Бүгінгі күні елімізде медиация жүйесінің дамуы қоғамдың сананы жаңғыртудың, рухани жаңғырудың бір жолы саналады. Мемлекеттің медиацияны дамыту үшін қоғамды жұмылдыруы бекерден бекер емес. Бүгінгі күні қоғамда медиация жүйесінің жан жақты тиімділігі дәлелденіп отыр. Әсіресе медиация ұғымын дамытуда, оның қолданыс аясын кеңейтуде Қазақстан Халқы Ассамблеясының орны ерекше.
Алғаш Ассамблеяға медиация жүйесін дамыту жүктелгенде, бітімгершілік істерінің негізінен ұлттар арасын жарастыру мақсатында, араздасқан ұлт өкілдерін бітімге шақыруға орай қолданылады деп есептегендер көп болған еді. Алайда бүгінгі күні Ассамблеяға қатысты медиация жүйесінің ауқымы кеңейіп, тек ұлттар арасындағы татулықты ғана қаузап жүрмегенін көз көріп отыр. Тіпті Ассамблеяға қарасты Достық үйлерінің жанынан ашылған медиация кабинеттерінде бүгінгі күнге дейін дүрдараз болып қалған ұлттарды жарастыру мақсатында медиацияны қолдану тәжірибесі бірде бір рет кездеспеген. Медиацияның бүгінде этносаралық дауларды шешу құралы емес, қоғамдық үлкен ауқымды істерде қолданылуы қуантады. Демек елімізде татулығы мен бірлігі жарасқан жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілін араздастыратындай, арасына сына қағатындай себеп жоқ. Сондықтан медиация жүйесі негізінен қоғамның басқа мәселелерін шешу мақсатында қолданылып отыр.
Бүгінгі күні медиация арқылы қаралатын істердің қатарының арта түсуіне қарап, қоғамда азаматтардың құқықтық сауаты жетіле түскенін, құқықтық мәдениет қалыптасып, азаматтық жауапкершіліктің де артқанын байқауға болады. Сондай-ақ медиация жүйесін бізден бұрын жүйеге енгізген елдерді мысалға келтіріп, бүгінде шетелдік тәжірибе ретінде көрсетуге ұмтылатындар да жетерлік. Өйткені АҚШ, Аргентина, Ұлыбритания, Германия, Австрияда бұл жүйе бұрыннан бар. Алайда қазақтың үш биінің жазылмаған дала заңымен, бітімгершілік арқылы талай істерді дау дамайсыз шешіп, ешқандай түрмесіз, тергеусіз талай тентекті тезге салғанын ескерсек, медиацияның түп тамыры, негізі ежелгі тарихымызда жатқанын түсінеміз. Демек медиация жүйесі жаңғыртылу арқылы қайта оралған ата-баба жолы деуге толық негіз бар.
Жанжалдардың алдын алу мен сотқа жеткізбей шешуде аталмыш жүйе өзінің нәтижелілігін дәлелдеп отыр. Медиацияны татулық, бірлік, ауызбіршілік, ұлттар достығы сөздерінің синониміне айналып отырған Ассамблея арқылы дамытудың маңызы зор болып отыр. Өйткені Ассамблея десе ұлттар бірлігінің, достығының символына айналған ұя елестейтініндей медиация жүйесінің де осы институт арқылы дамытуда қоғамға тезірек сіңісуі байқалады. Жалпы Ассамблея институтының қайырымдылық, медиация секілді игі істерді дамытуға қатысты өзіндік дамыту әдісі бар екені аңғарылады.
