Астананың 20 жылдығына Маңғыстау облысы ерекше сый жасауымен есте қалмақ. Өйткені Астананың 20 жылдығына орай Маңғыстау өңірі Астанада Достық үйін тұрғызатындарын хабарлады.Айта кетер жайт, Астанада осыған дейін Достық үйі болмаған.
Достық үйі негізінен еліміздің көптеген қала, облыс, аудандарында бар. Негізінен еліміздің Ассамблеясына қызмет ететін Достық үйлерінің маңыздылығын Елбасымыз осыдан бірнеше жыл бұрын айтқан болатын. «Қоғамдық бірлік пен әлеуметтік бастамалардың орталығы ретінде Достық үйлерінің тиімділігін арттыруымыз керек. Сондай Достық үйлері барлық аймақта орналасуы керек. Бұл оңай шаруа емес. Шығынды да талап етеді. Бірақ, ол өте маңызды. Барлықтарыңыздың есте сақтағандарыңызды қалаймын: Қазақстандағы бейбітшілік пен келісім үшін ешқандай құн қымбат болмайды», - деп Елбасы қадап айтқан болатын.
Ал осы орайда Маңғыстау облысы Достық үйін сый ретінде Астанаға тарту етуді таңдаған. Маңғыстау облысы Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Бейсенғали Кенжалиев "Астанада Достық үйі жоқ, ал барлық облыс орталықтарында бар. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Маңғыстау облысы өзінің үлесін қосуды жөн санады», — дейді.
Шын мәнінде еліміздегі Достық үйлерінің маңызы зор! Достық үйінің елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуда, барлық халықтардың тілдерін, дәстүрлерін, мәдениетін жаңғыртуда, қазақстандықтарды отансүйгіштікке баулу мақсатында өз орны бар екенін қазір халық көріп отыр.
Еліміздегі тұңғыш Достық үйі 1992 жылы Шығыс Қазақстан облысында ашылған. Елбасының өзі ашылуына қатысып, естелік кітапқа тілегін қалдырған Достық үйі 20 жылдан асса да әлі күнге әртүрлі ұлт өкілдеріне жемісті қызмет етіп келеді.
Достық үйлерінің жұмысының ауқымы жыл сайын кеңейе түсуде, мұнда әртүрлі тақырыпта ғылыми-тәжірибелік конференциялар, семинарлар, байқаулар, кездесулер, фестивальдар, атап айтсақ «Орыс өнері», «Казачье сторонушка», «Жыраулар» фестивальдары дәстүрлі түрде өткізілуде, Сонымен қатар, барлық этномәдени орталықтарға арналған халық мерекелері «Наурыз», «Масленица», «Ханука», «Рош-а-на», «Сабантуй», «Астық мерекесі», діни мерекелер «Құрбан айт», «Рождество», «Пасха», «Вардавар» және мемлекеттік мерекелер де жыл сайын Достық үйінде тойланады. Бұл тұрғыда Достық үйлері барлық ұлттардың мәдениеті мен салт дәстүрін жаңғыртуда тиімді қызмет етіп отыр деуге болады.
Сондықтан Астанада салынғалы отырған Достық үйі де бейбітшілік пен келісімнің кепіліне айналып, жемісті қызмет етеріне сенім мол!
Еркенұр Ерзия