Өз батырыңды өзекке теппе…

Былай қарасаң, кезінде өзбек халқы меншіктеп алған қазақ батыры Сабыр Рақымовтың іздеушісі көп сияқты. Ол туралы жазу үшін тұп-тура 17 адамға хабарласып, тілдесіп шықтық. Рақымов туралы жазғандар мен жазғысы келгендер де көп. Ақын Исраил Сапарбай да Өзбекстандағы елшілікте қызмет істеп жүргенінде, батырдың жарымен сұхбаттасып, кітап жазуға ниеттеніпті. Бірақ, «сіздің міндетіңіз Сабыр туралы кітап жазу емес» деген тыйым болыпты ресми тараптан. Міне, осындай тыйымдардың кесірінен қазақ батырының өмір жолы беймәлімдеу болып келді. Олай дейтін себебіміз – Сабырдың өмірі туралы деректер әлі күнге түрлі-түрлі нұсқамен айтылады. «Ж-о-оқ, олай емес, негізі былай», – деп әркім әртүрлі аңыз айтады. Тіпті «Өзбектің батырын несіне әулие қыламыз?» дейтін ағалар да табылды. Ал кейбірі әлі күнге дейін: «Өзбектер біздің Сабыр Рақымовтың ескерткішін құлатып тастады. Метроға берілген атын да, көшесін де тартып алды», – деп өкпелеп жүр. Несіне өкпелейміз? Өзағамдардікі де дұрыс шығар, кім білген. Бірінші, өзіңді бағалап, өз ұлтыңнан шыққан тұлғаны ұрпағыңа үлгі ет. Олар бізге: «Батырыңды қайтып алдың. Енді оны әспеттейтін әпенді біз емес. Мықты болсаң, біз секілді атын асқақтатып ал!» – дегенді осы әрекетімен-ақ түсіндіргендей. Ал біз не істедік? Әлі күнге дейін өмірбаянының өзін бір ізге келтіріп жаза алмадық. Соңында қалған ұрпағын да іздемедік. Бар айтатынымыз – «Біздің Сабыр Рақымов Орта Азиядан шыққан тұңғыш генерал!» деген бір ауыз сөз ғана.
Интернетке батырдың атын теріп қалсаң, 1967 жылы өзбек ағайындар түсірген көркемфильм атып шығады. Онда Сабыр: «Мен – өзбекпін», – деп тұр. Ақтық демі шығарда әйелі Құралайға: «Менің қазақ екенімді дәлелдеуге жұмыс істе. Әйтпесе, аруағым риза болмай, көрде екі қолымды көтеріп жатамын», – деген аманаты бар екен. Әлгі киноны жас ұрпақ интернеттен көрген сайын Рақымов аманаты алдында жер шұқып қаламыз-ау…
«Аңыз болған алғашқы генералымыз қандай еді?» деген сауалға жауап іздеп көрдік сосын.

