"Халқым" деп жүріп, "халық жауы" атанды

"Халқым" деп жүріп, "халық жауы" атанды

                                                                    Кәрім Құндақбайұлы

Отызыншы жылдардағы жаппай саяси қуғын-сүргінде еш жазығы жоқ миллиондаған адамның өмірін қиған сталинизмнің «ұлы бетбұрыс» кезеңі халықтың есінде мәңгі қалды.

Отыздағы оғланды орға жықты
Халыққа төнген нәубеттің құрбанына айналып, жазықсыздан-жазықсыз атылып, асылып кеткен боздақтар Шығыс өңірінде де аз емес. Солардың бірі – өз заманының атқамінер, озық ойлы азаматы Кәрім Құндақбаев.
Кәрім Құндақбайұлы 1906 жылы Зайсан ауданына қарасты Кеңсай ауылында қатардағы жұмысшы отбасында дүниеге келеді. Әкесі Можыбай қарапайым шаруа адамы болса да, ұлының қатарынан қалмай білім алып, халқына қызмет еткенін қалайды. Жастайынан оқуға зерек, не нәрсенің де қыры мен сырын білуге құштар болып өскен Кәрім ең алғаш 1925-28 жылдары сауат ашу мектебі мен халық тергеушісі курсын тәмамдайды. Алғашқы еңбек жолын Зайсан аудандық жер бөлімінен бастаған жігерлі азамат көп ұзамай Шаған оба-Шілікті совхозына директор болып тағайындалып, іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында сенімге кіріп, Ленинградтағы жоғарғы партия мектебіне оқуға жіберіледі. Бұл кешегі кеңес өкіметі қолдан ұйымдастырған аштық дейтін аждаһаның қазақ даласына аранын ашып кірген 1932-34 жылдардың тұсы болатын. Орда бұзар отызға әлі тола қоймаған азамат сол кездегі үкімет пен партияның жымысқы саясатына имандай сенгендіктен, айтқанын бұлжытпай орындап, қайда жіберсе, сонда баруға бел буады. Жергілікті билік тұтқасын ұстағандар партияның белді мүшесі атанған коммунисті әуелі Большенарым аудандық партия комитетінің екінші хатшылығына, арада екі жыл өткенде Көкпекті аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына тағайындайды. Өкінішке қарай, соңғы қызметіне кірісер-кіріспесте, нақтырақ айтар болсақ, 1937 жылдың 7 желтоқсан күні Кәрім Құндақбаев тұтқынға алынады. Не үшін?
Иә, не үшін, қандай қылмысы үшін? Кеше ғана партияның сенім артып, қолдауымен жауапты қызметтерге тағайындалған азамат не бүлдіріп қойып еді? Бұл сұрақтардың нақты жауабын өзге жұртты айтпағанда, үйде қалған зайыбы мен екі баласын былай қойып, есіл азаматтың өзі де өле-өлгенше білмей кеткен. Олай дейтініміз, К.Құндақбаевтың өлімі туралы куәлігіне көз жүгіртсеңіз:
«Өлген уақыты – 11 наурыз, 1938 жыл.
Өлуінің себебі –
Өлген жері –
Тіркелген жері – Алматы, Фрунзе аудандық ЗАГС, 29-қараша, 1965 жыл» деген қысқаша ғана деректі көресіз. Өздеріңіз байқап отырғандай, марқұмның өлген, яғни, атылған күні мен тіркелген уақытынан басқа жерлерге сызықша қойылған. Құжаттағы көрсетілген даталарды салыстыра отырып, «1937 жылдың желтоқсанында тұтқындалып, айналасы үш айда едел-жедел көзін құртып жібергендеріне қарағанда К.Құндақбаев «аса қауіпті қылмыскер болған-ау» деп қаларыңыз да сөзсіз.
Жалпы, К.Құндақбаевтың талайлы тағдыры жайында журналист Меңғали Мусин ағамыз республикалық «Халық кеңесі» газетінің 1992 жылғы 6 қазандағы санында «Өлуінің себебі – желке тұстан атылған» деген зерттеу материалын жариялаған. Онда кейіпкеріміздің Риддерде тұратын ұлы Әлімді іздеп барғанында Кәкеңнің зайыбымен сұхбаттасқаны, сонау бір алмағайып күндерде азаматының кімдердің көрсетуі бойынша тұтқындалғаны, қай жылы ақталғандығы, қауіпсіздік комитетіндегілердің таққан айыптары жайында берген мәліметтері, бәрі-бәрі егжей-тегжейлі жазылған. Бүгін ол деректерді тың жаңалық тапқандай қайталап берудің қажеті бола қоймас.
Риддерге барған сапарында Меңғали ағамызбен әңгімелескен Кәрім Құндақбайұлының жары Мәужуда Ғалиқызы сол бір үрей мен күдікке толы қым-қуыт күндерді былай деп еске алған екен.
- Ол кісімен алғаш рет Зайсанда өткен мәдени-ағарту қызметкерлерінің мәслихатында жүздескен едік. Кәкең аупарткомда істейді екен. Құдай қосқан күні біз де қосылдық. Оның туған-туыстары мені жақсы қарсы алды. 1933 жылы тұңғышымыз Сәлім дүниеге келді. Екі жылдан кейін Кәрімді Большенарым аупарткомының екінші хатшысы етіп тағайындады. 1936 жылы екінші ұлымыз Әлім туды да, келесі жылдың маусымында Көкпектіге көштік. Кәрім сонда бірінші хатшылыққа ауыстырылды. Бұл біздің азғана уақыт болса да, бірге жүрген уайымсыз-қайғысыз, бақытты шағымыз еді. Сол жылдың желтоқсанында «халық жауы» деп есептеліп, абақтыға қамалды. Жанұясымен қоштасуға да мұршасын келтірген жоқ, Семейге алып кетті.
