Сүйсiнтiп өткен Сүйінбике
Саналы адам қай кезде де өз халқының, ұлтының намыс туын ұстаушы. Иә, рас, ел абыройы, ұлт намысы ханға да, қараға да ортақ. Сол намысты өзінің жеке ар-намысындай биік қойып, қолындағы туды жықпай, Мағауинше айтқанда, түрегеп тұрып басын кестіргендер, иілмей көз жұмғандар қаншама?! Ондай аласармаған, керісінше ерлік биігінен түспеген жандардың арасында әйел-аналар да аз емес. Солардың бірі, көптің бірі ғана емес, тарихта есімі алтын әріптермен жазылып қалған, шартарапқа аты аңыз болып тарап, талайлардың терең толғанып, тың туынды жазуына түрткі болған тұлға – әйгілі Сүйінбике. ХҮІ ғасырдағы Қазан хандығының патшайымы.
Сүйінбике кім?
Барлық тарихшы, әдебиетші, жалпы көзі қарақты оқырман жоққа шығара алмайтын бір жәйт, Сүйінбике – бүкіл түркі жұртына ортақ тұлға.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Шәрбану Бейсенова өзінің «Жұлдыз» журналына жариялаған зерттеу мақаласында Қазан хандығын отаршылардың сұқ қолынан қорғау үшін жан аямай қарсы тұрған патшайымның шыққан тегі, өскен ортасы, жалпы өмірі жайлы біршама баяндаған.
«Ол (Сүйінбике. – ред.) – XIV ғасырда Алтын орданың хан тағына кімді отырғызып, кімді алып тастауды бір өзі реттеп, ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған өте ықпалды тарихи тұлға, ел бастаған көсем, ту ұстаған қолбасы, сөз бастаған шешен Едіге бидің ұрпағы. Біз мұны шежірешілердің жазғанына сүйеніп айтып отырмыз. Едігенің бір баласы Нұрадын. Нұрадыннан – Уақас, Уақастан – Мұса, Мұсадан Жүсіп туады. Жүсіптің көптеген ұлдары болған, соның арасындағы жалғыз қызы осы Сүйінбике екен» дейді Ш.Бейсенова өзінің жазбасында.
Өз заманында Жүсіп те би болып, елінің бірлігі мен ынтымағы үшін сөз бастаған, көпті сөзіне ұйыта білген беделді тұлға болған деседі. 1533 жылы он жеті жасқа толған сұлу қызы Сүйінбикені Қазан ханы Жанәліге ұзатады. Билік үшін талас-тартыс белең алып, хандықтан береке кеткен уақытта Жанәлі хан қаза табады. 1535 жылы қазандықтар Жанәлі ханның жиені, Қырым ханзадасы Сапагерейді жаңадан хан сайлайды.
«Сол кездегі заңдылық бойынша, жаңадан таққа отырған хан жесір қалған ханымның әмеңгері болып саналатын. Сол дәстүрге сай, Сүйінбике Сапагерей ханға тұрмысқа шығады, – дейді Шәрбану Бейсенова мақаласында. – Сүйінбикенің бұл күйеу жігітке көңілі толып, жүрек қалауын тапқандай бір серпілісті күй кешеді. Хандықтағы үлкенді-кішілі істерге араласа бастайды. Сапагерей де зерек те сергек зайыбының билікке араласуын шектемейді.
Осы тұста тағы да елден тыныштық кетеді. Бұрындары түркі халқының ұлы мемлекеті – Алтын ордаға кіріптар болып, алым-салық төлеп келген Мәскеу княздігі бұл уақ күшке енген еді. Өзін Руссия деп атаған орыс мемлекеті отарлық саясатын Қазан хандығын талқандаудан бастауды көздеген болатын.
Қаһарлы Иван (Иван Грозный. – ред.) үлкен дайындықтан кейін 1549 жылдың күзінде Қазан хандығына шабуылдайды. Сол тұста Сапагерей хан белгісіз жағдайда қаза болады. Бұл жайында: «Ашық соғыстың үлкен шығынға түсетінін аңдаған Руссия Қазан хандығын іштен ірітуге, іріткі жасауға көшеді. Хандықтағы әміршілердің алауыздығын ушықтырып, зымиян әрекеттермен хан тағына өздерінің айтқандарынан шықпайтын «қуыршақ» ханды қоюды ойластырады. Елінен безген, намыссыз сатқындардың көмегімен игі жақсылардың көздерін бір-бірлеп жояды. Осындай опасыздықтың салдарынан, күмәнді жағдайда, Сапагерей мерт болады» депті Шәрбану Бейсенова өзінің зерттеу мақаласында.