ӘКЕСІ – ҚАЗАҚ, АНАСЫ – ӨЗБЕК


Батырдың қысқаша өмірбаянына Шымкенттегі С.Рақымов атындағы әскери мектеп-интернаттың директоры болған, ұстаз Лұқпан Бәшеновтің баяндауы бойынша шолу жасағанымызда, бүй деді: «Сабыр Рақымов 1902 жылы 11 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Көкібел ауылында дүниеге келген. Әкесінің аты Омарқұл. Анасы Бахырайым Ташкент қаласының маңындағы Жүнісабад деген ауылдағы диірменшінің қызы. Сабыр 4-5 жасқа келгенде әкесі қайтыс болып, шешесі Ташкент қаласына жақын жерде орналасқан Тақтапұл ауылындағы Рақым деген ағасының үйіне көшіп кетеді. Алғаш рет мектепке нағашысының балаларымен бірге барады. Балалардан тегін сұрағанда, бәрі Рақымов деп жауап береді. Сол кезде Сабыр да балалармен жарысып «Рақымовпын» дей салады. Құжатқа солай жазылып кеткен. Балалық шағы сол Ташкентте өткен. 1922 жылы Бакудегі әскери мектепке оқуға түсіп, 1925 жылы оны үздік бітіріп шығады. 1941 жылы майор шенімен 43-армия құрамында соғысқа аттанады. Қазан айында 56-армияның 353-дивизиясындағы №1149 атқыштар полкінің командирі болып тағайындалады. 1942 жылы дивизия жаңадан толықтырылып, 353-атқыштар дивизиясының командирі міндетін атқарады. Сол жылы полковник шенін алады. 1943 жылы Рақымовқа генерал-майор шені беріледі. 1943 жылдың мамыр айында Москвадағы Ворошилов атындағы Бас штаб академиясына оқуға жіберіледі. Сол кездегі әйгілі генералдардың барлығы Сабыр Рақымовқа жақсы мінездеме берген.
1965 жылы 6 мамырда КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының қаулысымен Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының батыры атағын алған.
Жарақаттанып, өлім аузында жатқанда, жары Құралайға: «Менің соңғы тілегім – қазақ екенімді дәлелдеуге жұмыс істе. Аманатымды орындамасаң, аруағым разы болмай, көрден екі қолымды көтеріп жатамын!» – деп тапсырған екен.
Кеңес үкіметі тұсында бәріміз бір атаның балаларындай болып, ұлтқа, жерге бөлінбедік қой. Шымкент пединститутында сабақ берген ұстазымыз Әсілхан Оспанұлы деген ағамыз Сабыр Рақымовтың қазақ екенін дәлелдеу үшін көп еңбек сіңірді. Бірақ ұстазымыз Сабыр Рақымовтың қазақ екенін айтқаны үшін партиядан қысым көрген. Өйткені, оны «қазақ пен өзбектің арасына от жағушы» деп қабылдаған».

