Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына дайындық мәселесі қаралды
Биыл халқымыздың атақты жазушысы Мұхтар Әуезовтың 125 жылдық мерейтойы. Осы орайда бүгін Премьер-министрдің орынбасары Ералы Лұқпанұлы Тоғжановтың төрағалығымен Мұхтар Әуезовтың 125 жылдық мерейтойын мерекелеуге дайындық жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті.
Құрамында бірқатар мемлекеттік орган өкілдері мен өңір әкімдері, Қазақстан жазушылар одағы мен М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының басшылығы, танымал тарихшылар мен әдебиеттанушылар қатысқан отырыста мерейтойды өз деңгейінде өткізу мәселесі талқыланды. Аталмыш кеңестен белгілі болғандай қазақтың заңғар жазушысының мерейтойын атап өту жөніндегі жалпы республикалық жоспарға сәйкес биыл 4 бағыт бойынша 82 іс-шара ұйымдастырылады деп күтілуде. Оның ішінде, М.Әуезовтің әдеби-мемориалдық үй-мұражайы ғимаратына ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізіліп, Шолпан-Атада жазушының бюсті орнатылады, мектеп оқушыларына арналған «Әуезовтану» бейнедәрістер циклы әзірленіп, әдеби подкасттар жасалады, халықаралық театр фестивалі өткізіліп, «Ақан-Зайра» трагедиясы алғаш рет сахналанатын болады. Мұның барлығы жазушының мерейтойы жан жақты аталып өтуі үшін қолға алынып жатқан шаралар.
Сондай-ақ, «Қилы заман» повесі бойынша телехикая түсіру де қолға алынбақшы. Жазушының мерейтойын өз деңгейінде атап өтілу үшін шетел архивтеріндегі жазушыға қатысты құжаттар зерделеніп, тың материалдар іздестіру де қарастырылуда. Және кеңес барысында әдебиеттанушылар мен жазушылар тарапынан мерейтойды өткізуге қатысты тағы басқа бірқатар ұсыныстар айтылып, оларды іс-шаралар жоспарына енгізу жұмыс тобымен мақұлданды. Түрлі көрмелер, театр фестивальдері, әдеби байқаулар, Әуезовке қатысты тың зерттеулер жарық көреді деп күтілуде. Мерейтойға орай халықаралық деңгейдегі шаралар да қолға алынбақ. Сондықтан жазушының мерейтойы ел есінде қалары анық.
Ерзия Ерсұңқар