Парсылардың «парс» деген атауында да түріктің «барыс» деген сөзі жатыр
Қазіргі өтірік тарихта айтылып жүргендей ордалықтар өздерін моңғол демеген. Мағұлдармыз деп атаған. Ол бөріден тамыр тартатын түріктің баяғыдан келе жатқан тотемдік аңызы болатын. Шыңғыс ханның кезінде оның қосындары өздерін осылай, бөрінің балаларымыз деп атай бастады.
Қазақ жырауларының “Бөрілі менің мекенім, бөрілі менің байрағым, бөрілі байрақ көтерсе, қозып кетер қайдағым” деп жырлайтыны содан. Бұл дәстүрдің, тарихи танымның сабақтастығы. Түрік халықтарында бұл аңыздың жұрнағы әлі бар. Тіпті, мына татарлар (Бұлғарлар) Мағұлы туралы әпсананы әлі айтады. Олар қасқырды Мақ дейді. Біздегі итқұс деген сияқты. Кейін бөрі бауырына басқан бала туралы аңыз Мағұлы (Бөрінің баласы) деп аталды. Монгол деген орыстың грамматиктері шығарған калька ғой. Енді біреуі Бейбарыс моңғолдармен соғысқан еді ғой дейді. Сол “моңғолдарды” (Мағұлдар) Мысырға кім бастап барды? Қазақ жыраулары “Кетбұғадай билерден кеңес сұрар күн қайда?” дейтін найман Кетбұға батыр ғой? Сол “моңғолдар” мен Мысырдағы қыпшақтар қай тілде хат жазысты? Ана тілі түрік тілінде! Осы оқиғаға куә болған араб тарихшылары бұл туралы: “Байбарыс Беркеге хат жазған еді. Мәмлүктердің сәлемін алған ордалықтар ол хаттың ана тілдері түрік тілінде жазылғанын көріп, жас балаша қуанды” деген. Бір-бірімен ана тілдерінде, екі жаққа да түсінікті тілде сөйлескен! Соған риза болған! Басқа не керек? Енді Кетбұғаны, оған ілескен бүкіл аламанды бүгінгі моңғолдың бабалары еді десеңдер, өздерің біліңдер. Ауыздарыңа қақпақ бола алмаймын. Бағана көшеде кетіп бара жатсам бір топ қазақ жастары сөйлесіп тұр екен. Біреуінің аузынан “незваный гость – хуже татарина!” деген сөз шығып қалды. Әңгімеге араласайын деп бір ойладым да, қойшы, солар үшін тағы бір “татарин” болмай-ақ қояйын деп, жөніме кеттім. Біздің қазіргі тарихи танымымыз да тура солардың түсінігі сияқты ғой. Жаңағы жігіттер де ол сөзді қазіргі татарларға (Бұлғарларға) қарата айтылған екен деп қабылдайды. Бұл негізі ордалықтардың дәуірінен бері келе жатқан, біздің бабаларымызға арнап айтылған сөз. Оның тіпті бізге де қатысы жоқ. Арғы аталарымыз орыстардан алым-салық жинауды кейде солардың өзіне “сеніп” тапсыра салған ғой. Басқақтардың орнына барған Иван Калитаның адамдары жұмыстың қызған уағында деревняға келіп, жатып алады екен. Ол кезде орыстың атқамінерлерінің “татарлардан” аса айырмашылығы болмаған. Киім киісіне дейін бізге еліктеген. Өмірі деревнядан шықпаған мұжықтар оларды қайдан айырсын!? Салық жинауға келгендердің бәрін “татарлар” екен деп ойлаған. Әлгі “ордалықтары” қарашаға қырғидай тиіп жатқаннан кейін жаңағыдай сөз шыққан. Сосын тағы бір айта кететін әңгіме, қазір көп жерде бөріні емес, неге қайдағы бір барысты символ етіп алдық деген пікірлер айтылып жүр. Бұл – негізі, Ақорданың жанынан шыққан бастама. Түріктердің тотемі болған бөрі нағыз жыртқыш қой. Көбіне жаугершілікпен, батырлықпен байланысқан образ. Сырттай тым сұсты көрінеді. Сондықтан билік «өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын» барыстың байсалды бейнесін таңдап алған тәрізді. Бір жағынан, бұның тарихи жағынан гөрі, саяси-экономикалық қыры басым. Әлгі Азияның жолбарыстарына ұқсаудан туған амал. Сосын барыс – көбіне жалғыз жүретін аң. Қазақстан аймақтағы елдердің арасынан жалғыз өзі жарқырап шыққысы келеді. Бұл символда осындай эстетикалық, көркемдік шешім жатқан сияқты. Ал бөрінің бейнесін әскердің кез келген бір тобының жеке байрағы етіп бекітуге болады. Айтпақшы, түркі тарихында Байбарыс, Барысбек, Барыс қағандар да өте көп болған. Сондықтан барыс та бізге жат символ емес. Тіпті, тарихтағы Тұранның саяси бәсекелесі болған парсылардың патшасы Кир де өзіміздің Алтайдан шығыпты. Парсылардың «парс» деген атауында да түріктің «барыс» деген сөзі жатыр. Айта берсе, әңгіме көп…
namys.kz