Осылайша үш-төрт жасар ұлымен жесір қалған Сүйінбике билікті өз қолына алып, Қазан хандығын тәуелсіз сақтап қалу үшін жан аямай күреске шығады.
Осы тұста айта кетер бір жайт, Сапагерей ханның Сүйінбикеден бұрынғы үлкен ханымдарынан да ұлдары болған. Алайда, Сапагерей өзінің көзінің тірісінде Сүйінбикеден туған Өтемісгерейді мирасқорым, келешек тақ иесі деп танып кеткен екен. «Сол себепті үш-төрт жасар Өтемісгерей хан тағының мұрагері деп жарияланады да, ол кәмелетке толғанша оның ісін атқарушы (регентша) болып Сүйінбике таққа отыруға мәжбүр болады. Қазан хандығының билігіне Сүйінбике осылай келген-ді…» дейді Шәрбану Бейсенова.
Тектілік
Адамның қажыр-қайратының, намысының, мінезінің сыналатын тұстары болады. Сүйінбикенің тарих алдында сынға түсіп, аңыз анаға айналуына себеп болған жағдайлар да ол билікке келген тұстан бастап орын алған.
Тағы да тарих беттерін парақтасақ, Руссиямен арадағы біраз уақытқа созылған соғыстан кейін әскери күштердің теңсіздігінен, дер кезінде жан-жақтан көмек келмеуі салдарынан Қазан хандығы құлағаны белгілі. Басқыншылар елін қорғау үшін күрескен Қазан тұлғаларын тегіс тұтқынға алған еді. Тұтқындар қатарында Сүйінбике мен ұлы Өтемісгерей де Мәскеуге жөнелтіледі.
Тағы да Шәрбану Бейсенованың сөзіне сүйенсек: «Сүйінбикенің өз басы көп қорлық-зорлық тартады. Бірақ тәкаппар жанның рухы сынбайды, Қаһарлы Иван алдында басын имейді».
Орыс билеушісі бойында түркі әйелдеріне тән тектілік бар, ер мінезді, сұлу, ақылды Сүйінбикенің сағын сындырудың амалдарын ойластырады. Оны өлтіруден тіксінсе керек. Сөйтіп, әуелі ұлын тартып алып, Өтемісгерейді христиан дініне енгізеді. Шоқындырып, оған шіркеуде мойнына крест тағады. Александр деп басқа ат береді. Ал, Сүйінбикенің өзін 1553 жылы Василий князьдің оң қолы болған, талайдан бері орыс әскеріне болысып, Қазан хандығына қарсы соғыстарда да көзге түсіп жүрген Шах-Әліге әйелдікке береді.
Мұның бәрі, әрине, арлы әйел үшін қорлықтың, зорлықтың шегі еді. Алайда, Сүйінбике басынан бақ тайып, қолынан билік кетсе де, елі Руссияға отар болып, бодандыққа түссе де, өз бойындағы рухын өлтірген жоқ.
Бұл сөзіміздің бірнеше дәлелі бар.
«Сүйінбике көп уақыт Сапагерейді жоқтап, дауыс салып жылаумен болады. Жоқтаудың сөзін өзі жанынан шығарып, ескі мақаммен зарлап айтады екен. Қазан хандығында бұрын әйелдің ондай дауыс салып, зарлап жоқтау айтып жылау дәстүрі болмаған көрінеді. Хан мешітінің имамы Құл-Шәріп бастаған ақсақалдар келіп, тоқтау айтса да Сүйінбике жарының қазасынан кейін көпке дейін өкінішін, күйігін баса алмай, ұзақ-ұзақ жоқтау айтуын қоймайды. Оның қайсыбірі бірнеше сағатқа созылатын болған. Ол жоқтаулардың кейбір үзіктері ел есінде әлі күнге дейін сақталған. Оны Сүйінбике бәйіттері деп тебіреніспен атайды. Оның кейбіреулерін халық жырлары басылған жинақтардан таптық» – дейді Шәрбану Бейсенова.
Уақыт өте келе, қайғысын жеңіп, сабырға келген Сүйінбике Сапагерей жерленген хандар қорымындағы биік жотаның үстіне көрнекті белгі тұрғызуды қолға алады. Сөйтіп, сол төңіректегі атақты ұсталарды шақыртып, күйдірілген қызыл кірпіштен өріп мұнара тұрғызуды тапсырады.