Бүгінгі күні еліміз бойынша облыстық және қалалық Достық үйлерінде Ассамблеяның 20 шақты медиациялық кабинеттері, ал аудандар мен ауылдық округтерде 900-дей медиация кабинеттері жұмыс жасап жатқаны белгілі болып отыр. Бұл қоғамымыз үшін үлкен жетістік. Өйткені қоғамымызда қоғамдық сананың жетілуі, құқықтық мәдениеттің қалыптасуы тұрақтылықтың сақталып, бүкіл әлеуметтік құрылымның беріктігін қамтамасыз етуіне әсер етеді. Осылайша Елбасының Ассамблеяға қоғамдық медиацияның дамуына үлес қосуына орай берген тапсырмасы ел бірлігін нығайтуға да үлкен жол ашатынын тәжірибе көрсетіп отыр. Нақты статистикаға келер болсақ, бүгінгі күні бір ғана Шығыс Қазақстан облысы бойынша биылғы жылдың басынан бері екі мыңнан астам заң бұзушылық іс әрекеттері сотқа жеткізілмей Ассамблея жанынан құрылған медиациялық кабинетте шешімін тапқан. Бұл қаншама сот істеріндегі әуре сарсаңынан, құжатбастылықтан, судьяларды жүктемелерінен сақтады. Осыған орай Алматы қалалық Бостандық аудандық №2 сотының судьясы Арай Нұғыманова құқық қорғау саласынан гөрі Ассамблеяның медиацияны дамытудағы жұмысы нәтижелі жүріп жатқанын жасырмады.
Арай Нұғыманова, Алматы қалалық №2 Бостандық аудандық сотының судьясы:
- ¬Шыны керек медиация жүйесінің қоғамымызда дендеп енуі дау-жанжалдардың тиімді шешілуіне мұрындық бола түсті. Әсіресе отбасылық мәселелер, ерлі-зайыптылардың ажырасуы көбейіп тұрған кезеңде медиация жүйесі өте тиімді деп айтар едім. Кейде ерлі зайыптылар ашумен ажырасуға арыз береді де, іс сотқа келіп түсіп қойған соң еріксіз біздің қарауымызға түседі. Ертеде көбінесе ауыл ақсақалдары «Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деп отбасылық мәселелердің барлығының от басы ошақ қасында шешіп тастауға ұмтылған. Отбасылық мәселелердің жалпақ жұртқа жария болғанын қаламаған. Бұл қазақы менталитетке сай, ұлттық жаңғырудың бір бөлшегі десек те болады. Отбасы болғаннан кейін ыдыс аяқ сылдыры болмай тұрмайды. Ал сондай істер көлденең жұртқа белгісіз күйде, Ассамблея жандарынан ашылған Аналар кеңесінің қадағалауымен, кәсіби медиаторлардың көмегімен шешімін тауып жатса нұр үстіне, нұр емес пе?! Іс судьяның қолына келіп түскенмен, біз ақыл айтып, өмірлік тәжірибені мысалға келтіріп, істі созып отыруға уақытымыз да жоқ, кәсіби құқығымыз да жоқ. Біз кез келген істі заң аясында қарастырамыз. Ал ел ішінде өзіндік орыны бар Ассамблея тарапынан мұндай істердің атқарылуы орынды болар еді.
Шыны керек Ассамблея әмбебап институт. Оның қол астынан Аналар Кеңесі, Әкелер кеңесі, ғылыми-сарапшылық ұйым, Журналистер клубының құрылуы осыны аңғартады. Мұның барлығы заман сұранысына сай туындап отырған қызметтер.
Медиация қызметінің негізгі мақсаты – қос тарапты да қанағанаттандыратын, даудың ортақ шешімін табу, «алтын аралығын» табу болып табылады. Осындай мақтаулы жүйенің Ассамблея институтында одан әрмен қолайлы бола түскені байқалады. Медиация бүгінде негізінен азаматтық істерде, еңбек келісімшартына қатысты дауларда, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын, сондай-ақ, онша ауыр емес және ауырлығы орташа істерге қатысты дау дамайларда қолданылып жүр. Статистикаға келсек елімізде бүгінгі күні дау дамайлардың отыз пайызы ғана медиация арқылы шешімін тауып жатыр екен. Ал шетелде бұл көрсеткіш 50-60 пайызға дейін жетеді екен. Сондықтан қоғамымызда медиация арқылы қаралатын істердің санын әлі де болса арттыра түсу қажеттігі сезілуде. Ал бұл мақсатта Ассамблея өзіндік тәжірибесімен іс-шаралар жасауда. Атап айтқанда еліміздегі Жоғары оқу орындарымен арнайы келісімшартқа отыру, медиаторлар дайындау ісіне көңіл бөлу, медиациялық кабинеттер санын көбейту секілді жұмыстар атқаруда.
Еркенұр ЕРзия