9 АЙ ТҮРМЕДЕ ОТЫРҒАН…


Талай жылдан бері Сабыр Рақымов туралы зерттеу жүргізіп, мақала, кейіннен кітап жазған журналист Әкім Ысқаққа да батыр туралы жазғаны үшін жоғары жақтан телефон шалған көрінеді: «Атам жарықтық Ұлы Отан соғысының ардагері. Беларусь даласынан Берлинге дейін майданда болған. Біздің ауылда екі үйде ғана теледидар бар болатын. Соның біреуі біздің үй. «Рекорд-12» деген кішкентай ғана теледидарымыз орысша, қазақша және өзбекше көрсететін. Бала кезімде теледидардан «Сабыр Рақымов» деген фильм көрсетті. Бәріміз қызыға қарап отырғанбыз. Батырдан: «Ұлтың кім?» деп сұрағанда: «Мен өзбекпін!» –деп жауап берді. Сонда кереуетте жатқан атам орнынан атып тұрып: «Өй, бұл қайдағы өзбек?! Қазақ қой!» – деді. «Неге бұлай істеді?!» деп намыстан булығып қалып еді. Атамның сол кездегі түрі көз алдымда қалып қойыпты.
1990 жылы «Лениншіл жастың» оңтүстік аймақтағы тілшісі болып бекітілдім. Іссапармен Мақтаарал ауданына барған кезімде, «Шұғыла» деген газеттен «Біздің генерал» деген шағын мақаланы оқып қалдым. Бала кездегі әлгі көрініс пен мақала сұмдық әсер етті. «Неге осыны жазбасқа? Бекерден-бекер айтылып жүрген мәселе емес қой» деген оймен Өзбекстанға және ол кісінің туған жері Қазығұрт ауданының Өгем тауының етегіндегі Көкібел ауылына бардым. Сол ауылда немере бауыры Шерхан ақсақалмен жолықтым. «Сабыр – қазақ. Менің бауырым. Қаншама адам оның қазақ екенін жазамыз деп уәде беріп кетті. Ешқайсысы мандытпады. Өтініш, осыны тыңғылықты етіп жазшы. Бізді қашанғы өмір сүрер дейсің», – деп аманаттады. Содан кейін «Қазақтың тұңғыш генералы Сабыр Рақымов» деп бірнеше сериялы мақалалар жаздым.
Сабыр Рақымовтың мінезі оңай болмаған. Көкібел ауылында жүргенде, әкесі ерте қайтыс болады. Сосын шешесімен бірге Ташкеннің түбіндегі Тақтапұл деген ауылға барып, нағашы жұртында тұрақтайды. Көп ұзамай анасы да қайтыс болады. Нағашысының фамилиясына жазылып кетеді. Алайда нағашысының да асырауға мүмкіндігі болмай, балалар үйіне өткізіп жібереді. Балалар үйінде өскен Сабыр атамыз орысшалау тәрбиеленеді. Мінезі қатал, бірбеткей болып қалыптасады. Қайсарлығына, айтқанынан қайтпайтынына қарап, Сталиннің өзі «темір генерал» деп атаған екен. Генерал Батов, генерал Рокоссовскийлермен терезесі тең адамдарша сөйлескен, айтқанын істеткен. Ол кезеңде Орта Азиядан генерал шені бар адам шықпаған. Сондай кезде Сабыр Рақымовтың отты жанары, өз позициясын мықтап ұстанған азаматтығы айналасындағы көп адамды қаймықтырған.
Сабыр атамыздың нағашысы Рақым өле-өлгенше жиенінің жағдайын ойлаумен өтіпті. «Омардың артында қалған жетімектің күйі қандай болды екен? Хабарын біліп, Көкібелдегі өз туыстарына тапсырыңдар», – депті өмірден өтерінде. Сабырдың шешесінің інісі Әзизмат әка батырдың кішкентай кезде тынымсыз, бойы ұзын болғанын Шерхан ақсақалға өз аузымен айтыпты. Көше балаларының ішінде айтқан сөзі орындалатын батыл бала болған екен. Ташкендегі көше балалары оны: «Сабыр қазақ» деп атапты сол кездің өзінде.
1965 жылы Ұлы Отан соғысының жиырма жылдығында Совет Одағының батыры деген атақ берілгенде, Ташкендегі көшенің, бір ауданның, метроның атын Сабыр Рақымовпен атады. Мұның бәрі Сабыр Рақымовты өзбек халқына сіңіріп алуға арналған шаралар еді.


Сабыр атамыздың өзбек болып кетуіне мынадай жайт себеп болған сияқты: ол 1922 жылы Бакудегі әскери мектепті бітірген. 1936 жылы Қызыл Ту орденімен наградталған. Елдің алдында командир ретінде абыройы асқақтай бастаған. Қандай ортада болса да, суырылып алға шығатын көшбасшы болған. 1937 жылы репрессия кезінде қазақтың оқығандарын тұтқындап жатқанда, Сабыр да 9 ай қамауда отырып шығыпты. Сол кезде Сабыр амал жоқ бай-датқаның тұқымы екенінен бас тартып, өзбек болуға келісім берген. Тірі қалу үшін ғана осындай қадам жасаған.
Мен алғаш «Лениншіл жасқа» мақала жариялай бастағанымда, Өзбекстаннан телефон соғып: «Сіз неге екі елдің арасына жік саласыз?» – деп ауыр-ауыр сөздер айтқан. Бірақ, мен мақалаларымда «Сабыр Рақымовтың нағашыларына, өзбек ағайындарға мың да бір рахмет», – деп жазып отырдым. Қазақ та, өзбек те мұсылман халқы. Демек, әкесі қай ұлттың өкілі болса, баласы да сол ұлттың өкілі болатынын телефон шалушыларға түсіндірумен болдым».

