70 жылдан соң табылған жауынгерлер. Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында және Қарсақпай ауылында тұратын 20 шақты отбасы сонау 1941 жылы соғысқа аттанып, елге оралмаған батыр аталарын тапты.
Майдан даласында ерлікпен қаза болған қазақ жауынгерлері Ресейдің Новгород облысындағы бауырластар зиратына жерленген екен. Ұрпақтары марқұм аталарының аруағына дұға бағыштап, туған жердің топырағын апарды, әрі басына ескерткіш белгі қойды. Олардың жол шығынын мысты өңірдегі «Қазақмыс» корпорациясы өз мойнына алған.
Жезқазғандық Күләш Бейсекеева әкесі соғысқа кеткенде небәрі екі айлық бала екен. Қолына қару алып, елін қорғауға аттанған Өмірбек Оспанов 1941 жылы майдан даласында ерлікпен қаза тапқан. Алайда отбасы ол туралы хабарсыз еді. Содан бері сан жылдар бойы әкелерін іздеп келген. Тек 70 жылдан соң ғана ұрпақтары батыр аталарының жерленген жерін тапты. Тарихи деректерге сүйенсек, 1941-1942 жылдары Демянск түбіндегі кескілескен ұрыста кеңес әскерінің 280 мың жауынгері көз жұмған. Олардың қатарында Күләш Бейсекееваның әкесі де бар болатын.
Күләш Бейсекеева, Жезқазған қаласының тұрғыны: - Соғыс болған жерді көрдік. Одан әкеліп осы жерге қойған екен. Осы жерге келіп топырақ салып, көңілімізді бір демдеп тұрмыз. Құдай енді соғысты болдырмасын. Ұрпақтарымызға бейбітшілік тілеймін. Еліміз тыныш, бейбіт заман болсын.
Кипина деревнясының маңында адам сүйектері, солдат каскасы мен медальдері жиі кездеседі екен. Хабарсыз кеткен жауынгерлерді іздеу тобы жыл сайын жинаған мәліметтерін ғаламтор бетіне жариялап отыратын көрінеді. Ал табылған адам сүйектерін жер қойнына тапсырады. Бұл бауырластар зиратында 841 жауынгер жерленген деген дерек бар. Бірақ қаза тапқандардың саны одан да көп болуы мүмкін екендігін алға тартады іздеу тобындағылар.
Александр Павлов, Кипина деревнясының тұрғыны: - Әр жыл сайын жаңа деректер шығады. Мертіккен жерінде қалып, жерленбей қалған қаншама адамның сүйегі табылды. Оларды арулап көмдік. Өткен аптада ғана аудандық әскери комиссариаттан 400 адамның тізімі келді. Олар да осы маңда соғысып, көз жұмған жауынгерлер.
1941 жылы Жезқазған, Сәтбаев, Қарсақбай елді мекендерінен соғысқа аттанған 20 жауынгер осы бауырластар зиратына жерленген екен. Немере, шөберелері батыр аталарының ерлігіне бас иді. Ескерткіш белгісін қойып, туған жердің топырағын салды.