Сонда жасы отызға да толмаған еді. Қызметке ерте кетіп, кеш қайтатын. Мен «ол не жауыздық істей қойды?» деп таңғалдым. Шалыс қылығы болса, алдымен мен сезбес пе едім?..
Есіл ерлер ескерусіз қалып келеді
Кәрім Құндақбаевтың бертінге дейін Риддер қаласында жеті қат жер астындағы кеніште тас қопарып, адал еңбек еткен ұлы әкесінің ақталғанын естігесін, оған қандай айып тағылғандығын анықтамақ ниетпен ресми орындарға бір емес, бірнеше мәрте сұрау хат жолдайды. Сөйтсе, ресми орындағылар беттері бүлк етпей «К.Құндақбаев ақталды ғой, бұдан артық не керек?» деген мазмұнда жауап жібереді. Мұндай әжуа әрі шығарыпсалма жауаптарға қанағаттанбаған Әлім табанды түрде өз сауалына жауапты талап ете береді. Ақыры, мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Семейдегі басқармасындағылар төмендегідей жауап жіберіпті.
Лениногор қаласы, Ленин даңғылы 28–12.
Ә.К. Құндақбаевқа.
…Сіздің әкеңіз РСФСР Қылмысты істер кодексінің 58(2) (қарулы көтеріліс), 58(7) (зиянкестік), 58(8) (террористік әрекет) және 58(11) (контрреволюциялық ұйымға қатысу) баптары бойынша айыпталған болатын.
МХК басқармасының қызметкері Р.Сейітханов.
Таңғаларлығы, «террорист һәм зиянкес» Құндақбаев бұл қылмыстық әрекеттердің барлығын «коммунист» деген пәрәнжә киіп, контрреволюциялық ұйымға мүше бола жүріп істеген-мыс. Күлесің бе, жылайсың ба?
Иә, кез келген адам бойына қорқыныш пен үрейді қатар ұялатар мұндай жала жабулар мен негізсіз тұтқындаулар, алды-артына қаратпай, айдап әкетулер сол кезеңде миллиондаған Кәрімдердің түбіне жетті. Оның бәрі қарт тарихтың беттерінде қаттаулы да сақтаулы. Ешкім жоққа да шығара алмайды, өшіріп те тастай алмайды.
«Қазақ мемлекеті өз тәуелсіздігін жариялаған жылдардан бастап, 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» деп жарияланған. Содан бергі ширек ғасырға жуық уақытта бұл тақырыпқа қалам тартпаған тарихшы, шығарма жазбаған жазушы, зерттеу жүргізбеген журналист кемде-кем. Бір кездері аттарын атауға тыйым салынған небір боздақтардың есімдері араға аттай 80 жыл салып, халқымен қауышты. Бүгінгі таңда біреудің із-түзсіз кеткен атасы мен әкесі, енді біреудің нақақтан нақақ күйген нағашысы немесе басқа да бастарына бұлт үйірілген туыс-туғандары табылып, өшкендері жанып, өлгендері тірілгендей күй кешіп жатқан жайы бар.
Сондай жандардың бірі – бүгінгі әңгімемізге өзек болған Кәрім Құндақбайұлының немере келіні Бижамал Қайсақызы. Жазықсыз жапа шеккен ата рухын қастерлей білген көргенді келін сұрқия саясаттың құрбаны болған атасына қатысты жылт еткен дүниенің бірін қалдырмай хаттап-шоттап, көзінің қарашығындай сақтап жүргелі де біраз уақыт болыпты.
- Бүгінде арамызда өткеннен сыр сабақтайтын қарияларымыздың азайып бара жатқаны шындық. Кезінде саяси қуғын-сүргін құрбаны болған атамыз Кәрім Құндақбайұлының өмір-тарихы көп ізденісті талап етті. Қазақта «Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» деген сөз бар емес пе? Атамыз жайында, ол кісінің халқына атқарған адал қызметі, мінез-құлқы мен басқа да қасиеттері туралы сол көзкөрген ақсақалдардан естіп-білдік. Ол кісілерге деген алғысымыз шексіз, – дейді Құндақбай әулетінің келіні.
Талай-талай тағдырды тар жолға салып, тайғақ кештірген қаралы күндерді ұмыту, оны жылына бір мәрте болса да еске алмау – үлкен күнә. Сондықтан да болар, жыл сайын мамырдың соңында осы тақырыпқа бір айналып соғу қазақстандықтардың, әсіресе, БАҚ өкілдерінің парызына айналған. Десек те, бір өкініш бар. Ол – жыл өткен сайын саяси қуғын-сүргін құрбандарының көзіндей болып, сарғайған құжаттардың көшірмелерінен басқа белгілердің қалмай бара жатқандығы. Ал зұлмат заманның запыранын жұтқан мыңдаған боздақтың есімі атаусыз, ескерусіз қалып жатыр. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында сол құрбандардың туып-өскен немесе қызмет атқарған елді мекендеріне ескерткіш тақталар орнатып, мектептер мен көшелерге есімдерін берсек, солардың рухына деген зор құрмет әрі жас ұрпаққа рухани азық болар еді

Дерек
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын жаппай ақтау 1920-1950 жылдар аралығында кеңес мемлекеті жүргізген қуғындау, жазалау саясаты асқан қаталдық, шектен шыққан зұлымдық тәсілмен жүргізілгендігін дәлелдеді. Кеңес өкіметінің Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының жалпы саны ғалымдардың есептері бойынша, 3,5 млн. адамды құрады. Алайда, бұл сан да нақты емес. Өйткені, 20-40 жылдары тұтқындалған мыңдаған адамның тағдыры әлі күнге дейін белгісіз.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста