Қазақ халқында есімі ел есінде талай уақыттан бері сақталып келе жатқан тау тұлғалар аз емес. Биыл солардың бірқатарының 110 жылдықтары. Атап айтар болсақ қазақ халқының сүйікті ұлдарының бірі Дінмұхамед Қонаев, биші Шара Жиенқұлованың, Зейін Шашкин және Жұмағали Саин секілді тұлғаларымыздың биыл мерейтойлары.
Мәселен Дінмұхамед Қонаев атамыз 1912 жылы 12 қаңтарда дүниеге келген. Қазақстанға қырық қала сыйлаған деп есімі құрметпен аталатын тау тұлғамызға халықтың ықыласы ерекше. Негізі Дінмұхамед Ахметұлы ел басқарған жылдары елімізде 68 жұмысшылар кенті және 43 қала пайда болған көрінеді. Осы бір дерек Дінмұхамед Қонаев атамыздың елімізге деген еңбегін айқындайтындай. Сондай ақ қолының ашықтығын, қазақы мінезін, кең пейілін, ұлтына деген адалдығы мен мемлекетімізге сіңірген еңбегі аңыз қылып айтып отыратындар жетерлік. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 1993 жылы 22 тамызда 82-жасқа қараған шағында қайтыс болған.
Биыл 110 жылдығын тойлағалы отырған тағы бір тау тұлғамыз Шара Баймолдақызы Жиенқұлова 1912 жылы 18 тамызда Алматы қаласында дүниеге келген көрінеді. Қазақтың тұңғыш биші қыздарының бірі, Қазақ драма театрында еңбек етіп, «Айман-Шолпан» музыкалық драмасында, Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Жалбыр» және «Ер Тарғын» операларында ойнаған. Он алты жасынан бастап биші қыз атанған өнер иесінің мәдениет саласына сіңірген еңбегі зор!
Биыл 110 жасқа толып отырған Зейін Жүнісбекұлы Шашкин де 1912 жылы 31 желтоқсанда Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келген. Жазушы сол кездің өзінде сапалы білім алып, Мәскеудің Тарих, философия және әдебиет институтында бітірген. Артында қалған еңбектері жазушының өте білімді, өз қалам тербеген тақырыптарға терең бойлай білгенін аңғартады.
Тағы бір жазушымыз Саин Жұмағалидың да биыл 110 жылдығы. 1912 жылы Көкшетау облысы, Арықбалық ауданы, «Баян» көлінің жағасында туған. Білім беру қолжетімді бола қоймаған тұста халықты ағарту ісіне үлес қосқан. Кейін өзі де Мәскеуде білім алған соң, елімізге келіп, «Лениншіл жас» газетінде қызмет еткен, Қазақстан Жазушылар одағында еңбек еткен. Өздері қолға алған салаларда үлкен жетістікке жетіп, қазақ халқының тарихында есімдері құрметпен аталатын бұл тұлғаларымыздың қай қайсысы болмасын үлкен құрметке лайық!