Анығы – осы
«Алаш айнасы» газеті ел ішінде жиі айтылып, жиі жазылса да, көп адам мән-мағынасын біле бермейтін кейбір сөздерге талдау жасайтын болады. «Анығы – осы» айдары арқылы газетіміздің әр санында мән-мағынасы беймәлім сөздердің түбірі неден шыққаны, халық арасына тез тарап кетуіне не себеп деген сұрақтарға жауап іздейді. Мәселен, қазіргі уақытта қазақ тіліндегі кірме сөздерді (парсы және араб тілінен енген) айтпағанда, арамызда қазақтың кейбір сөздерінің мағынасын түсіне бермейтін қандастарымыз баршылық. Сондықтан біз бүгінгі санда қазақтың салт-дәстүрі, ұлттық өнерінің бірқатарын тізбектеп шықпақпыз.
Сүйекке кіру. Қайтыс болған кісіні ақ жауып арулау. Бұған сүйекті жуудың жөнін білетін марқұммен замандас адамдар кіреді. Сүйегіне кіретін адамдарды марқұмның өзі де айтып кетуі мүмкін. Бұған шариғат заңы бойынша әр рудан (атадан, ата ұлынан) бес не жеті кісі түседі. Олардың міндеті – аруақты жуып, тазарту. Бұдан кейін марқұм әйел болса – бес қабат, еркек болса – үш қабат ақ матаға ақиретке оралады.
Сүйіндір. Келіншек босанғаннан кейін оның анасы кәде-жорасын алып әдейі келуге тиіс. Бұл – қалыптасқан салт және ананың міндетті парызы. Мұны қызын қияға қондырған әр қазақ әйелі білуге және орындауға міндетті. Ана болған өз баласының (қызының) қасында болып, оған рухани қолдау көрсетіп, жас сәбиді емізу, күту жолдарын үйретеді, ақылшысы, сүйеніші болады. Құда-құдағиларының немерелі болған қуанышына ортақтасады, нәрестеге арнаған бұйымдарын, сәлем-сауқатын ұсынады. Құрметті қонағы да болады.
Сүндет той. Қазақ даласында ежелден сән-салтанатымен ерекше аталып өтетін, көптеген өзіндік жөн-жоралғылары бар той. Қалыптасқан дәстүр бойынша ата-бабаларымыз ер балаларын тақ яки 3, 5, 7 және 9 жасында сүндетке отырғызады. Сүндетке отырғызбас бұрын әрбір ата-ана баласын алдын ала психологиялық тұрғыдан дайындауы тиіс. Алдымен «Бір, екі, үш, төрт, бес, шүметайымның басын кес!» деп тақпақ үйретеді, «сүндетке отырғаннан кейін ғана сен нағыз жігіт боласың» деп күнделікті құлағына құя береді. Осындай әңгімелерге әбден еті үйренген бала осы бір күнді асыға күтіп, іштей дайын болып жүреді.
Сүндет тойын өткізетін сәтті күн алдын ала белгіленеді. Бұл тойға тән ерекшелік – тойға қонақтарды баланың өзі шақырады. Айшықты тарланбозға мінген, сәнді киінген бозбала мен құйрығын шарт түйіп, жорға мінген сүндет бала көпшілікті тойға шақырады. Оның бауырсақ пен мәмпәси толтырылған қоржынынан тойға шақырылған үй иесі дәм татады да, түсті матадан жыртыс жыртып, бала мінген жорғаның жалына байлайды.
Сәрсенбінің сәтті күні ауыл молдасы баланы сүндетке отырғызады. Бұл рәсім былайша жүргізіледі: әкесі баланы дастарқанға шақырып, күлдіргі әңгімелер айтады, мақтауын жеткізе отырып, төсекке жатқызады. Үйде жалғыз қалған молда қолын үш рет сабындап жуып, құрал-саймандарын отқа ұстап, таза ақ шүберек, ұнның кебегі, кесе дайындайды. Молда бала көңілін аулайтын түрлі хикаялар айтып отырып, шүметайының артық терісін қаз майымен әбден уқалап, жанын кетіреді, оның қалайша шорт кесіліп қалғанын баланың өзі де аңғармай қалады. Ұнның кебегін сеуіп қанын тоқтатады да, үстіне кесе төңкереді. Қарақотырланған жарасы қажалып, қанамас үшін етегі кең көйлек киген бала бір-екі күннен кейін жүгіріп кетеді (шүметайдың артық терісін перзенті немесе ұлы жоқ ата-аналар қалап алатын жоралғы бар).
Тойға келген адамдар «сүндетің қабыл болсын» деп баланың айналасына жеміс-жидек пен тәтті дәмдер толтырып, жастығының астына ақша салады. Сүндеттелген бала ата-анасының сұрауы, өзінің қалауы бойынша жиналған қаржыны жұмсайды. Сүндет тойында ауқатты адамдар ат шаптырып, көкпар тартқан.
Құрметті оқырман!
Газетіміздің алдағы бірнеше санында қазақтың әдет-ғұрып ишараларын бөлім-бөліммен назарларыңызға ұсынатын боламыз.
Жарияланған сөздерге қатысты айтар ой, қосар пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз болса, хабарласа жүріңіздер!
Байланыс телефоны: 8 /727/ 3 888 062