ пен белорус халқы әртүрлі, тіпті мәдениетіміз де әртүрлі, дейтұрғанмен, ортақ нәрселеріміз де бар екені мені қатты таң қалдырды. Роза Бағланова - біздің ортақтығымыздың дәлелі. Ол әлемнің ондаған тілдерінде ән айтып, әр түрлі халықтарға олардың ана тілдерінде сөйлеуі тек қазақ тілін ғана емес, әлемдік мәдениетті насихаттайтын әлемдік тұлға болғанын білдіреді" деп, Роза Бағланованы әлемдік тұлға ретінде бағалайтынын білдірді. Сондай-ақ аталмыш шарада әншінің сұхбатына негізделген «Өткеннің нұры» деректі фильмі көрсетіліп, оның естеліктерінен үзінділер келтірілген.
Беларусь мемлекеттік музыка академиясында әншінің мерейтойына орай өткен кешке беларус еліндегі әншінің тыңдармандары арнайы келіп, әншінің ең танымал әндері ретінде белгілі «Самара-городок» пен Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі» әндерінен құралған раритетті шағын дискні де алып келген. Тіпті ол дисктерді әншінің фанаттары ретінде көп жылдар бойы отбасылық мұра ретінде сақталып келе жатқанын мақтанышпен айтқан. Әншінің өнеріне деген құрмет сондай болса керек.
КСРО мен Қазақстанның халық әртісі, Халық қаһарманы, Кеңестің және қазақтың опера және эстрада әншісі Роза Бағланованың өмірден өткеніне бірнеше жыл болса да оның өнері әлі күнге "өлмей" келе жатқанын аңғардық! 90 жасқа келіп қайтыс болған Роза Тәжібайқызы, өмірінің 70 жылын өнермен байланыстырып, ән айтқан. Әлемнің 54 елінің сахнасында қазақ, орыс, венгр, украин, грузин, өзбек, қырғыз, тәжік, әзербайжан тілдеріндегі әндерді нақышына келтіре орындаған. Демек әншінің жүз жылдығының әлі талай елде тойланатын жөні бар!
Ерзия Ерсұңқар