АҚЫНЖАНДЫ САБЫР
«Аузы дуалы болған кісі. Лүтпе деген немере қарындасының айтуынша, 1943 жылы туған жеріне келген ғой. Сонда қазаққа тән өнерге құштарлығын, ақынжандылығын көрсетіпті. Баршакүл деген ауылдағы замандасымен қауышқанда:
Баршакүл, сұлулығың мақтадайсың,
Жақсы болсаң, көңілге дақ салмайсың.
Қай жерімнен дұшпаным кемітеді,
Бетегеде отырған датқадайсың,
– деп көрісіпті».


Рақымовтың ақынжандылығын жары Құралайдың қазақ телевизиясына жазылып қалған бейнесін көргенде де байқадық. Құралай апамызға орысшалап:
Казахстан край родной,
Я вернусь к себе домой.
Когда вернусь степь родной,
Пешком обойду, Куралай, с тобой,
– деген екен.

РОЗА БАҒЛАНОВАНЫ ТАНКІНІҢ ҮСТІНЕ ШЫҒАРЫП ӘН САЛДЫРҒАН САБЫР
«1945 жылы Роза Бағланова майдан даласында өнер көрсетіп жүріп, Сабыр Рақымовтың дивизиясында болады. Сол кезде Рақымов Розаның қазақ екенін біліп: «Бұл менің қарындасым екен!» – деп құрмет көрсетіп, танкінің үстіне шығарып ән салдырады. Майдандағы қазақ ағайындарды жинап, кішігірім той өткізеді. «Жауынгерлерді рухтандыруға келген өнер тобы көңілді жұмыс жасадық. Біздер жаудың жауып тұрған оғына да қарамастан сарбаздардың көңілі үшін небір әсем әндерді орындадық. Күніне үш реттен концерт қойсақ та, шаршауды білген жоқпыз. Себебі, әйгілі Сабыр Омарұлының дивизиясында ән айту мен үшін үлкен бақыт еді. Оның қоластында нағыз ерлер ғана болатын», – дейді Роза Бағланова өз естелігінде. Сол кезде әлі күнге дейін көзі тірі Кеңес Одағының батыры Тоғанбай Қауымбаевқа: «Міне, біздің қарындас!» – деп қазақша таныстырып, қазақша сөйлесіп, жанына отырғызып, қонақ еткен. «Генералдың өнерге жақын екенін біздің әрбір салған әнімізді ынтамен тыңдап, кейбіреулеріне қосылып отырғанынан байқадым. Тағы бір есімде қалғаны – ән салғанымда мені танкінің үстіне шығарып қойды. Сонда әнді бар ықыласыммен айтып едім», – депті Роза апай». Бұл Әкім Ысқақтың айтқаны.

САБЫРДЫҢ ҰРПАҒЫ ҚАЙДА ЖҮР?


Әкім Ысқақ Рақымовтың отбасы жөнінде тағы да былай дейді: «Шерхан атай Сабырдың алғашқы әйелі Мәкира татар қызы болғанын айтқан. Бірақ Мәкираны құжат бойынша Әмина деп атап кеткен. Сабыр Рақымов тәрбиеленген балалар үйінің директоры Хасанов деген кісі болған. Ол кісі Сабырға оң көзімен қараған. Ал Әмина сол Хасановтың қызы. Сабыр мен Әминаның арасында бала болмағасын ажырасады. Кейбір деректер Әмина екеуінің арасында Ыдырыс деген бала болғанын айтады. Ол 7 жасында қайтыс болып кеткен екен.
Екінші жары Құралай Натуллаевадан бір ұл, бір қызы болған. Құралай апамыздың Сабыр Рақымовты танытудағы еңбегі зор. Майданда күйеуінің жанында бірге жүрген. Ұлдарының аты Рахметолла (оны Роман деп атап кеткен), қыздарының есімі – Дарико. Дариконы арнайы іздеген ешкім жоқ. Ол әкесінің майдандас досының баласына тұрмысқа шыққан деседі. Солай Ресей жерінде қалған».
Ал Құралай апаның өзімен дидарласып, сұхбаттасқан Лұқпан Бәшенов басқашалау дерек келтіреді: «Менің білуімше, Құралай апай Сабыр Рақымовтың екінші жұбайы. Бірінші жұбайынан бір ұл, бір қыз бар. Ұлы Мәскеу қаласында тұрады. Қызы Дарико орыс генералы Батовтың келіні. Қазіргі кезде Аман Төлеев басқарған Ресейдің Кемер облысының тұрғыны.
Құралай апайдың аузынан «бала тудым» деген сөзді естіген емеспін. Өмірінде құрсақ көтермеген жан. Бірақ Сабырдың Роман деген баласын ертіп, біздің мектебімізге кездесуге келген», – деп нықтайды сөзін.

