Форум басында аудан әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбекұлы Аналар кеңесі форумының салтанатты ашылуымен жиылған көпшілікті құттықтады. Форум жұмысының модераторы облыстық аналар кеңесінің төрайымы Жамал Баймәдиева күн тәртібінде қаралатын негізгі тақырыптарды тарқата келіп, әйелдердің еңбекқорлығы, ұрпақ тәрбиесіндегі алар орны жайлы пікір алмасуға шақырды. Түгін тартса майы шығатын Талғар ауданында тіршілік жасап отырған аналардың істері ілгері басып, ел экономикасының өрлеуіне өзіндік үлестерін қосып отырғандығын айрықша атап өтті.
Жиында аудандық әйелдер көшбасшысы мектебінің жетекшісі Нәйля Үмбетованың «Гендерлік саясатты іске асыру бағытындағы әйелдердің бизнесте алар орны» тақырыбында жасаған баяндамасы көптің қызығушылығын тудырды. Бұдан кейін аудандық аналар кеңесінің төрайымы Мәрия Сихымбаева «Достықтың алтын тамыры – халықтар бірлігінде» атты баяндамасын оқыды.
Аналар кеңесі қазақстандық патриотизмді, толеранттылықты және этносаралық келісімді, ұрпақтар сабақтастығын, ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды нығайту және сақтау міндетін мақсат тұтты. Бұл күнде аудан халқының 51 пайызын әйелдер құрайды. Талғар қаласы мен 10 ауылдық округте аналар кеңесі құрылып, 50-ге тарта мүшесі айтылған мәселелер төңірегінде жұмыс жүргізіп келеді.
Аудандарда демографиялық өсімге атсалысып отырған алтын құрсақты аналар аз емес. Оған аудан бойынша 66 «Алтын алқа», 225 «Күміс алқа» иегерлерінің бары дәлел.
Форум жұмысын қорытындылаған Жамал Қасымбекқызы Елбасының Қазақстан халқына арнаған кезекті бір Жолдауында: «Қоғамның өркениетті деңгейі оның әйелдерге деген қарым-қатынасымен өлшенеді» деп тұжырымдауында үлкен мән жатқандығын жеткізді. Ақ жаулықты аналар басқосуында Талғар аудандық этномәдени бірлестіктерінің көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар, «Достық блогы» атты театрландырылыған көрініс те форумға қатысушы аналардың көңілін серпілтті. Жиын соңы концерттік іс-шараға жалғасты.
Еркенұр Ерзия