Бүгінде Қазан қаласындағы көрнекті ескерткіштердің біріне айналған жеті қабатты мұнара сол Сүйінбикенің салдырған мұнарасы болатын. Қазіргі күні ол «Сүйінбике мұнарасы» аталады.
Сүйінбикенің жасынан бәйіттер жазатыны болған. Атадан қанға сіңген қасиет болса керек, даңқты әйел сөз өнерінен алыс емес еді. Торыққанда, қиналғанда, жалпы адам баласы бастан кешетін айтулы сәттерде Сүйінбике де бәйіттер жазып, жан жұбатқан…
Мәскеуде шоқындырылып, Александр аталған Өтемісгерей алты жастан асқанда қайтыс болады. Яғни, Руссия билігі баланы жастай өлтірткізіп жібереді. Сол тұста Сүйінбике:
Ғаріп балам Өтәмеш
Алты жасқа енді жеттің,
Пәни дүниеден өттің.
Сөйтіп менің бір қайғымды кеміттің – деп, зар еңірейді…
Баласын кім өлімге қияды дейсің?! Іштен шыққан перзентінің ажал құшқанын құптау аналарға тән мінез бе? Жоқ, әрине. Алайда, Сүйінбике ұлының дүние салғанын «бір қайғысының кемігеніне» балайды. Неге?
«Иә, оның мәнісі тереңде. Сүйінбикедей нағыз мұсылман әйелі үшін баласының шоқынғаны ауыр жаза еді. Ал, ол қайғыны өмір бойы көтеріп жүру баласы үшін де азаптың азабы екенін бүкіл жан дүниесімен ұғынған ана баласының содан азат болғанына «бір қайғым кеміді» демеске лажы жоқтай» дейді бұл жөнінде Шәрбану Бейсенова.
Бүгінде Қазан қаласындағы көрнекті ескерткіштердің біріне айналған жеті қабатты мұнара сол Сүйінбикенің салдырған мұнарасы болатын. Қазіргі күні ол «Сүйінбике мұнарасы» аталады.
Қазандағы Сүйінбике мұнарасы.
Сүйінбике кімге үлгі?
Расында, қажет кезде қол бастаған, ел бастаған әйел-аналар аз емес. Тұмар, Қызай, Айбике, Гаухар, Сапура, Абақ, тағы басқа есімдер тарихта өткен даңқты әйелдердің құрметіне қойылған. Ал, Сүйінбикенің тағдыры отаршылдыққа қарсы шығып, елінің азаттығы үшін жан аямай күресіп өткен Бопай ханша Қасымқызының тағдырына ұқсас екенін айту ләзім. Елін азаттық үшін үндеп, құлдыққа көнбеуге, отаршылдарға қарсытұруға шақырған Бопай ханым өмірге алты ұл әкеліп, алты баласымен бірге қыран-кесті майдандарда ерлік танытқан деседі. Сүйінбикенің де мұраты сол еді.
Ар-намысты биік ұстау, еңсесі биік, саналы, азат ұрпақ тәрбиелеу тұрғысында бұл есімдердің қай-қайсысы да бүгінгі қазақ қыздарының қастерлісіне айналуға тиіс. Әлбетте, Сүйінбике де.
Бұл жөнінде Шәрбану Бейсенова былай дейді:
«Сүйінбике туралы талай шығармалар жазылған. Татар халқы да, түріктер де, тіпті, орыс қаламгерлері де Сүйінбикені жазды. Біздің ғалым-жазушы ағамыз Мұхтар Мағауин айтқандай, Ноғайлының көптеген рулары кезінде Қазақ хандығы деп аталатын жас мемлекеттің құрамына енген. Сондықтан біз Ноғайлы дәуірінің ақындарын, ойшылдарын: Сыпыра жырауды, Асан қайғыны, Қазтуғанды, Шалкиізді, Доспамбетті қазақ ақындары десек, Сүйінбике де түбі бір түркінің айымы болып шықпай ма? Әрі ұлт азаттығы жолындағы алғашқы құрбан асылдарымыздың бірі емес пе?». Ал Сүйінбикенің арғы атасы Едігені кім қазаққа жат дей алады?!.
P.S. Қазан хандығы құлап, бодандық бұғауына түссе де, татарлар сағы сынған халық емес. Тарихында Сүйінбикедей текті аруларының есімі бар халықтың әлсіз болуы әсте мүмкін емес.
baq.kz