ҚҰРАЛАЙ ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАЛАЙ КЕЛДІ?


Құралай Натуллаеваның елге оралуының өзі бір аңыз. Әркім әртүрлі сөз өрбітеді. Бір тарап Бауыржан Момышұлы елге оралуына септігін тигізді десе, екінші жақ Момышұлының бұл іске ешқандай қатысы жоқ деседі. Әкім Ысқақтан естіген әңгімеміз мынадай: «Бауыржан Момышұлы Сабыр Рақымовты «ағам» деп, қатты мойындаған. Баукең Мәскеудегі академияның тыңдаушысы болып жүргенде, Рақымов екеуі жиі кездесіп тұрыпты. Оқуын бітірген соң Момышұлы Сабыр атамыз бен Құралай апамызды арнайы қонақ етіп, Ташкенге шығарып салған екен. Құралай апа: «Вокзалдан бізді Мәлік Ғабдуллин мен Сабырдың бауыры атанған Бауыржан Момышұлы қарсы алды. Сөйтіп, төртеуміз Алматыға тартып кеттік. Бұл генералдың туған жердің ауасымен тыныстауға мүмкіндік алған ең соңғы сапары екен. Генерал соны сезгендей пойызбен кетіп бара жатқанда, Бауыржанға да, Мәлікке де елжіреп қарай берді. Қазақстандағы халықтың әл-ауқатына, тұрмыс-тіршілігіне, салт-дәстүріне қызығушылық білдіріп, қайта-қайта тәптіштеп сұрады. Халық ауыз әдебиетімен сусындап өскен қос қаламгер Бауыржан мен Мәлік те қарулас достарына, тіпті ағасындай болып кеткен Сабырға өздері білетін барлық мән-жайды жарыса айтып отырды. Бала күнінен батырлар жыры мен ертегілерге қатты әуестенген Сабыр олардың сөздерін ынты-шынтымен тыңдаудан жалықпады. Ал Бауыржан мен Мәлік тереңнен толғап, жырауларша ой шертті», – дейді.
Соғыстан кейінгі жылдары Құралай апамызға қатысты біраз әңгімелер болды. Ташкенде ол кісіге барлық жағдайды жасағанмен, қапаста ұстағандай қатаң бақылауда болған. Құралай апамыздың мықтылығы – радионың тікелей эфирінде: «Сабыр Рақымов – қазақ!» – деп жариялап жіберген.
Бауыржан Момышұлы Құралай апамызды арнайы іздеп барып, елге көшіріп алуға көмектескен. Бірақ Өзбекстанның ресми билігі араласып, Құралай Натуллаеваны кері қайтарып алады. Кейіннен Дінмұхамед Қонаев Қазақстанға қайта оралуына ықпал етеді».
Құралай Натуллаеваның елге оралуы жөнінде екінші тарапты тыңдағанда, жүрегіміз шым ете қалды. «Біз соншалықты бейқам халық екенбіз ғой» дейсің еріксіз: «Құралай апай туралы ерекше ештеңе айта алмаймын. Өйткені, мен көргенде, ол кісі қартайып, бір сөзінен бір сөзі ауытқып кеткен еді. Соғыс кезінде тұтқынға түскен адамға өткенді еске алу оңай емес. Ол кісі азапты көп көрген. Соғыстан кейін Сабыр Рақымовтың қазақ екенін дәлелдеумен алысып өмірден өтті. Өзбекстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ташкеттен бір түнде көшіріп, басқа бір облысқа орналастырған. Жағдайының бәрін жасаған. Өзбектердің бір ғана талабы – Сабырдың ұлтының кім екені туралы ешкімге тіс жармау керек болған. Бірақ, Құралай апай Қазақстанға қашып келіп, Алматының іргесіндегі біреудің тауық кепе сияқты жаман саяжайында жалғыз өзі бірнеше жыл тұрыпты. Алтыншаш Жағанова көші-қон басшылығында жүргенде, сол кездегі Алматы қаласының әкімі Храпуновқа арнайы хат жазып, оралман ретінде Құралай апамызға үй алып беруге көмектескен екен.
«Бауыржан Момышұлы Құралай апамызды елге көшіріп алып келіпті» деген жаңсақ сөз болуы мүмкін. Бірақ, Баукең Сабыр мен оның әйелін қатты құрметтегені рас», – дейді Лұқпан Бәшенов.

