Кемел келешектің кепілі – кәсіпкерлік
Еліміздің аймақтарында мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудың тиімді құралдарын енгізу арқылы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өңірлік филиалы Қазақстандағы микро, шағын және орта кәсіпорындардың тұрақты дамуын қамтамасыз етіп отыр. Оның қатарында «Бизнестің жол картасы – 2020» және «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы, Өңдеу өнеркәсіп саласындағы шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ «Береке» өңірлік бағдарламасы нәтижелі іске асырылуда. Жамбыл облыстық «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өңірлік филиалының директоры Бақытжан Исақовтың айтуынша «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті дамыту мен қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы 2010 жылдан бері өңірде 600-ден астам кәсіпкер қолдау көріпті. «Даму» қорының берген кепілдіктерінің жалпы сомасы 3,7 млрд теңгені құрады. Оның ішінде, биыл жалпы несие сомасы 1 282 млн теңгеге 43 кепілдендіру шартына қол қойылып, онда «Даму» қоры шығарған кепілдіктердің жалпы сомасы 463,3 млн теңгені құрады. Ал қаржылай емес қолдау құралы бойынша 2013 жылы консультациялық қызметтерді көрсету үшін «Даму» қорында Кәсіпкерлікті қолдау орталығы ашылған болатын. Орталықтың жұмысы «Даму» қорының бағдарламаларын ғана емес, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымдарының да мемлекеттік қолдау құралдары бойынша кеңес беріп отыр. Кәсіпкерлерге және кәсіпкерлік әлеуеті бар халыққа 20 мыңнан астам, биылдың өзінде 700-ден астам кеңес берілді. Осы орталық 105 кәсіпкерге «Назарбаев университеті» ӘҰБ-де «Шағын және орта бизнестің топ-менеджментін оқыту» компоненті шеңберінде тренинг ұйымдастырып, биыл 16 кәсіпкер білім алды. Тағы бір айта кетерлігі, бізде Мобильді кәсіпкерлікті қолдау орталығы бар. Бұл – халыққа кеңес беру қызметтерін көрсету мақсатында өңірлерге баруға арналған арнайы автобус. Мобильді кәсіпкерлікті қолдау орталығы облыстық кәсіпкерлік басқармасы және өңірлік кәсіпкерлер палатасының келісімі бойынша, кеңес беру мақсатында ай сайын аймақтағы барлық ауданға шығып отырады. 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың бағдарламасы іске 2017 жылы қосылды. Бағдарлама шеңберінде «Даму» қоры республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінген қаражатты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер мен стартап-жобаларды несиелендіру үшін екінші деңгейлі банктер мен микроқаржылық ұйымдарға орналастыратын қаржы операторының функциясын орындап отыр. Жамбыл облысында бұл бағдарлама Тараз, Қаратау және Жаңатас қалаларында жүзеге асуда. Өткен жылы «Еңбек» бағдарламасы бойынша 817,6 млн теңге бөлінді, оны «Даму» қоры екінші деңгейдегі 6 банкке орналастырды. Барлық бөлінген қаражат толығымен игерілді. Нәтижесінде, 74 жоба несиелендірілді. Оның ішінде Тараз қаласында – 64, Қаратау қаласында – 5, Жаңатас қаласында 5 жоба бар. Биыл бағдарламаны іске асыру үшін 1 232,8 млн теңге бөлініп, оның ішінде бүгінде 635,6 млн теңге келесі төрт банкте орналастырылды. Аталған бағдарламаны іске асырудың барлық кезеңінде біздің облыста жалпы сомасы 921 млн теңгеге 84 жеңілдікті несие берілді, оның ішінде қордың кепілдігімен 189 млн теңге сомасында 26 несие алды, – дейді Бақытжан Оразқұлұлы. Маманның айтуынша, Өңдеу өнеркәсіп саласындағы шағын және орта бизнесті қолдауға арналған бағдарлама 2014 жылдан бастау алған екен. «Даму» қоры өңдеу өнеркәсіп саласындағы кәсіпкерлерді жеңілдікті шарттармен несиелеу үшін, екінші деңгейдегі банктерге қаржы бөлген екен. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан осы бағдарламаға жалпы алғанда 200 млрд теңге бөлінсе, оның ішінде 17 млрд теңге – Жамбыл облысының кәсіпкерлерін қаржыландыруға бұйырыпты. Сөйтіп, 17 млрд теңгеге 47 кәсіпкер қолдау алған. Оның ішінде12 кәсіпкер осы жылы 2 277,7 млн теңге қаржылық қолдауға қол жеткізіпті. – «Береке-3» шағын және орта кәсіпкерлікті өңірлік қаржыландыру бағдарламасы бойынша айтар болсам, жоғарыда аталған мемлекеттік бағдарламалар болғанымен, біздің облыста жеңілдікті қаржыландыру көлемін ұлғайту мақсатында, Жамбыл облысы әкімдігі мен «Даму» қоры бірлесіп тепе-теңдік негізде қаражат бөлуді көздейтін «Береке» өңірлік бағдарламасын әзірлеген болатын. «Береке-1» бағдары бойынша 2016 жылы 500 млн теңгеге алғашқы пул құрылды, оның 250,0 млн теңгесі Жамбыл облысы әкімдігінен, қалған 250,0 млн теңгесі «Даму» қорынан бөлінді. Көрсетілген қаражат сол жылы «Қазкоммерцбанк» АҚ-ы мен «Қазақстан Халық банкі» АҚ-та орналастырылды. Нәтижесінде, «Береке-1» бағдарламасы шеңберінде 14 кәсіпкер жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Ал «Береке-2» бағдары бойынша 2017 жылы Жамбыл облысының әкімдігі мен «Даму» қоры пулды 1,0 млрд теңгеге дейін ұлғайту туралы шешім қабылдап, оның 500,0 млн теңгесі – Жамбыл облысы әкімдігінің қаражатынан, ал қалған 500 млн теңге «Даму» қорынан бөлінді. Көрсетілген қаражат 4 банкке орналастырылып, «Береке-2» бағдарламасы шеңберінде 40 кәсіпкер несиелендірілді. Осылайша, өңірлік бағдарламаның тиімділігін ескере отырып, Жамбыл облысының әкімдігімен биыл осы бағдарламаны жалғастыру туралы келісімге қол жеткізілді. Биыл «Береке-3» бағдарламасын іске асыру үшін 1,5 млрд теңге көлемінде пул қалыптастырылды, Жамбыл облысы әкімдігінен – 500,0 млн теңге және «Даму» қорынан 1,0 млрд теңге қаражат бөлінді. Бөлінген қаржы тамыз айының аяғында төмендегі екінші деңгейдегі банктерге орналастырылды. «Береке-3» бағдарламасын іске асырудың нәтижесінде біз 50-ге жуық жобаны қолдайтын боламыз, – дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өңірлік филиалының директоры Бақытжан Исақов.