Ассамблея - татулық темірқазығы
Кез келген мемлекет үшін қоғамдық келісімнің маңыздылығы ерекше. Халық үшін бейбіт заманда мамыражай өмір сүруден артық ешқандай бақыт жоқ.
Сондықтан елімізде татулық пен тұрақтылыққа Тәуелсіздік алған жылдан бастап ерекше мән беріліп келеді. Қазақстанда өмір сүріп жатқан этнос өкілдерінің мүддесі Елбасымыздың тікелей қадағалауында. Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын да алғаш рет Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев 1992 жылдың желтоқсанында өткізілген Қазақстан халқының бірінші форумында айтқан болатын. Тарих қойнауында алтын әріптермен таңбаланған аталмыш форум жұмысында Мемлекет басшысы баяндама жасап, Қазақстан дамыған елдер қатарына қосылу үшін, ел тұрғындары бай, әл-ауқаты жоғары өмір сүру деңгейіне жету үшін халықтың ынтымағы, бірлігі мен татулығының негізгі рөл атқаратынын ерекше атады. Осыған орай, 1995 жылғы наурыз айында Қазақстан Республикасының Президенті жанынан консультативті-кеңестік орган ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды.
Қазіргі таңда Ассамблея этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырушы маңызды құралға айналып, елімізде тұрмыс кешіп отырған барлық этностардың өзара тең құқықты қатынасын қамтамасыз етуші рөлге ие бірден-бір ұйым. Жиырма жылдық тарихында аталған құрылым қоғамдағы тұрақтылықты сақтаушы құралға айналғанын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Үстіміздегі жылы елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық тойы республикалық деңгейде мерекеленеді. Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты халыққа арнаған Жолдауында «Ассамблея құрылуының 20 жылдығын атап өту арқылы біз қазақстандықтардың рухани күш қуатын арттыруымыз және толеранттылығын еселеуіміз керек. Сондықтан да, біз Қазақстан халқын ең үздік және мәңгілік құндылықтар - ел игілігі жолында ынта мен жігерді, еңбекқорлықты және мақсаткерлікті арттыруға шақырамыз. Этносаралық келісім - ол өміршеңдік оттегісі» деп ерекше атап өтті. Ассамблеяның негізгі бағыты барлық этностық топтарды ортақ мақсатқа жұмылдыру болып табылатындығын атап өткен Елбасы Ассамблеяның өміршеңдігінің ең басты ерекшелігі - ол этностық топтардың қызметін бақылаумен айналысатын қарапайым ұйымға ғана емес, сонымен қатар еліміздегі барлық ұлт пен ұлыстың мүдделерін бір арнаға тоғыстырушы, барлық азаматтардың этностық, діни ерекшеліктеріне қарамастан құқығы мен бостандығын сақтаушы толыққанды саяси институтқа айналғандығын айтты.
Мемлекет басшысы көп ұлтты Қазақстанда 140-тан астам ұлттар мен ұлыстардың тату-тәтті өмір сүріп жатқандығын Қазақстан халқы Ассамблеясының әрбір сессиясында атап өтеді. Өткен жылғы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясында да Қазақстан Мәңгілік Ел атану үшін мемлекетте бейбітшілік пен келісім бекем болуын басты назарға ұсынды. «Қазақстан-2050» Стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» деп аталған сессияда рухани келісімнің айрықша жеті жоғары мәдени қағидатын айтып өтті. Онда діни тұрақтылық, ортақ жауапкершілік, мемлекеттік тілді өзге ұлттардың меңгеруі, конфессияаралық толеранттылық пен ішкі тұтастық, барлық ұлттың өмір сүру сапасын арттыру, әр ұлт пен ұлыстың мәдениеті мен өнерін дамыту және этномәдени бірлестіктердің жұмысына серпін беру қағидаттарына кеңінен тоқталды. -Ассамблея халық егемендігін шоғырландырушы саясатүстілік органға айналды. Ассамблеяның депутаттық тобының құрамына бүкіл парламенттік партияның өкілдері болып табылатын 25 мәжілісменнің кіруі үлгі тұтарлық жағдай. Ассамблея мемлекеттік органдардың халықпен жемісті үнқатысуын, барлық этностар өмірлерінің өзекті мәселелерінің шешілуін қамтамасыз етеді.
Ассамблея дүниеге келген 20 жылдан астам уақыттан бері атқарған қызметі мен жүріп өткен сара жолы қазақстандық этносаралық және конфессияаралық келісім үлгісінің әлемдік қауымдастық алдында беделді ұйымға айналып, ел қоғамының құрамдас бөлігіне айналғанын көрсетті. Қазіргі таңда бүкіл әлемді шарпыған ғаламдық дағдарыс Қазақстанға да өз салқынын тигізіп отыр. Мемлекетте қоғамдық-саяси тұрақтылық болмай, экономикалық салада жетістік болмайды деген қағиданы тарих әлдеқашан дәлелдеген. Сондықтан Қазақстан халқының бірлігін бұдан әрі жетілдіру міндеті мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналып отыр. Қазақстанның экономикалық дамуы, этносаралық қатынастардың әлемдік қауымдастық тарапынан мойындалуы, ең алдымен, қазақ ұлтының еншісінде екендігі анық.Қазақ халқы қашанда бірлік пен татулық мәселесіне ерекше мән беріп, оны тірліктің тұтқасы, өмірдің өзегі ретінде бағзы заманнан бағалап келген. «Бірлік бар жерде - тірлік бар», «Береке басы - бірлікте», «Ырыс алды - ынтымақ» деген сияқты көптеген мақал-мәтелдер соның айғағы. Болашақтың бірліксіз болмайтынын болжай білген бабаларымыз бала тәрбиесінде де осы қағиданы басты бағыт етіп ұстаған. Ол атадан балаға мұра болып, әлі де жалғасын тауып келеді. Бірлік пен татулық тәлімінің қазіргі көпұлтты Қазақстан жағдайында маңызы ерекше. Мемлекет құраушы, елдің, жердің иесі ретінде қазақ халқы өзге ұлттар мен ұлыстарға оның асқан үлгісін көрсетіп келеді десек артық емес. Тарихымызға үңілсек, оған анық көз жеткізе аламыз. Қиын-қыстау кезеңге тап болған өзге ұлт өкілдеріне қашанда қамқор болып, ағалық мейірімін аямаған. Алаш елі тағдырдың жазуымен жер аударылып келген түрлі ұлыстарға төрінен орын беріп, бір үзім нанын бөліскені белгілі. Сол үшін көптеген ұлыстардың өткен және бүгінгі буыны қазақ халқына шексіз риза. Қазақ жерінде қазір 140-тан аса ұлт пен ұлыс өкілдері өмір сүріп жатыр. Оларға Қазақстан азаматтары ретінде тең құқық берілген. Олар білім алу, емделу, жоғары лауазымды қызмет атқару мүмкіндіктеріне ие. Елімізде мекен еткен ұлт пен ұлыстарға өз мәдениетін дамытып, салт-дәстүрлерін сақтауға лайықты жағдайлар жасалған. Олардың әрқайсысының ұлттық мәдени орталықтары тұрақты жұмыс істейді. Мәдени орталықтар әр халық өкілдерінің өз ұлттық дәстүрлерін сақтауға зор ықпал жасап келеді. Сонымен бірге, көпұлтты Қазақстанның мәдени жағынан әртарапта дамуына үлес қосып келеді.
Еркенұр Ерзия