ҚҰРАЛАЙДЫҢ ШЫҚҚАН ТЕГІ ҚАНДАЙ ЕДІ?
Өмір бойы күйеуінің аманатына адал болған, Сабыр Рақымовтың қазақ екенін дәлелдеуге бүкіл ғұмырын сарп еткен Құралай Натуллаева да тегін жердің қызы емес екені айдан анық. Текті жерден шыққан адам ғана тектілік танытады емес пе? Ол туралы Әкім Ысқақтан сұрағанымызда: «Шерхан ақсақал Құралай Натуллаеваны Ташкенде өскен деген. Ол Әліби Жангелдиннің қызы екен. Қазақтың текті азаматының ұрпағы болғандықтан да шығар, Құралай апа өзінің мықтылығын паш етті. Генерал басқарған дивизияның медициналық бөлімінің жауынгері болған. Құралай апамыз қазақтың аяулы қыздарының бірі. Өмірінің соңына дейін күйеуінің атын көкке көтерген адал жар Құралай ападай-ақ болсын. Өзбек ағайындар Құралай ападан қатты қорыққан. Өйткені, одан Сабырдың қазақ екенін кез келген сәтте дәлелдеп, құпияны ашып қоюы мүмкін деп сескенген. Өзбекстанның Орталық партия комитеті де, Қауіпсіздік комитеті де бақылауда ұстаған. Арнайы үй беріп, содан аттап басқан ізін аңдып отырған», – дейді.
Құралай Натуллаеваның бізге жеткен экрандағы бейнесінде: «Ұзын біреу келе жатты. Сонда әкем: «Мына дию кім?» – деді. «Бұл – Сабыр деген қазақ», – деді Ақбаев. Папам танысып-біліскен соң: «Мынау менің қызым. Осыған бас-көз боласың. Сен Ұлы жүзсің, мен Орта жүзбін», – деді. Сонда Сабыр: «Мен сізді білемін, қара қыпшақ Қобыландының ұрпағысыз. Мақұл», – деп, мені тоқал қылып алды», – деп қысқаша қайырады.
МИЫНА МИНА ЖАРЫҚШАҒЫ ТИГЕН…
Сабыр Рақымовтың ең жақын ағайындары туған жерінде тұрады. Біз Рақымовтың туыстарын іздеу барысында Нұрдәулет Құраловты тауып, ол кісіден де біраз жайдың мәнін білдік. «Сабыр басқарған дивизия Данциг (Гданьск) қаласын азат ету ұрысына кірісіп кеткен. Балтық теңізіне шығар жолдағы бұл қаланы фашистер бар күшімен қорғаған. 1945 жылы 25 наурыздың түніндегі ұрыстан жеңіс нышанын байқаған дивизия басшылары таңертең командалық пункт алдында жеңісті жалғастыру жайында пікір алысып тұрғанда, олардың қасынан бірінен соң бірі үш снаряд жарылады. Сонда Сабырдың сол көзінің қабағынан өткен жарықшақ миын зақымдаған екен. Содан өзіне келе алмай, соғыс бітуге 40 күн қалғанда, 1945 жылдың 26 наурызы күнгі түскі сағат 1-дің шамасында 43 жасына қараған шағында өмірден өткен. Сүйегі Ташкенттегі бауырластар зиратына жерленген», – дейді Құралов.
