Жақында Талдықорған қаласындағы Тілдер сарайында Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы және Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының ұйымдастыруымен «Қоғамдық келісім, Аналар кеңестері және «Жаңғыру жолы» ҚХА жастар қозғалысының қызметіндегі медиация институты» тақырыбында республикалық семинар өтті.
Еліміздегі Қазақстан халқы ассамблеясының медиация институтын кеңірек қолданысқа енгізуге мұрындық болып жүргелі біршама уақыт өтті. Осы орайда халық арасында медиация туралы кеңірек түсінік беру мақсатында семинарлар мен жиындар өткізудің маңыздылығы артып отыр. Семинардың мақсаты: өңірдегі қоғамдық медиаторлар жұмыстарының белсенділігін арттыру, татуластырудың тиімді тәсілдерін жетілдіру және медиаторлардың жұмысындағы өзекті мәселелерді, ұсыныстарды талқылау болатын.
Маңызды шараға ҚР Президенті Әкімшілігі жанындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының, ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ-і медиация және халықаралық әріптестік секторының және облыстық сот, прокуратура, әділет департаменті, этномәдени бірлестіктер, Аналар, қоғамдық келісім кеңестерінің төрағалары мен белсенділері, аудан, қалалардың кәсіби емес және кәсіби медиаторлары, БАҚ өкілдері қатысты.
Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Тұрсынбай Ғабит Тұрсынбайұлы семинарды ашып, ұйымдастырылып отырған жиынның мақсатын түсіндірді. Одан соң ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының бас маманы, медиация үйлестірушісі Раһимзаде Инара Раһимгызы, Алматы облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Жақиянов Оралбек Нұрсейітұлы, Сарқан ауданының кәсіби емес медиаторы, Ана медиатор Калиева Күлшарбан Мырзабайқызы, Алматы облыстық сотының судьясы, медиация саласы бойынша үйлестіруші Жекенова Нұргүл Жекенқызы, Облыстық прокуратура қоғамдық мүдделерді қорғау бойынша басқармасының прокуроры Мақашев Нұрбосын Тәжібайұлы, Әділет департаментінің құқықтық түсіндіру және халыққа заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Дауылбаева Айнұр Тұрарбекқызы, Алматы облыстық орыс орталығы төрағасының орынбасары Котельникова Лариса Леонидовна, Медиация орталығының меңгерушісі, Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының заңгер-медиторы Махмет Айбүбі Қанатбекқызы – секілді мамандар қатысып өз саласына қатысты медиацияның пайдасы мен қолдануға қатысты түйткілдерді ортаға салып, баяндама жасады.
Қазақ халқының дәстүрінде бұрыннан бар медиация - бітімгершілік қағидасын жаңғыру жолымен қолданысқа енгізу арқылы, тиімді дәстүрді жалғаудың маңыздылығын бүгінде түсініп отырмыз. Тәжірибе кезінде жүйенің қаншалықты пайдалы екенін байқағандықтан алдағы уақытта медиацияны әлі де болса дамыту мақсат болып отыр.
Еркенұр Ерзия