ҚАЗАҚ САБЫРДЫ БАТЫРЫМЫЗ ДЕП МОЙЫНДАДЫ МА?
«Қазақстан бойынша үш әскери мектеп-интернат бар. Бірі – Алматыдағы Б.Момышұлы атындағы мектеп, екіншісі Қарағандыдағы Т.Бигелдинов атындағы мектеп. Үшіншісі Шымкентте орналасқан. 2000 жылы Шымкенттегі мектепке директор болып келгенімде, ол мектепке ешқандай тұлғаның аты берілмепті. Халық өзі Суворов мектебі деп атап кеткен екен. Оған Қазақстанның оңтүстік, батыс аймағының балалары келіп оқиды. Сол мектепке Сабыр Рақымовтың есімін берерде де көптеген кедергілер болды. ҚР Қорғаныс министрлігінен арнайы рұқсат алу қиынға түсті. Себебі, Мәскеуден шыққан «Кеңес Одағының батырлары» энциклопедиясында Сабыр Рақымов өзбек деп жазылған. Біздің әскери адамдар соны оқып алып, мойындамады. Қазақстаннан шыққан Кеңес Одағының батырлары энциклопедиясына да С.Рақымов енбей қалған. Өзіміздікілер Сабырды өзбек деп өзектен тепті. Әсілхан Оспанов зерттеген құжаттарды апарып, әрең дегенде Сабырдың қазақ екенін дәлелдеп, Шымкенттегі әскери мектепке батырдың атын бердік.
Бүгінде Шымкентте С.Рақымов атында үлкен көше, Жеңіс саябағында 7 метрлік еңселі ескерткіш бар. Ұлы Отан соғысына қатысқан оңтүстікқазақстандықтар тізіміне есімі жазылған. Өзі туылған ауыл қазіргі кезде Сабыр Рақымов атымен аталады. Он жылдан бері Оңтүстік Қазақстан облыстық спорт басқармасы еркін күрестен С.Рақымов атындағы халықаралық жарыс ұйымдастырып келеді». Бұл Лұқпан Бәшеновтің санамалап берген дерегі.

P.S. Әкім Ысқақ: «Сабыр Рақымов туралы Қазақстанның оңтүстік өңірі ғана білетін шығар. Ал Солтүстік, Шығыс, Батыс жағы біледі деу әлі де ертелеу. Қазақтың кез келген азаматы Сабыр Рақымовтай керемет батырымыздың бар екенін біле бермейді. Рақымов туралы көркем, деректі фильмдер түсіріп, оқулыққа енгізсе, нұр үстіне нұр болар еді», – дейді. Астана қаласында Сабыр Рақымов көшесі бар. Енді Алматыдан да көше атауын беру артық емес. Шымкенттіктер ғана шулап қоя беретіндей, шынында да, Рақымов бір өңірдің ғана батыры емес. Ол барша қазаққа ортақ тұлға. Олай болса, ел болып Сабыр Рақымовтың ұрпағын неге іздемейміз? Бәлкім, әкелерінің өмірі жайлы тың деректерді Роман мен Дарико білетін шығар… Тасбауыр болып барамыз-ау осы біз…

Жадыра НАРМАХАНОВА
«Ақ желкен» журналынан

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста